The Spirit оf Tengri-2016 фестивалі
Биылғы фестивальды Башқұрстанның «Арғымақ» этно-рок тобы алғашқы болып бастады. Осымен Алматыға үшінші жыл қатарынан келген топқа Ринат Рамазанов (оң жақта) жетекшілік етеді. Топ өнерпаздары Алматы көрерменіне танылып үлгерген шығармаларымен бірге жаңаларын да әкеліпті. «Арғымақ» тобы музыкалық шығармаларды симфониялық оркестрлермен бірге орындауға да көп көңіл бөледі.
Алматыға башқұрттар биыл кеңейтілген құрамда – өздерімен бірге дауылпаздар тобын ала келіпті.
Көрермендер концертті сахнадан үш метрдей жерден өтетін қоршау сыртынан тамашалады.
Алматыдағы фестивальге алғаш рет қатысып отырған Ресейдің Саха республикасынан келген «Айархаан» тобы бұған дейін Астанада өнер көрсеткен. Саха елінің ұлттық киіміндегі үш қыздың хомус (шаңқобыз) ойнаған өнері көрерменді тәнті етті. Олар хомус дыбысымен әртүрлі құстардың үнін салды. Өткен 14 жыл ішінде өнер ұжымы ресейлік және халықаралық байқаулар мен фестивальдерден жиырмаға жуық жүлде иеленген. Суретте: топтың негізін қалаған әрі көркемдік жетекшісі Альбина Дегтярева.
The Spirit оf Tengri-2016 фестивалі ашылуында оған қатысушы түрлі өнер ұжымдары шағын композицияны бірге орындады. Олардың арасында осы фестиваль хэд-лайнерлерінің бірі – Ресейдің Тыва республикасынан келген «Хуун-Хуур-Ту» тобы да бар. Көмеймен ән салу өнерімен әлемнің көптеген елдеріне танылған бұл топ Алматыдағы дәстүрлі фестивальге осымен төртінші рет қатысып отыр.
«Хуун-Хуур-Ту» тобының ту сыртында «Барабаны Алматы» жобасының қатысушылары ойнап тұр. Сол жақтағы - жобаның негізін қалаған Данил Квочкин.
Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, былтыр фестивальдың екі кешіндегі шоу-бағдарламаны 20 мың адам тамашалаған. Биыл шараға келген жұрттың мөлшеріне қарағанда, бұл жолы да соншама көрермен жиналатын тәрізді.
Фестивальге Қазақстаннан қатысып жатқан «Алдаспан» тобы көпшілікке 2011 жылы алғаш рет электр-домбырамен ән-күй орындап танылған. Биылғы концертте бұл топ екі халық әні мен Ахмет Байтұрсыновтың махаббат туралы әнін орындады.
Эстонияның Trad.Attack! тобы фестивальге осымен екінші жыл қатарынан қатысып отыр. 2014 жылы негізі қалған топ осы кезге дейін Эстонияның ең үздік тобы ретінде сыйлыққа да ие болған. Бұл топ өткен ғасырдың 50-ші және 60-шы жылдары өнер көрсеткен әншілердің мұрағаттағы шығармаларын қайта өңдеп көпшілікке ұсынып жүр. Суретте: сол жақта - Йальмар, оң жақта - Сандра, олардың сырт жағында - барабаншы Тыну.
Балалардың ішіндегі ептілері қоршаудың баспасөз өкілдеріне арналған аймағына да өтіп кетті.
Түркиялық Baba Zula тобы (20 жыл бұрын құрылған) The Spirit оf Tengri фестиваліне осымен үшінші жыл қатысып отыр. Әдетте рок-психоделикалық әндерді этникалық музыка элементтерімен қосып орындайтын топ фестивальдің алғашқы күні ең соңында өнер көрсетті.
Фестивальге қатысушылардың өнерін тамашалаған көрермен жұрттың алған әсерін олардың жүзінен байқауға болады.
Бұл жолғы фестиваль тақырыбы ЮНЕСКО күнтізбесіне енген және биыл атап өтілетін Алматының 1000 жылдық мерейтойына арналған. Сондықтан, сахнадағы үзіліс кездерінде дыбыс зорайтқыш құралдар арқылы қаланың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мағлұматтар берілді.