Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі төңірегіндегі пікірталасты доғаруға шақырды

Өскемен. 9 желтоқсан 2024 жыл.

Өскемен. 9 желтоқсан 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV ұлттық құрылтай отырысы кезінде бірыңғай уақыт белдеуі төңірегінде туындаған пікірталасқа қатысты пікірін айтты.

Ол "арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ" деді.

"Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сонымен бірге мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ" деді ол.

Осы аптада үкімет зерттеу бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халық денсаулығына кері әсер етпегенін көрсетіп отыр деп мәлімдеген. Бірақ зерттеуге сілтеме жарияланған жоқ.

2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан аумағында UTC+5 біртұтас уақыт белдеуі енгізілген. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 12 облыс (батыс өңірдегі төрт облыстан басқа) уақытты бір сағат артқа жылжытты. Шенеуніктер бұл өзгеріс ондаған жылдар бойы "уақыт жылжытқаннан" бұзылған адам ағзасының биологиялық ритмін қалпына келтіру мақсатында, оған қоса бизнес процестерін жақсарту және тасымалдауды үйлестіруді жеңілдету үшін жасалды деп түсіндірді.

Қазақстанның шығысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге жұрт наразы болды. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жазда таңғы екіден кейін жарық түсетінін, қыс мезгілінде сағат 15.00-де қас қарая бастайтынын айтып шағынды. Бұған қоса қазақстандықтар электр энергиясын тұтыну бұрынғыдан артқанын, кейбіреулер тез шаршап, өзін әлсіз сезінетінін айтты.

Қазақстандықтар уақытты қайтадан бұрынғы қалпына келтіру туралы петицияға қол жинауды бастаған. Оны қостағандар көбейіп, петицияны үкімет қарауына қажет 50 мың қол тез арада жиналған. Алайда үкімет петиция авторларының талабын қабылдамады.

Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшу шешімі күшінде қалатынын мәлімдеп, бұл шешім ғылыми зерттеулерге негізделгенін айтты, бірақ ол нақты қандай зерттеулердің негізінде қабылданғанын түсіндірген жоқ.

2025 жылы қыста Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында мемлекеттік мекемелер жұмысты бұрынғыдан бір сағат ерте бастауға көшті.