Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет кодексіне қол қойды деп хабарлады Ақорда сайты сенбі күні.
"Құжат қаржыны бақылауды күшейту мен тиімділікті арттыруға бағытталған" деп айтылады. Жаңа кодекс мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін де арттыруы тиіс.
Ақорда хабарламада құжат жеті түрлі бағыттағы реформаларды қамтитынын жазып, әрқайсысына жеке тоқталған.
"Бюджет процестерінің мерзімдері мен кезеңдері қысқартылды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігін едәуір кеңейту есебінен блоктық бюджет элементтері енгізілді" деп жазылған хабарламада.
Ресми ақпаратқа қарағанда, мемлекеттік органдарға бюджеттік бағдарлама шығыстарының 15 пайызы көлеміндегі қаражатты дербес басқару құқығы берілген. "Мемлекеттік органдар биыл жұмсалмаған бюджет қаржысын келесі жылдың қаңтар айынан бастап пайдалана алады. Бұл шығыстарды үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді".
Бұған қоса, құжат мемлекет қаржысын бақылаудағы парламенттің өкілетін күшейтеді.
"Мемлекеттік кепілдіктерді, мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін, үкіметтік борыш лимитін және жергілікті атқарушы органдар борышын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыз лимитін парламент қарастырып, бюджет туралы заңмен бекітеді" деп жазылған хабарламада.
Онда құжат Ұлттық қор қаражатын сақтауға бағыталғаны жазылған.
"Ұлттық қорды пайдалану президент бекіткен мақсатты бағдарлармен шектеледі. Қордың қаражатын ішкі қаржы құралдарына салуға рұқсат етілмейді. Бұл ақшаны бюджеттен тыс пайдалануға жол бермейді. Ұлттық қордың нысаналы трансферті тек жалпыхалықтық маңызы бар нысандар мен жобаларды қаржыландыруға ғана пайдаланылады. Ол үшін тиісті критерийлер енгізілді" деп жазылған.
Құжат елде бюджет тапшылығы артып, оны Ұлттық қор есебінен жабу құбылысы жиілеген шақта қабылданып отыр.
Үкімет Ұлттық қордағы активті 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткіземіз деп жоспарлаған. 2024 жылдың желтоқсан айында қордағы ақша 60,8 млрд болды. Былтыр Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке алынған қаржы шикізат сатудан түскен ақшадан асып түсті.