Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эр-Риядта өтіп жатқан One Water саммиті кезінде мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған ғаламдық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
3 желтоқсанда өткен су және су тапшылығы мен оны үнемдеу мәселелеріне арналған One Water саммиті БҰҰ -ның шөлмен күрес жөніндегі конвенциясы (COP16) тараптарының 16-сессиясы аясында өткен.
– Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн, – деді Тоқаев саммитте.
Тұщы судың қайнар көзі саналатын мұздықтардың Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанда да еріп жатқаны айтылып жатады. Алайда Ақордаға сенсек, Тоқаев саммитте олар жөнінде айтпаған.
Қазақстан басшысы өз сөзінде әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отырғанын, 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырап отырғанын айтты. "Суда шекара" болмайды деген Тоқаев әлем елдері "осында сын-қатерлі кезде бірігіп қимылдауы керек" деген.
"Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі" деді Тоқаев.
Қазақстан басшысы су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау ісінде технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдану қажеттігін алға тартқан. Су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу жөнінде айтқан.
– Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шнде жүрген мемлекеттердің диалогты жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті. Осы мақсатқа сәйкес, Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді, – деді Тоқаев.
Кей сарапшылар Орталық Азияда климаттың өзгеруі әсерінен құрғақшылықтың күшеюі аймақ қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткен. Арнайы зерттеуге сүйенген сарапшылардың пікірінше, егер климаттың өзгеруі әсерінен мұздықтар еріп, аймақта су қоры сарқылатын болса судың бас жағындағы Тәжікстан мен Қырғызстан және төменде орналасқан Өзбекстан, Қазақстан мен Түркіменстан арасында суға бола жанжал шығуы ықтимал. Мұндай нәрсеге жол бермес үшін тараптар өзара әріптестікті дамытып, су саясатын жетілдіруі керек.
Дүниежүзілік банктің болжамынша, ғасыр соңына қарай Орталық Азияда ауа температурасы 4 градусқа көтеріледі, соның салдарынан көшкін мен тасқын, құрғақшылық жиілеп, жел күшейеді. Стокгольм бейбітшілік институтының деректеріне сүйенсек, ыстық ауа райы азық-түлік пен су мәселесін қиындатып, тұрғындардың толқуына түрткі болуы мүмкін. Әлеуметтік проблемалар жанжалдың өрістеуіне себеп болады.
Соңғы 30 жылда климаттың өзгеруі нәтижесінде Орталық Азияда ауа температурасы 0,5 градусқа көтеріліп, салдарынан аймақ тұрғындары құрғақшылық зардабын тарта бастаған.
Ғалымдардың сөзінше, әлемде табиғи апаттарының 90 пайызы суға қатысты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сырдария мен оның бойындағы тіршілікті қалай құтқаруға болады? Сарапшымен сұхбат