Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлесті. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Тоқаев Трампты президент болып сайлануымен құттықтаған.
"Саясаткерлер сауда, инвестиция салаларында және ядролық қаруды таратпау бағытында стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екендерін растады. Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді" деп жазылған хабарламада.
Екі елдің басшылары "екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау мақсатында ұдайы байланыста болуға уағдаласқан".
"Украинадағы соғысты 24 сағат ішінде бітіруге" уәде беріп, халықаралық қауымдастық болашақ әкімшілігінен бейбітшілік жоспар күтіп отырған сәтте Трамптың Тоқаевпен Украинадағы ахуалды талқылағаны-талқыламағаны белгісіз.
Сарапшылардың пікірінше, Ақ үйге Трамп оралғаннан кейін де АҚШ-тың Қазақстанға және Орталық Азияға қатысты саясаты жақында өзгере қоймайды. Осыған дейінгі екіжақты байланыс жалғаса бермек, С5+1 форматы сақталады, экономикалық санкциялар аймақтағы үкіметтерге, саясаткерлерге салынбайды. Орталық Азия мен Қазақстан Вашингтонның сыртқы саясатында "екінші қатардағы" бағыттардың бірі болып қала береді дейді сарапшылар.