«Трабантқа» - 60 жыл

Қырғиқабақ соғыс жылдарында Шығыс Германияда болат тапшылығы үлкен проблемаға айналған еді. "Халық көлігін" жасау тапсырмасын алған инженерлер болат пайдаланудан басқа амал табу керек болған.

Инженерлер көп ұзамай дуропласт материалын жасап шығарады. Дуропластты мақта қалдықтарын шайырға шылап, ыстық төстің астынан өткізу арқылы жасайды. Дуропласт қатты әрі жеңіл, түсі жылдар бойы оңбайтын материал болып шыққан. 

"Трабанттың" қаңқасы металдан жасалып, оған дуропласт панельдері бекітілетін болған. Көліктің тағы бір ерекшелігі бензин соратын құрылғысы жоқ еді, жанармай карбюраторға өзі ағып баратын. 

Коммунистік билік жобаны құптаған бетте көлік өндірісі жолға қойылды.  

Дуропластпен жасалған көлік конструкциясы өте қарапайым еді. Онда қозғалатын бес қана құрылғы болды. Ал моторының салмағы 40 килограммнан аспайтын.

Көліктің өзі 600 килограмнан сәл ғана асатын. Екі цилиндрлі моторы бар машина қала көшелерінде ойыншық сияқты көрінетін.  

1960 жылдардың ортасында түрлі-түсті "Трабанттар" Шығыс Германия көшелерін толтырып жіберген. 

Кейбір "Трабанттар" тіпті экспортқа шығарылған. Бірнеше машина Исландияға да жетті. "Трабант" өндірісі 1991 жылы тоқтады. Осы уақытқа дейін 3,5 миллионнан астам "Траби" жасалды. 

Германия Демократиялық Республикасында (ГДР)  "Трабант" міну мақтаныш болған. Оның құны азаматтардың бір жылдық табысымен бірдей еді. Ал кезек күтуге кейде 10 жыл кететін.

Социалистік блок елдерінің экономикасы жыл өткен сайын құлдырай берді. Ал "Трабант" дизайнындағы кішкентай өзгерістің өзі құрастыру линиясы мен дуропласт престерін тоқтатып тастайтын. Батыс елдері мен Жапония көліктері жыл сайын өзгеріп шығып жатқанда, "Трабанттар" ондаған жылдар бойы өзгермеді.  

"Трабанттар" ел есінде көк түтін шығаратынымен қалды. Олар жүрген жерде түтін көтеріліп тұратын. Көп жүргізушілер бензинге мотор майын қосатын, олар осы арқылы моторды күтіп ұстаймыз деп ойлайтын. Май қосқан сайын түтін де қоюлана беретін.

1980 жылдардың соңында "Трабанттар" Еуропада коммунистік империя символына айналды. Кремльдің тас құрсауы босаған сайын шекарадағы бақылау да әлсіреді. "Трабант" сөйтіп Батыс елдеріне де бара бастады. 

Берлин қабырғасы құлағанда Берлин көшесіндегі көк түтінді " еркіндік рухы" деп атаған.

Шығыс Германия тұрғындарының көпшілігі "Трабанттарды" еркіндікті тұншықтырудың символы санайды. Кейіннен олардан құтылу сәнге айналды. Кейбір көліктерді иелері далаға тастап кетті.  

Дуропласт панельдерін утилизациялау қиын болып шықты. Кейде көлік қаңқасындағы темірді сату үшін оларды алып тастайтын. Мына бір румын отбасы "Трабанттың" темір қаңқасын өткізуге апара жатыр.  

Кей "Трабанттың" тағдыры тіпті қызық. Мына бір "Траби" Германияның Нойруппин қаласында құстың ұясына айналған.

"Трабант"-лимузин.

Кейінірек, коммунистік жүйенің озбырлығы ұмыт бола бастаған шақта, "Трабанттар" орала бастады. Әлемде осы машиналарды жақсы көретіндердің клубтары пайда болды. 

Берлинде тіпті "Трабант" бизнесі жолға қойылды.  

"Трабантқа" қойылған ескерткіш те бар. Бұл ескерткіш Прагадағы Германия елшілігінің ауласында тұр. Берлин қабырғасы құлаған соң Прагаға (Чехия астанасы - ред.) ГДР-дың төрт мың азаматы қашып келіп, елшілік ауласында жатып саяси баспана сұрады. Оларға баспана берілді, бірақ босқындардың "Трабанттары" үйлерінде қалған еді. 

1991 жылы жасалған соңғы "Трабант" ашық қызыл түске боялып шықты. Оны зауыттан бірден музейге әкеткен. "Тарабант" иелерінің бірі чех радиосына айтқандай, "Германияда "Трабанттан" басқа көлік соншалық мол эмоция тудыра алмайды".