Трамп АҚШ Ресейдің бітім жайлы шарттарын қарастырып жатқанын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Ресейдің Қара теңізде бітім орнатуға байланысты қойған бірнеше талабын қарастырып жатқанын мәлімдеді.

"Біз қазір олардың барлығын ой елегінен өткізіп жатырмыз. Ол бес не алты шарт", – Трамп 25 наурызда Ақ үйде өткен брифингте осылай айтты деп хабарлады CNN.

АҚШ президенті бұған қоса Ресей мен Украина арасындағы атыс-шабысты тоқтату мүмкіндігі жайлы пікір білдіріп, АҚШ тарапы Мәскеумен және Киевпен бұл мәселелердің егжей-тегжейін талқылап жатқанын айтқан.

АҚШ-тың ресми өкілдері наурыздың 23-і мен 24-і күндері Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында Украинаның және Ресейдің делегацияларымен кездескен. 25 наурызда Ақ үй Еуропада өзара соғысып жатқан Украина мен Ресей Қара теңізде атысты тоқтатуға және энергетика нысандарына шабуыл жасауды доғаруға келісіп отыр деп мәлімдеді.

Кремль Ресей жағы Россельхозбанкке салынған санкциялар алынып, Ресей банктері SWIFT жүйесін қайта қосылатын болса және азық-түлік пен тыңайтқыштар өндірушілерді, оларды сыртқы нарыққа шығаратындарды және тасымалдаушыларды санкциядан босатқан жағдайда ғана атыс-шабысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтегі брифингінде Ақ үйдің мәлімдемесі жарияланғаннан кейін атыс-шабысты тоқтату мораториясы дереу күшіне енуі мүмкін екенін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бітім туралы келіссөз жүріп жатқанда Ресей зымыран атып, 100-дей адам жараланды