Трамп пен Путин осы аптада сөйлеседі деген хабар тарады

Дональд Трамп, Владимир Зеленский және Владимир Путиннің суреттерінен коллаж

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты бейбіт жолмен тоқтату және бітімге келу мәселесін талқылау үшін осы аптада сөйлесуі мүмкін. Бұл туралы жексенбі күні CNN арнасы эфирінде Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф айтты. Ол жақында Мәскеуде болған және оған дейін Сауд Арабиясында Украина делегациясымен өткен келіссөзге қатысқан.

Уиткофф Мәскеуде Ресей президенті Путинмен "позитивті" келіссөз жүргізгенін және екі ел президенттерінің алдағы әңгімесі де "жақсы әрі оңды" болады деп үміттенетінін айтты. Ол Вашингтон мен Мәскеудің ұстанымдары "жақындап келеді" деп сипаттады. Уиткофф Путинмен бірнеше сағат сөйлескенін, өзінде Ресей басшысы Украинадағы атысты тоқтату қажеттілігі туралы Трамптың "философиясын қабылдаған" сыңайлы деген пікір қалыптасқанын айтты. Уиткоффтың пікірінше, бұл мәселеге байланысты келісімге алдағы бірнеше аптада қол жетіп қалуы мүмкін.

Жиддадағы кездесуден кейін

Өткен аптада АҚШ пен Украина делегациялары Сауд Арабиясының Жидда қаласында келіссөз өткізіп, Киев Вашингтонның ұсынысына – Ресеймен соғысты 30 күнге толық тоқтату туралы бітімге келуге келіскен. Ұсыныс бойынша, мұндай бітімнің мерзімі ұзартылуы мүмкін.

Путин бұл идеяны принципті түрде жоққа шығарған жоқ, бірақ Мәскеудің бірқатар талабымен байланысты "кейбір нюанстар" барын айтқан.

Әзірге екі тарап атысты тоқтату туралы ешқандай бітім жасаған жоқ, Украинада соғыс жалғасып жатыр. Киев Мәскеуді бітімге келуге құлықсыз және қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қарсы деп айыптап отыр.

Украинаның Ресей басып алған аумақтары

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц жексенбі күні ABC арнасының сұрақтарына берген жауабында егер Ресей бітімнен бас тартса, АҚШ оған қысым жасауы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Бұған қоса Уолтц бейбіт процесте Украинаға да белгілі бір талаптарға көнуге тура келеді деп мәлімдеді. Атап айтқанда, әңгіме Украина қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болу үшін бірқатар аумақтардан бас тартуға келісуі керектігі жайлы болып отыр. Уолтц ол нақты қандай аумақтар екенін ашып айтқан жоқ. Украина басшылығы Ресей басып алған аумақтардан заңды түрде бас тартуға үзілді-кесілді қарсы, бірақ әскери жолмен оларды қайтару идеясынан бас тартуға келісуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Британдық The Independent газеті жексенбі күні украиналық дереккөздерге сүйеніп, Украина қалай болғанда да Ресейге қосымша аумақтар беруге келіспейді жазды. Бұған дейін Владимир Путин Украина Ресей өз құрамына қосып алғанын жариялаған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын берсін деген талап айтқан. Қазіргі уақытта майдан сызығы осы аумақтар арқылы өтеді, бірақ олардың ешқайсысы толықтай Ресейдің бақылауында емес.

Украинаның НАТО-ға кіруі жайлы

Бұл жайттарға қоса, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц Украинаның НАТО құрамына кіру мүмкіндігін "өте аз" деп айтты, АҚШ пен олардың одақтастары да осы пікірді қолдайды.

Киев НАТО-ға қосылу идеясынан ресми түрде бас тартқан жоқ және әскери-саяси альянстың құжаттарында Украина болашақта оған қосылады деп жазылған, бірақ оның іске асатын нақты мерзімі көрсетілмеген.