АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп Париждегі келіссөзден кейін әлеуметтік желіде Украинадағы соғыста адам шығыны 1 млн адамға жеткенін айтып, қантөгісті дереу тоқтату қажеттігін жеткізді. Оның жазбасы Truth Social платформасында жарияланды. Трамп жазбасында адам шығыны туралы мәліметті қайдан алғанын нақтыламаған.
Дональд Трамптың сөзінше, Украинадағы соғыста екі жақтан жараланғандар мен өлгендерді қосқанда 1 млн адамға жеткен. Ол қантөгісті дереу тоқтатып, екі жақ келіссөзге отыруы керек деді.
Ол жексенбі күнгі жазбасын әуелі Сириядағы жағдайдан бастаған. Ол Башар Асад режимі құлағанын, Ресей Украинадағы соғыспен "әуре болып жатқандықтан" бұл жолы Мәскеудің оған көмектесе алмайтынын айтқан.
Оның сөзінше, Украина мен оның басшысы Владимир Зеленский бейбіт келіссөзге дайын.
"Атысты дереу тоқтатып, келіссөз бастау қажет. Қанша адамның қаны бостан-босқа төгілді, қаншама отбасы бұзылды. Егер бұл жалғаса берсе, бұдан да күрделі және бұдан да ауқымды нәрсеге айналуы мүмкін" деп жазды Трамп.
7 желтоқсанда Трамп Парижде Украина президенті Владимир Зеленский және Франция басшысы Эммануэль Макронмен кездескен. Кездесу шамамен 35 минутқа созылды.
Зеленский кездесуден кейін әлеуметтік желідегі парақшасында оның "жақсы әрі өнімді" өткенін жазған.
"Өзіміздің адамдар туралы, майдандағы жағдай мен Украина үшін әділетті бейбітшілік туралы сөйлестік. Бәріміз соғыстың тез әрі әділ түрде біткенін қалаймыз" деді ол.
Сайлауалды кампаниясы кезінде Трамп Украина президенті мен АҚШ-тың Киевке әскери көмегін қатаң сынаған. Бір мезетте ол соғысты аяқтау жоспары барын да айтқан. Бірақ әлі күнге дейін соғысты аяқтау жоспарын таныстырған жоқ.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті ұлттық қауіпсіздік кеңесі штабының бұрынғы жетекшісі генерал Келлогты Украина және Ресей бойынша арнайы уәкіл ретінде тағайындайтынын айтқан.
2024 жылы маусымда Келлог Мәскеу мен Киевті келіссөзге мәжбүрлеу жоспарын ұсынған: егер Украина бас тартса, әскери көмекті қысқартуды ұсынған; ал Мәскеу бас тартса Украинаға әскери көмекті арттыру қажеттігін айтқан. Келіссөз кезінде тараптар атысты тоқтатып, қазіргі майдан сызығында қалуы керек.
Трамп өзінің соғысты тоқтату жоспары Келлогтың ұсынысына сәйкес-сәйкес еместігін айтқан жоқ.
Украина осыған дейін Ресей Украина жерінен әскерін толық әкетпейінше келіссөзге бармайтынын айтқан. Жуырда Зеленский соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға келісуі мүмкін екенін, Киев орыс әскері басып алған жерді дипломатиялық жолдармен қайтаруға күш салуы мүмкін екенін айтқан.
Ресей билігі әзірге Трамптың мәлімдемесіне реакция білдірген жоқ. Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында "Киев НАТО-ға қосылудан бас тартып, ел аумағындағы батыстың әскери базаларын жауып, шетел әскерімен бірлескен әскери жаттығуларды тыйған кезде" мәселені "бейбіт жолмен шешуге болады" деген.