Трамп жеті агенттікте қысқарту жүргізу туралы жарлыққа қол қойды. Арасында USAGM де бар

Азат Еуропа/Азаттық радиосының ғимараты

АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуге бағытталған "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойды. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.

14 наурызда кешке қол қойылған жарлық баспанасыз жүргендер, еңбек дауы және қауымдастықтардың дамуымен айналысатын мекемелерге де қатысты.

"Осы бұйрық шығарылған күннен бастап 7 күн ішінде [қол қойылған құжатта] көрсетілген әрбір мемлекеттік органның басшысы басқарма және бюджет басқармасының директорына осы бұйрықтың толық орындалуын куәландыратын және мемлекеттік органның қандай құрамдас бөліктері немесе функциялары, егер олар бар болса, заңнамада көзделген және қандай дәрежеде көзделгенін түсіндіре отырып, есеп ұсынсын" деп жазылған жарлықта.

Жарлық жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң ақпарат құралдары Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыруға бағытталған Конгресс мақұлдаған гранттың тоқтатылғаны жөнінде USAGM-нің хатын таратты.

Хатқа қызметін USAGM-нің бас директоры міндетін атқарушының аға кеңесшісі ретінде көрсеткен, бас директордың міндетін атқарушы қызметі жүктелген Кари Лейк қол қойған.

Трамп Лейкті "Америка дауысының" жетекшісі қызметіне ұсынған. Десе де, оның кандидатурасын хабар тарату жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес (International Broadcasting Advisory Board) мақұлдауы керек.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры Стивен Капус грантты тоқтату "Американың жауларына үлкен сыйлық болатын болды" деді.

"Ирандағы аятоллалар, қытайлық коммунистік басшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар 75 жылдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының таратылғанын тойлайтын болды. Қарсыластарымыздың қолына жеңісті тапсыру оларды күшті етіп, Американы әлсіретеді" деді Стивен Капус мәлімдемеде.

"Біз Азат Еуропа/Азаттық радиосының даңқты тарихында екі партияның қуатты қолдауына ие болып келгенбіз. Бізсіз, апта сайын шынайы ақпарат алу жағынан бізге зәру жабық қоғамдардағы шамамен 50 млн адам Америка мен әлем жайлы шындыққа қол жеткізу мүмкіндігінен айырылады" деді Капус.

USAGM — апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде хабар тарататын жаңалықтық ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі.

USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі 950 миллион долларды құрайды. Бұл оның барлық операциялары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін қажет. Олардың қатарына «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы», «Америка дауысы», «Азат Азия» радиосы, Кубаның хабар тарату кеңсесі (Radio Marti), Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат құралдары кіреді.

Бірінші президенттік мерзімі тұсында Трамп пен USAGM арасында редакциялық тәуелсіздік және бағдарламалар бағыты бойынша келіспеушілік болған. Екінші мерзімге қызметке оралғаннан кейін Трамп үкімет шығынын қысқарту үшін бірнеше қадам жасады.

Хабар тарататын ұйымдарды жақтаушылардың айтуынша, аталған агенттікке қарасты ұйымдар - Америка дипломатиясының маңызды тетігі.

Бұйрық USAGM-нен басқа, Федералдық медиация және келісім қызметіне, Смитсон институтының Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығына, Мұражай және кітапхана қызметтері институтына, АҚШ-тың баспанасыздық жөніндегі ведомствоаралық кеңесіне, Қоғамдастықты дамыту қаржы институттары қорына және Азшылықтардың бизнесін дамыту агенттігіне бағытталған.