Американың Лас-Вегас қаласында Trump International қонақүйінде Cybertruck көлігіндегі жарылысты ұйымдастырушы шабуылға дайындалу кезінде генеративті жасанды интеллект ChatGPT-дің көмегін пайдаланбақ болған. Бұл жөнінде Лас-Вегас аймақтық шерифіне сүйенген KNSV арнасы жазды.
Жарылыс 1 қаңтарда болған. Электр пикапы қонақүйдің әйнек есігінің маңына тоқтаған. Көліктен түтін шығып, ізінше жарылыс болған. Көлік жүргізушісі қаза болды. Жеті адам жеңіл жарақат алған. Көліктің ішінен пиротехника және жарылғыш заттар табылған.
Күдікті 37 жастағы "Жасыл берет" (АҚШ қарулы күштерінің арнайы жасағының бейресми атауы) сержанты Мэттью Ливельсбергер – жарылыс алдында өзін-өзі атқан деп хабарлады жергілікті коронер. Көлік жалға алынған. Әскери қызметкер демалыста болған, оның бөлімі Германияда шоғырланған. Оның телефондарының бірінен алты беттік манифест табылған, бірақ мәтіні жарияланбады.
Ливельсбергер жарылысты ұйымдастыру үшін ChatGPT-ден ақпарат іздеген. Ол көрші Колорадо штатынан заң бойынша қанша жарылғыш зат сатып алуға болатынын және тапанша арқылы жарылғышты іске қосуға бола ма деген сұрақтарға жауап іздеген. Штаттың орталығы Денверде ірі қару-жарақ дүкені бар.
Шериф кеңсесінің хабарлауынша, бұл нейрожелінің көмегімен әзірленген АҚШ-тағы алғашқы белгілі оқиға. Ақпаратқа қарағанда, Ливельсбергер оны іздеу торабы сияқты пайдаланған және ондай ақпараттарды өзге де әдістер арқылы таба алған болар еді дейді мамандар.