Диктатордан құтылған Туниске енді кедейлік пен ИМ тиді

Маброук Муаффак ИМ шабуылдаған кезде оққа ұшқан қызы Сараның фотосына қарап, оның салған суреттерін парақтап отыр.

Тунис – «Араб көктемі» нәтижесінде қалыптасқан жалғыз демократиялық мемлекет. Оған қоса бұл – Ирак пен Сирияның бірқатар жерін соғыс алаңына айналдырған «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымын шетелдік содырлармен ең көп қамтамасыз етуші ел.

Маброук Муаффак ИМ шабуылдаған кезде оққа ұшқан қызы Сараның фотосына қарап, оның салған суреттерін парақтап отыр.

– Ол жай ғана қаза тапқан жоқ, шейіт болды, – дейді Муаффак Бен-Гардан қаласына экстремистік топ шабуылдаған кезде опат болған 7 адамды еске алып: – Олар Бен-Гардан ғана емес, бүкіл Тунистің символы.

Оңтүстік-шығыстағы шөл далада орналасқан қала тұрғындары ИМ жасағымен соғысқандарын мақтанышпен еске алады, бірақ бұл шабуыл Тунис үшін алаңдауға тұрарлық. Кем дегенде 6 мың тунистік жауынгер Сирия мен Ирактағы радикал топтың қатарын толықтырды, солардың 15 пайызы Бен-Гардан қаласынан барған.

Бұндай деректі үкімет пен ұйымдар үшін барлау жүргізетін Soufan Group тобы келтіреді. Олардың біразы (оның ішінде Бен-Гарданға шабуылдаушылар да бар) Ливияда жаттығудан өткен. Үкіметі жоқ, қару қоры мол Ливия ИМ үшін өте ыңғайлы, солайша олар мақсатын жүзеге асыру үшін Туниске келді.

ИМ мен үкімет әскері атысқан маңдағы мешіттің жанынан өтіп бара жатқан әкелі-балалы тунистіктер.

БАЛАСЫНЫҢ АЗАБЫН ТАРТҚАНДАР

Қазір Тунис үкіметі қауіпсіздікті күшейтіп, ИМ-ге өтушілерді азайту жолында жұмыс істеп, ал тұрғындар теріс әсерімен күресіп жатыр.

Муаффак 16 жасар қызының жазықсыз екенін біледі. Бірақ Тунистің солтүстік-шығысындағы қала тұрғыны, бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Олфа Хамроунидың уайымы зор. Ол маусымда Сусса қаласына жақын туристік курортта жарылыс болғанын естігенде Ливиядағы ИМ-ге қосылуға кеткен үлкен екі қызын ойлап қиналды. Екі қызының кішісі Рахманың өлімін көру анасына өте ауыр тиер еді.

Олфа Хамроуни ИМ-ге қосылып кеткен екі қызының суреті басылған газетті ұстап тұр.

– Шабуыл жасағандардың тізімін көргенде ғана көңілім жайланды. «Құдай мені жақсы көрсе, олар шабуыл жасайтын болса, басқа жақта – Ливия немесе Сирияда шабуылдасын, Туниске келмесін» деп дұға жасадым. Қыздарымның бөлшектеніп жатқан денесін көрсем, қатты қиналатын едім, – дейді ол.

Хамроуни төрт жыл бұрын қазір 17 жастағы қызы Рахма мен 18 жастағы Гофранның үй қасындағы діни орын шатырына жиі барып жүргеніне қуанған еді. Қыздары қиқар жасөспірімнен тақуа мұсылманға айналды, қара киіммен беттерін тұмшалап, екі сіңілілерін мектепті тастап, өздеріне ілесуге шақырды. Уақыт өте келе Хамроуни қыздарының өзіне бағынуды қойғанын байқады.

Олфа Хамроуни ИМ-кет кеткен қыздарының фотосының алдында тұр.

2014 жылдың шілдесінде Хамроуни балаларын алып, үй қызметінде жұмыс жасау үшін Ливияға келді. Алдымен Гофран үйден кетіп, ИМ-ге қосылды. Хамроуни Туниске оралып, Рахманы полицияға бергенін айтады, бірақ ол босап шығып, Ливиядағы әпкесіне қосылған. Кейін екі қызды Ливияда ИМ-ге қарсы күштер ұстап алады. Хамроуни күзетшілердің жомарттығы арқасында телефонмен жиі сөйлесіп тұрғандарын айтады.

Хамроуни қыздарының әсіредіншілге айналғаны туралы ашық айтады, қолына қыздарының автомат ұстап тұрған суреті бар тунистік газеттің қиындысын ұстап алған. Қазір ол қыздарын теріс жолға салған үгітшілерді тапқысы келеді. Ол Тунистің оңтүстік-шығысынан 45 минуттық жерде орналасқан Морнаг қаласындағы жұпыны үйінде қолындағы екі қызы мен ұлын жіті бақылайды.

– Адамдар мұндай мәселені құпия ұстап балаларын қорғап жүрміз деп ойлайды. Бірақ ол керісінше нәтиже береді. Мен басымнан өткен тәжірибем арқасында көптеген адамдардың ойын өзгерте аламын, – дейді Хамроуни.

Олфа Хамроуни қасында қалған кішкентай қыздарымен бірге тұр.

ЕСКЕРТУ МАҚСАТЫНДА ТҮСІРІЛГЕН ФИЛЬМ

Мұндай пікірдегі жандар сирек кездеседі. ИМ-ге қосылған ұл-қызы бар көптеген ата-ана полицияның бақылауына ілінбеу үшін үнсіз қалады.

Бір адам Тунис барлау қызметінің аға мүшесі болғанын, бір күні белгісіз біреу хабарласып, ұлының 2014 жылы Сирияның Латакия қаласындағы соғыста қаза тапқанын хабарлағанын айтады. Жұмыссыз қалмау үшін аты-жөнін жасырған азамат Тунистің адам көп жолында сөйлесіп тұрып, таныстармен кездесіп қалмау үшін жалтақтап қарап қояды. Оның ұлы Сирияға кетпей тұрып Стамбулға барыпты. Айына бір рет үйіне қоңырау шалып тұрған, әр уақытта әртүрлі нөмірден хабарласқан. Әкесі Тунистен кетпей тұрып ұлын тоқтата алмағанына налиды. Қазір оның денесін тапсам деп үміттенеді.

– Мен террорризмге қарсы күресетін арнайы қызметте істеймін, ал ұлым ИМ-ге қосылды, – деп күйінеді ол кісі.

Ливиядан контрабандалық жолмен жеткен жанармайды сатып отырған тунистіктер.

Ол жалғыз емес. Жақында ғана, маусымның 28-і күні Стамбулдағы Ататүрік әуежайында террорлық шабуылдан тунистік офицер мерт болды. Бригадалық генерал Фатхи Байоуд әскери госпитальде дәрігер болып істейтін, ол ұлын ИМ-нен қайтару үшін Түркияға аттанған еді.

Журналист Зухейр Латиф ИМ өзін халифат деп жарияламай тұрған 2013 жылы Сирияда хабар түсіріп, Тунистен адам тарту жағдайы кең тарағанын анықтады. Ол бірнеше тунистік әскеридің Сирия түрмесінде отырғанын естіп, оларға баруға рұқсат алады. Оның сұхбаты Тунистің Telvza телеарнасынан және ВВС арнасынан «Бизерта үшін шайқас» деген атпен берілді.

Деректі фильм эфирге шыққан соң Латиф өзіне көп адам хабарласып, «Түрмеден баламды көрмедің бе?» деп сұрағанын айтады. Ол 20 шақты ата-анамен бірге Дамаскіге қайта барған. 58 жастағы Рабиа Амар – сол ата-ананың бірі. Ол ұлы Мохаммедтің 2012 жылы Ливияға жұмыс іздеймін деп кетіп, хабарсыз кеткенін айтады.

Тунис тұрғындары.

Рабиа Амар баласын өлді деп ойлап жүреді, бірақ Латифтің деректі фильмінен оның экстремистік әскерилерге қосылмақ болғаны үшін түрмеге түскенін біледі. Ол ұлын көру үшін Латифпен бірге Дамаскіге барады.

– Ол шаршаған, жағдайы ауыр екен. Мен қолымнан келгенін істедім. Жергілікті БАҚ-пен сөйлестім, ештеңе өзгермеді. Оның дауысын естігім келеді. Қысқа қоңырау шалсам деймін, ол маған бәрі жақсы деп айтса деймін, – дейді ана.

Амар мамырдың 29-ы – Тунистегі Аналар күні 30 шақты ата-анамен бірге астана театрының алдына жиналып, үкіметтен балаларын қайтаруды талап етті. Қара киім киген Мохамед Игбел Бен Режеб есімді адам адамдарды бір жерге жинады. Ол бауырының радикалдармен бірге соғысу үшін Сирияға кеткенін, бірақ оны кейін қайтарудың сәті түскенін айтады.

Үкіметтен ИМ-ге қосылып кеткен балаларын қайтаруды талап етіп тұрған тунистік аналар.

Қазір Бен Режеб шетелге кеткен тунистерді құтқару бірлестігін басқарады, Туниске оралған әсіредіншілдерді түрмеге қамамай, қайтадан дұрыс өмірге баулу керек дегенді насихаттайды. Журналист Латиф тунистік жастардың содырларға қосылуына елдегі төңкерістің басқа елдермен салыстырғанда тыныш өткені де әсер етті дейді.

– Құдайға шүкір, бізде Каддафи режиміне қарсы шыққан Ливия немесе Сириядағы жағдай тәрізді болмады. Көп адамдар біздегі төңкерістен соң Каддафи режиміне қарсы күрескендерді көріп, бұндай мүмкіндік бізде неге болмады деп өздерінен сұрады, – дейді Латиф.

СОДЫРЛАРҒА ҚОСЫЛУ СЕБЕПТЕРІ

Төңкерістен кейінгі алғашқы жылдарда, Латифтің айтуынша, Тунис жауынгерлері қауіпсіздік қызметінің әлсіздігін пайдаланып, басқа елдерге оңай өте беретін. Қазір 35 жасқа толмаған жастардың Түркия немесе Ливияға баруы үшін ата-анасының нотариалдық келісімі керек. ИМ-ге қосылуды мақсат еткендер көбіне осы екі ел арқылы өтеді.

Жас тунистіктер соғысқа тек шытырман оқиға, қызық іздеп барады деуге болмас. Елден жұмыс табудың қиындығы, 2011 жылғы төңкерісте үміті орындалмағандар да бар.

Тунистің шетіндегі адамдарды тарту орталығы Доуар Хичер маңында қой жайылып жүр. Бұл – шөл даладағы шағын ғана көгалды жер. Сол маңдағы бір әйел диктатор Зин әл-Абидин Бен Алидың заманын сағынатынын айтады, «ол жартылай қираған үйімнің қасына шағын бақша егуге көмектескен еді» дейді. Бен Али төңкеріс кезінде биліктен кетті.

Тунис қаласы маңындағы зиратта қой жайылып жүр.

ИМ наурыздағы шабуыл кезінде жеңіліс таппай тұрып, Тунис қауіпсіздік қызметінің 12 мүшесін өлтірді, ал шабуылда әскерилердің 52-сі қаза тапты. 80 мың тұрғыны бар кедей қала шағын өндіріспен және контрабандамен айналысады. Қазір ол гарнизонға айналған.

Шабуылға дейін Тунис әскері Ливиямен шекаралас аймаққа 200 километрлік қара жолдан тосқауыл салды, АҚШ көмегімен бақылау технологиясын орнатты. Тунис шабуылдан кейін екі аптадан соң Ливиямен қиылысар тұстағы шекарасын белгілеп, оны күшейтілген қызметпен қайтадан ашты. «Бұл жердің адамдары үшін қазіргі заман шындығы осы» дейді Тунистегі қауіпсіздік сарапшысы Давид Сантьяго. Бірақ ол Бен-Гардандағы жасырын радикалдар шекара қайтадан белгіленсе де, тағы бір шабуыл жасауы мүмкін дейді.

Қоқыс арасында жүрген тунистік.

КЕДЕЙЛІК ЖӘНЕ ИМ-МЕН КҮРЕС

43 жастағы Белгасем Боучнак Жалалдағы мешіттің мамырдың соңында оқ тиген ақ мұнарасы қасында серуендеп жүр. Шабуыл күні әскерилер мешіттен оқ атты, қауіпсіздік күштері оларға қарсы оқ жаудырды. Сол көшеде тұратын Боучнак атыс кезінде үйінде жүрелеп отырғанын айтады. Терезеден ол содырларды көріпті, біразын таныған.

– Біреуі шаштараз болатын, енді бірі зәйтүн сататын. Тыңшылар тобы ұйымдастырса, тағы да шабуыл болатын шығар, – дейді ол.

Қазір Белгасем балаларын мектепке жалғыз жібермейді.

Көшеде кетіп бара жатқан тунистік жастар.

Бен-Гарданның көптеген тұрғыны ИМ-нен емес, кедейліктен қатты жапа шегіп жүргендерін айтады. Шекараны жапқан соң жергілікті билікке қарсы шерулер болды.

Интернет-кафелердің бірінде үш жас жұп компьютердің мониторына телміріп отыр. 24 жастағы клиент Бен-Гардандағы жағдайды «нөл» деп сипаттайды. Ол қалыңдығымен бірге Facebook парақшасын қарап отыр. Ең жоғарғы постта Тунис картасы мен одан шығып кетуге ұмтылған адамның суреті тұр.

Қалада жұмыс жоқ. Жеңіл арбасы арқылы кілем импорттаған жігіт шекаралық бақылаудан соң жұмысы тоқтағанын айтады. Ол есімін айтпайды.

Кеш түскенде 50 жастағы Саад Жабала мен 50 жастағы Хусейн Хашейши ұсақ тастардан дойбы тәрізді ойынды ойнайды. Олардың арт жағында қоқыс толы дала жатыр. Олардың ойынын бақылап отырған бір досы қаланың кедейлігі емес, жетістігіне көңіл аударғысы келеді.

– ИМ жасағының моласы Бен-Гарданда қалады дейді ол. Олар осында өледі, – дейді тұрғын.

Даниелла Чеслоудың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.