Ердоғанның Өзбекстанға сапары: Түркияның Орталық Азияға жақындағаны Мәскеудің шамына тие ме?

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ташкентке ресми сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қарсы алды. 29 наурыз 2022 жыл

АҒАЙЫН ҺӘМ АРААҒАЙЫН

Наурыздың 29-ына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған екі күндік ресми сапармен Өзбекстанға келді. Сапар барысында екіжақты қарым-қатынасты тереңдету жайы талқыланып, он шақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде әскери келісім де бар. Ердоған Түркияның қорғаныс саласындағы өнеркәсіпті дамыту бағытында үлкен потенциалы бар екенін, оны Өзбекстанмен бөлісуге даяр екенін айтқан.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезіндегі бұл сапар Мәскеудің ықпал аймағына бағытталғандығымен де ерекше. Өзбекстан бейтарап болуға тырысқанымен, негізінен халықаралық құқыққа сай Украина жерінің тұтастығын жақтайды. Жалпы, Орталық Азия (ОА) елдерінің ешқайсысы соғысты ашық қолдамаған және соғыс алдында өз тәуелсіздігін жариялаған Украина шығысындағы, Мәскеу қолдайтын "ЛХР, ДХР" құрылымдарының тәуелсіздігін мойындамаған.

НАТО мүшесі Түркия – Ресейге жарияланған санкцияларға қосылмайтынын жариялаған. Түріктер осындай жағдайда Мәскеу мен Киев арасында келіссөз өткізуге араағайын болып отыр. Ердоған Ташкентте сапары алдында Стамбулдағы Ресей-Украина келіссөзін ашып берген еді.

Түркия президенті Ташкенттен өзге, түркі мәдениетінің астанасы ретінде жариялаған Хиуа қаласына да барып, тарихи жәдігерлерді аралап көрді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ташкентте кездесіп тұр. 29 наурыз 2022 жыл

ҰЙЫМ ОРТАҚ, МҮДДЕ ҚАНДАЙ?

Түркия Түркі елдері ұйымына мүше мемлекеттерге әртүрлі деңгейде көмек көрсетіп келеді. Таулы Қарабақ мәселесінде Түркияның Әзербайжанға әскери тұрғыда қолдау білдіргені белгілі. Анкара Әзербайжан мен Түрікменстанның Каспий теңізіндегі кеніштерге байланысты ұзақ жылға созылған дауын да шешуге себепші болған.

Өткен жылдың соңында Қырғызстан Түркиядан ұшқышсыз басқарылатын "Байрактар" құралын сатып алды.

Түркі елдері ұйымының тағы бір мүшесі Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде Түркия ерекше алаңдады. Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар "Қазақстан қандай өтініш білдірсе де көмек көрсетеміз" деген. Бұған қоса Түркия парламенті де арнайы декларация қабылдап, Қазақстанға қолдау көрсеткен. Ал Түркі елдері ұйымы сыртқы істер министрлері дәрежесінде кезектен тыс жиын өткізіп, Қазақстандағы оқиғаны талқылаған.

Бұл кезде Қазақстан президенті елдегі жағдайды ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы) мүшелерімен талқылап, ұйымның әскери күштері Қазақстан шақыртуымен бірнеше күн елде болып қайтқан.

Түркі елдері ұйымы (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мүше) 2009 жылы Түркі кеңесі ретінде құрылып, 2021 жылы қазіргі атауына ие болды. Өзбекстан – ұйымға 2018 жылы қабылданған жаңа мүше. Түрікменстан мен Венгрияның бақылаушы мәртебесі бар. Түркі елдері ұйымына қоса, Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры және Түркі іскерлік кеңесі жұмыс істейді.

Түркі елдері ұйымының алғашқы шетелдік өкілдігі 2014 жылы Украинада ашылды. Украина бұл ұйыммен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін айтып келеді.

Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстан тәуелсіздік алғаннан кейін Түркиядағыдай латын әліппесіне көшкен. Қазақстан 2025 -2031 жылдар аралығында латын әліппесіне көшпекші. Аймақ елдері баспасөзінде ауық-ауық ортақ әліппеге қоса, түркі бірлігін дамыту және Тұран одағын құру идеясы туралы айтылады.

"СТРАТЕГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМА" КЕЗІНДЕГІ САПАР

Түркия президентінің Өзбекстанға сапары – бұрын жоспарланған шара. Бұл туралы Азаттыққа пікір білдірген өзбекстандық сарапшы Камолиддин Раббимов сапардың айрықша маңызға ие екенін айтады.

- Сапар өзгерген жоқ, геосаяси жағдай өзгерді. Постсоветтік кеңістікте Ресей Украинаға соғыс бастаса, қаңтар айында Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болды. Қазақстандағы оқиға кезінде Путиннің рөлі арта түсті. Бұл Түркияны алаңдатады. Түркияның геосаяси жобасы бар, ол – Түркі елдері ұйымы. Ғаламдық істерде Түркия түркі елдерімен одақтасса, өз ықпалы арта түсетінін тамаша түсініп отыр,- дейді сарапшы.

Камолиддин Раббимовтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан ҰҚШҰ мүшесі бола тұра Түркиямен ынтымақтастыққа мүдделі. Түркия да бұл екі елдің ҰҚШҰ құрамында болуы "уақытша" екенін жақсы түсінеді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жұбайымен бірге Өзбекстаннан қайтып бара жатыр. 30 наурыз 2022 жыл

- Түркия президентінің Өзбекстанға сапары Ресейдің стратегиялық проблемасы туындаған кезге тұспа-тұс келді. Түркия мен Ресей – Кавказда, ОА-да және Сирияда өте қатты геосаяси бәсекелес. Сөйте тұра екеуінің арасында әлдебір саяси ойын жүріп жатыр, - дейді сарапшы Азаттыққа.

Камолиддин Раббимов Ташкент пен Анкара арасында қол қойылған қорғаныс саласындағы келісімнің ашық айтылмау себебін былай түсіндіреді.

- Тараптар Мәскеудің шамына тигісі келмейді. Осы деңгейдегі қатынас Қазақстан мен Түркия арасында әлдеқашан орнап қойған деп ойлаймын. Менің ойымша, әскери салада Қазақстан-Түркия қатынасы Өзбекстан-Түркия қатынасынан әлдеқайда кеңірек, - дейді сарапшы.

"МЕНТАЛЬДЫ АЙЫРМАШЫЛЫҚ"

Камолиддин Раббимов Тұран әскері, Түркі одағы тәрізді ұрандардың өміршеңдігін жоққа шығармайды.

- ОА Түркиямен байланысқа барынша мүдделі. Өйткені Түркия әскери держава екенін дәлелдеді. Сондықтан Түркияның ОА-мен қатынасы өмірлік шарт. Тәжікстан тәрізді түркітілдес емес елмен де қатынасы жақсы. Тәжікстан Иранмен бір тілде сөйлесе де Душанбе - Тегеран байланысы Тәжікстан – Түркия қатынасы деңгейіне жете қойған жоқ. Сондықтан түркі одағының болашағы бар деп есептеймін. Алайда Ресейде билік басында Путин отырған кезде ол кешеуілдей береді, - дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

Қазақстандық әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов та осыған ұқсас пікірде.

- Қазақстандағы Қаңтар оқиғалары біраз мәселеге бөгет болды. Ресейдің Украинадағы әрекетінен соң Қазақстан Ресейден алшақтауы мүмкін. Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағындағы оқиғаларға Түркияның қолдау көрсетуі түркі одағының болашағы бар екенін көрсетеді. Ендігі мәселе Украинадағы соғыстың қалай аяқталуына байланысты шешіледі, - дейді Ермек Сейітбатталов Азаттыққа.

Қазақстандық саясаттанушы Мұхит Асанбаев ОА элитасы Түркиямен жақындасуға дайын емес деп есептейді. "Бір ағаның қолтығынан шығып, екінші ағаның қолтығына тығылу – Өзбекстанға жат. Ал Қазақстанда ресейшіл мүдде басым" дейді ол.

- ОА елдері мен Түркия қоғамының ментальды тұрғыда өте үлкен айырмашылығы бар. Түркия мен ОА елдерінде құндылықтар қағидасы әртүрлі. Түркияда құндылықтар әлдеқашан жүйеленіп қойылған. Ал ОА елдері өздеріне төмен баға беріп үйреніп қалған. ҰҚШҰ бар кезде аймақ елдері Ресей ықпалынан шыға алмайды. Бірақ Украинадағы соғыс Ресей әскеріне басқа түрлі шығындармен қоса, үлкен имидждік нұқсан келтіріп отыр. Қытай да, Түркия да Ресейдің әлсіреуінен өз мүддесін көреді, - дейді Мұхит Асанбаев Азаттыққа.