Заңсыз саудаға АХАЖ қызметкерлерінің де қатысы бар. Олар туу туралы куәлікті қолдан жасап, асырап алушы жұпты баланың биологиялық әке-шешесі етіп көрсетеді. Бұл әдіс заңсыз, бірақ адамдар осы қадамға баруға мәжбүр, себебі заң жолымен асырап алу процесі бюрократиялық кедергілерге толы.
Осы жағдайдан хабардар азаматтар бала асырап алу процесіне қатысы бар мемлекеттік мекемелердің жемқорлыққа батқанын, мұның ата-аналарды "арзан әрі жылдам" нұсқаны іздеуге итермелеп отырғанын айтады.
"ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСЫ БАР ӘРБІР ШЕНЕУНІК ПАРА СҰРАП, ПРОЦЕСТІ ӘДЕЙІ СОЗҒАН"
Азаттықтың Түркімен қызметі 2020 жылы бала асырап алған ерлі-зайыптымен сөйлесіп көрді. Олар осы жолда заңсыз амалға жүгінгенін, 4300 доллар пара бергенін мойындап отыр.
Анонимдік шартымен сөйлеген ерлі-зайыпты баланы заң жолымен асырап аламын деп үш жыл жүгіргенін, ешқандай нәтиже көрмегенін айтады.
Көптеген өзге елдегідей Түркіменстанда да бала асырап аламын деушілерден ата-ана жүгін көтере алатынын дәлелдейтін көптеген құжат талап етеді. Сәбилі болған отбасының отағасы барлық құжатты жинап, мемлекеттік мекемеге өткізгенін, бірақ мекеме басшысының пара сұрап, процесті қасақана созғанын айтып отыр.
Осыдан кейін АХАЖ қызметкері оған бір амал ұсынған. Ол бұларға "перзентханаға барып, жаңа туған сәбиді асырап ал" деген.
— Перзентханада нәрестені асырап алуға болатынын естіген едім. Бірақ танысым болмады... Ал АХАЖ қызметкері перзентхана дәрігерінің аты-жөнін айтып, көп сұрамайды деді, — дейді отағасы.
Ерлі-зайыпты перзентхана дәрігеріне жүгінген, дәрігер тастанды деген баланы ұсынған. Көп ұзамай олар нәрестенің ата-анасы атанған. Сөйтіп заңды айналып өткен.
АХАЖ қызметкері оларға туу туралы куәлік алуға көмектескен. Құжаттарда енді олар сол сәбидің биологиялық ата-анасы ретінде көрсетілген.
Мұның бәріне бұл екеуі 15 мың манат немесе ресми курс бойынша 4300 доллар жұмсаған. Бұл – жалақы деңгейі өте төмен саналатын Түркіменстан үшін елеулі қаражат. Алайда ерлі-зайыпты жиған-тергенін қуана бергенін айтады.
Олар баланың осы бір амалмен асырап алынғанынан сөкеттік көрмейді.
— Жеме-жемге келгенде, баланы тастап кетті. Оны балалар үйіне жіберуі мүмкін еді... Үйге әкелгенімізде, бұл біздің ең бақытты күніміз болды. Әрине, бәрін заң жүзінде рәсімдегіміз-ақ келді, — дейді әйелі.
Ерлі-зайыпты парақор шенеуніктердің басқа амал қалдырмағанын айтады.
БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ЕСЕЙІП ҚАЛҒАН БАЛАНЫ ҰСЫНАДЫ, АЛ АТА-АНА НӘРЕСТЕНІ АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ
Азат Еуропа/Азаттық радиосы ерлі-зайыптымен маусым айында сөйлесіп, содан бері түркімен үкіметіне осы жағдай туралы бірнеше мәрте сауал жолдады. Бірақ әзірге ешқандай жауап келмеді. Орталық Азияның ең жабық елі саналатын Түркіменстанда шенеуніктер әдетте тәуелсіз басылымдармен сөйлеспейді.
Дегенмен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бір өкілі анонимдік шартымен сөйлесуге келісіп, перзентханаларда баланы заңсыз асырап алу үрдісі бар екенін растады.
Шенеунік бұл тәжірибені "баланы саудаға салу" деп бағалады.
— Бұл – кәдімгі бала саудасы... Бір сәбидің құны жүздеген мың манатқа жетуі мүмкін, деді шенеунік.
Бірақ ол да баланы заң жолымен асырап алудың қиын екенін, жүйені жемқорлық жайлағанын айтып отыр.
— [Асырап алудың] заңды процесінде олар ондаған мемлекеттік органға барып, әрқайсысына пара беруі тиіс. Адамдар мәселенің шешілгенін жылдар бойы күтуі керек. Сонымен қатар, балалар үйінде әдетте есейіп қалған баларды ұсынады, ал ата-ананың көбі жаңа туған сәбиді қалайды, — дейді шенеунік.
Фараб ауданындағы бір ерлі-зайыпты Азаттықтың Түркімен қызметіне бала асырап алу үшін 40 түрлі кабинетке барғанын айтты. Алайда содан бері үш жыл өтсе де, өтініші қанағаттанбаған.
Олар осы аудандағы бақуатты адамдардың 50 мың манат (шамамен 14 300 доллар) пара беріп, баланы өтініш бергелі төрт ай өткенде асырап алғанын айтады.
— Біз мұндай ақша табатын мүмкіндік жоқ, — деп шағынды ерлі-зайыпты.
Материалды әзірлеу барысында Азаттық радиосы Түркімен қызметінің материалдары қолданылды.