Түркіменстанда мектепте және жоғары оқу орнында оқитын оқушылар мен студенттерден Жаңа жыл мерекесін тойламайтыны туралы қолхат алып жатыр. Бұл туралы Мары уәлаятынан Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосының тілшісі хабарлады.
"Студенттерді "Жаңа жыл қарсаңында кафеде немесе үйде кеш ұйымдастырмаймыз, қалаға қыдыруға шықпаймыз" деп қолхат жазуға мәжбүрледі", – деді Азатлык радиосының дереккөзі.
Бұдан бөлек, студенттерді мереке күндері билік ұйымдастыратын іс-шараларға қатысуға міндеттеген. Талапқа бағынбаған студенттер оқудан шығарылуы мүмкін.
Бұған дейін Азаттықтың Түркімен қызметі қараша айында Ашғабаттағы орта мектептерде оқушыларға Жаңа жылды тойлауға тыйым салу туралы ескерту басталды деп хабарлаған. Білім министрлігінің әлдебір бұйрығына сілтеген оқытушылар оқушыларға достарымен я туыстарымен отырыс ұйымдастыруға болмайды деген.
Түркіменстандағы ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, Жаңа жылды тойлауға дайындық қарқынды жүріп жатыр, 14 желтоқсанда мерекелік басты шыршаның шамдары жағылмақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстанда жаңа жыл мерекесін тойлауға қарсы уағыз басталдыТүркіменстандағы барлық мерекені, соның ішінде Жаңа жылды да билік қатаң қадағалайды.
Былтыр мемлекеттік мекемелерге мерекелік шырша орнатуға, ал мектептер мен балабақшаларда жаңа жылдық шара өткізуге тыйым салынды.
Түркімен халқы Жаңа жылды отбасылық мереке деп санайды. Мерекеге байланысты 1 қаңтар демалыс күні деп саналады.
Түркіменстанда Жаңа жылды тойлауға байланысты қойылған қатаң шектеулер жаңа президент Сердар Бердімұхамедов келгеннен кейін байқала бастады деп жазды Азатлык радиосы. Түркімендер мұны кіші Бердімұхамедовтің консерватив көзқарасымен байланыстырады.
Сердардың әкесі Гурбангулы Бердімұхамедов президент болған тұста салтанатты кештер өткізіп, өзі ән шырқап, мемлекеттік арналардан көрсететін. Мемлекет мерекені жұрт қалай атап өтетінін қатаң бақылағанымен, кештер мен отырыстарға тыйым салған жоқ.
Гурбангулы Бердімұхамедов Түркіменстанды 15 жылға жуық басқарған. 2022 жылы наурызда биліктің қадағалауымен өткен сайлауда оның ұлы Сердар Бердімұхамедов жаңа президент атанды.
Азаттықтың Түркімен қызметі ел билігінен пікір алуға талпынып көрді, бірақ жауап алу мүмкін болмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстан билігі тойда экс-президенттің әнін қоюды міндеттеп жатыр