Түркиядағы наразылық кезінде 343 адам ұсталған

Наразыларды таратуға тырысып жатқан полиция. Стамбұл 20 наурыз 2025 жыл.

Наразыларды таратуға тырысып жатқан полиция. Стамбұл 20 наурыз 2025 жыл.

Түркия қалаларында Стамбұл мэрі, оппозиция жетекшілерінің бірі Экрем Имамоғлының ұсталуына қарсы наразылық жалғасып жатыр. Тыйымға қарамастан 21 наурызда елдің ірі қалаларында наразылар тағы жиналды. Бір күнде елде 343 адам қамауға алынды деп жазды Түркия ішкі істер министрі Әли Ерлікайға сүйенген "Неміс толқыны" сайты.

"Кеше кешке Стамбұл, Анкара, Измир, Адан, Анталья, Чанаккале, Ескішаһар, Конья және Едірне қалаларында өткен наразылық кезінде 343 күдікті ұсталды" деп жазды шенеунік X желісінде. Оның жазбасына комментарий қалдырған кейбір қолданушылар "Конституцияның 34 бабы бейбіт түрде еркін жиналу мен шеру жасау құқығына кепіл береді. Құрметті министр мырза, Конституция өзгерді ме?" деген сұрақ қойды.

Президент Режеп Ердоған наразылықты "көшедегі террор" және "хаос" деп атады.

dpa агенттігінің мәліметінше, Стамбұлда жұма күні демонстранттар Имамоғлыны босатуды ғана емес, үкіметтің отставкасын да талап еткен. Полиция жас ағызатын газ қолданған, шерушілер жарым түнге дейін тарамаған. Түркия билігі митинг мен шерулерге тыйым салса да, наразылар тоқтаған жоқ деп жазды ақпарат құралдары.

Politico сайтының жазуынша, жуырда Х желісі наразылық туралы хабарлама таратқан түрік белсенділерінің аккаунттарын бұғаттай бастаған. Желі мұны Түркия сотының шешіміне сүйене отырып жасаған тәрізді деп жазды басылым.

Түркия ішкі істер министрі 21 наурызда күштік құрылымдар "қылмысқа арандатқан" 326 адамды анықтағанын, 54 адам ұсталғанын хабарлаған.

Экрем Имамоғлыны полиция 19 наурызда ұстап әкеткен. Оған жемқорлық және қылмыстық ұйымға жетекшілік ету бабы бойынша айып тағылған. Anadolu агенттігінің жазуынша, саясаткерге қатысты терроризм ісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Оны Түркияда тыйым салынған Күрд жұмысшылар партиясын қолдады деп айыптаған. Анкара істің саяси астары барын жоққа шығарады.

Экреммен қатар жүзден астам адамды қамауға рұқсат берілген. 2028 жылғы президент сайлауына оппозиция атынан Экрем Имамоғлы қатысады деген ақпарат жарияланған шақта Стамбұл мэрі ұсталып отыр. Еуроодақ Имамоғлының ұсталуын айыптады.