Арқадағ – халқы кедей Түркіменстандағы бұрынғы президент атындағы жаңа қала

Жаңадан салынған Арқадағ қаласындағы балалар медицина орталығының ашылу шарасына Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің келуін күтіп тұрған балалар. 29 маусым, 2023 жыл.

Жаңадан салынған қала Түркіменстанды 2006 жылдан 2022 жылға дейін басқарған Гурбанғұлы Бердімұхамедовтің құрметіне "Арқадағ" (жебеуші деген мағынада) деп аталады. 2022 жылы президент лауазымын ұлына тапсырған ол билікке әлі ықпал ете алады, қазір елдің жоғарғы өкілді органы – Халық Маслахатын басқарады.

БАҚ өкілдеріне жаңа қалада жүруге бөлінген автобустың ішінен түсірілген фото.

Арқадағ қаласы ел астанасы Ашғабаттан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде салынған. Түркіменстанда баспасөз құралдарын мемлекет қатаң бақылауда ұстайды. Шетелдік БАҚ өкілдерінің елге кіруіне шектеу қойылған.

Журналистер мінген автобустан түсірілген тағы бір фотода жол бойында Түркіменстан туын ұстап тұрған адамдар бейнеленген.

Гурбанғұлы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға аса бай, алты миллион адам тұратын мемлекетті 15 жыл бойы, 2022 жылға дейін басқарды. Осы кезең ішінде елде оның жеке басына табыну дәстүрі қалыптасты.

Билік Арқадағ қаласында экологиялық таза транспорт құралдары: электробустар мен күн көзінен қуат алатын автокөліктер жүретін болады деп хабарлаған. Ресми тұлғалар 70 мың адам тұратын Арқадағ – елдегі бірінші "ақылды" қала болады дейді. Жаңа қаланы салуға 3,3 миллиард доллар жұмсалған.

Ұлттық киім киген адамдар салтанатты шараның басталуын күтіп отыр.

Табиғи газ қоры бойынша ең ай ел саналатын Түркіменстанда халықтың басым бөлігі өте кедей тұрады.

Жаңа қаланы ашу салтанатына шет мемлекеттердің ресми өкілдері де қатысты.

Түркімен ұлттық киімін киген әйелдер Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сыйға тартқан электромобильге ұннан шашу шашып, түтінмен аластап жүр. Ырым бойынша, ұн шашу – ырыс мол болуы үшін, ал түтінмен аластау – жамандық атаулыдан сақтану үшін жасалады.

Салтанатты шарада атпен өнер көрсетіп жүрген шабандоздар.

Жаңа қалада Гурбанғұлы Бердімұхмедовке ескерткіш орнатылған. Алтын түсті ескерткіште бұрынғы президент өзінің сүйікті аты – түркіменнің әйгілі ақалтеке сәйгүлігін мініп отырғаны бейнеленген. Бұл жануар 10 мерт жерді артқы екі аяғымен жүріп өткені үшін Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Парадта Түркіменстан туын, жасанды гүл мен ақ түсті шар ұстап кетіп бара жатқан адамдар.

Түркіменстан президенті 41 жастағы Сердар Бердімұхамедов жаңадан салынған Арқадағ қаласын ашу рәсімінде тұр.

Оның әкесі Гурбанғұлы Бердімұхамедов Сауд Арабиясына қажыға кеткендіктен, өз құрметіне аталған жаңа қаланы ашу салтанатына қатысқан жоқ.

Салтанатты шарада мінберде қол соғып тұрған ақсақалдар.

Гурбанғұлы Бердімұхамедов те, оған дейін мемлекетті басқарған Сапармұрат Ниязов (ол өзіне "Түркіменбасы" деген атақ алған) та елде жеке басқа табыну дәстүрін қалыптастырған. Оларды жер-көкке сыйғызбай мақтап-дәріптеу, ескерткіштер орнатып, есімін мәңгі қалдыруға тырысу – үйреншікті көрініске айналған.

Салтанатты шараға шақырылған қонақтарға жайылған дастарханға ас қойып жатқан даяшылар.

1991 жылы Совет Одағы тарағаннан кейін Түркіменстан тәуелсіз елге айналды. Содан бері мемлекетті билеген авторитар басшылар елде оппозицияны басып-жаншып, саяси алаңнан ығыстырды.

Кешкі қонақасыда меймандарға қызмет көрсетіп жүрген даяшылар.

Арқадағ қаласының ашылуына арналған шарада өнер көрсетіп жүрген әртістер.

Түркіменстан – әлемдегі тұйықталып, өзін оқшау ұстайтын аз мемлекеттердің бірі. Авторитар билік бар күшін салып бақса да, ел экономикасын әртараптандыруға қол жеткізе алмай отыр.

29 маусымда Түркіменстанда жаңадан салынған қала ресми салтанатпен ашылды. Орталық Азиядағы табиғи газға бай, халқы кедей мемлекетте миллиардтаған долларға тұрғызылған қала қазіргі президенттің әкесі, 15 жыл ел билеген Гурбанғұлы Бердімұхамедовтің құрметіне Арқадағ деп аталады.