Түркіменстанда ауыс-түйіс шамадан тыс көбейді

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Түркіменстан президенті әкімшілігінің басшысы Шамухаммед Дурдылыев пен Ашхабад әкімдігінің шенеуніктері қазір сары уайымға салынып жүрген тәрізді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов сәуірдің 15-і күні министрлер кабинетінің отырысында оларға сөгіс жариялады. Түркіменстанда президенттен сөгіс алу заманның жақсы күнінде өлім жазасына тең саналатын, ал қазір жағдай тіпті қиын.

Негізінен табиғи газды экспорттаумен күн көретін мемлекет Орталық Азияның басқа елдері тәрізді экономикалық қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Оған қоса, Ауғанстанмен шекаралас жерде әскери қақтығыс жиілеп, қауіп артып тұр, түркімен билігі оны көпшілікке жария етпеуге тырысады.

«АЙЫПТЫ» ШЕНЕУНІКТЕР

Осындай жинақталып қалған жағымсыз мәселелердің айыбын біреу арқалауы керек. Ал Түркіменстанда президент шексіз ықпалды тұлға ғана емес, ол әркез сүттен ақ, судан таза болуы тиіс. Елдегі қиындықтарға негізгі басшы ешқашанда жауап бермейді. Солайша биыл шенеуніктерді жазалау бұрынғыдан да қатая түсетін сияқты.

Танымал сарапшы Лука Анчески екеуміз жақында Twitter арқылы осы мәселені біраз талқылап, қашан, қанша шенеунік жұмыстан қуылғанын бақылап отырайық деп келістік. Доктор Анчески, покерде айтатындай «мен мұны бастап кеттім» (I’ll open).

Палван Таганов 2013 жылдың қыркүйегінен бері президент аппараты мен министрлер кабинетін басқаратын премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Бердімұхаммедов биыл ақпанның 5-і күні Тагановты қызметінен алып, оны «нашар шенеунік» деп атады.

Президент оған «Сіз басшылық жасаған министрліктер мен мекемелерде жұмыс тәртібі әлсіреген. Жоғары лауазымды тұлғалар арасында парақорлық көп, әсіресе, сауда және сыртқы байланыстар министрлігі құрылымдарында коррупция көбейген» деп ұрысты.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашхабад, 28 қаңтар 2016 жыл.

Түркіменстанда жұмыстан шығаратын адамды топ алдында қорлау бұрыннан бар, ал Бердімұхаммедов оған қоса, «Дәл қазір шығып кетіңіз» деп шенеуніктің жер-жебіріне жетті.

Бірнеше күннен кейін Таганов тұтқындалды. Оны осы мақаланың басында аталған, сөгіс естіген шенеунік Дурдылыев алмастырды. Ал сауда және сыртқы байланыстар министрлігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктер тағдыры не болмақ?

Сауда және сыртқы байланыстар министрінің орынбасары Ресулмурат Мередов ақпанның 2-сі күні, Тагановқа дейін қызметінен алынған еді. Сауда және сыртқы байланыстар министрі Баяр Абаев сәуірдің 8-і күні экономика және даму министрі Юлдаш Шериповпен бірге қуылды, оларға қоса салық агенттігінің басшысы Шатлық Хуммедов та қызметінен кетті. Бір қызығы оларды орындарынан босатқан Бердімұхаммедов «2016 жылдың 1-тоқсанында экономика жағдайы жақсы болды» деп мәлімдеді.

Наурыздың 2-сі күні ұлттық қауіпсіздік министрі Гуйчгелди Хожабердиев денсаулығына байланысты қызметінен босатуды сұрады. Қаңтардың басында Бердімұхаммедов оның жұмысын сынаған соң Хожабердиевтің қызметтен кететіні туралы сыбыстар шыққан еді. Ол бұл қызметке 2015 жылдың қазанында ғана тағайындалған, бұған дейін Бердімұхаммедовтың жеке қауіпсіздік қызметін басқарған болатын.

Бердімұхаммедов Хожабердиевтің өтінішін қанағаттандырды, содан соң шекара қызметінің басшысы генерал Мурат Исламовты қызметінен алды, ішкі істер министрінің орынбасары Яздурли Соегов пен миграциялық қызмет төрағасы Мейлис Нобатовқа сөгіс жариялады.

ЕНДІГІ КЕЗЕК КІМДІКІ?

Қаңтар айының басында Бердімұхаммедов еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бекмурат Шамырадовты қызметінен алып тастады, өнеркәсіп министрі Сапармұрат Оразмұрадовты да қызметінен босатып, басқа (қандай екені белгісіз) лауазымға тағайындады.

Жұмыстан шығару науқанынан мұнай және газ министрі Мухаметнур Халиев пен Лебап облысы губернаторы да аман қалмады. Қаңтар айының ортасында Әлідет министрі Бегмырат Мухамедов те сөгіс естіді, бірақ ол әзірге қызметінде отыр.

Міндетті жаттығу жасап тұрған Түркіменстан шенеуніктері. (Көрнекі сурет)

Жыл басынан бері орнынан алынған басқа шенеуніктер қатарында мемлекеттік статистика агенттігі басшысы Акмырат Мамедов (наурыз), премьер-министрдің мәдениет істері жөніндегі орынбасары Майса Язмухаммедова (сәуір), Ашхабад мэрінің орынбасары Г.Гараев (ақпан) және 12 аудан басшысы (қаңтар) бар.

Жұмыстан кету қаупі төніп тұрғандар қатарында қоғамдық қызметтер министрі Какагелди Гурбанов, Ашхабад мэрі Миратнияз Абилов пен Ашхабад бас прокуроры бар – олардың бәрі ақпан айында сөгіс алған.

Бұл тізімге қаңтарда президент қаһарына ілінген есірткіге қарсы күрес агенттігінің басшысы, мемлекеттік телеарналар, радио және кинематография басшысы, мемлекеттік сертификаттау агенттігі жетекшісін қосыңыз.

Бұлар тек жоғары лауазымды шенеуніктер. Басқа да жүздеген, тіпті одан да көп мемлекеттік және министрлік қызметкерлері жұмыстан кетті. Осының бәрі биылғы жылдың 110 күні ішінде болған жағдай. Жыл аяқталарға дейін 250-ден астам күн бар.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.