Бердімұхамедов түркімендердің 85-ке келеріне «уәде етті»

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 23 сәуір 2011 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов маусымның соңында өзінің 55 жылдығын тойлады. Ол осы оқиғаға дейін «түркімендер кемінде 85 жыл жасайды» деп уәде берген еді.

– Мен түркімен халқының орта есеппен 85 жас және одан да ұзақ жасайтынын нақты айта аламын. Бұдан ары қарай да өмір сүру ұзақтығын жақсарта береміз, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

ӨЗГЕРІС

Түркіменстанның денсаулық сақтау жүйесі ел тәуелсіздігі жылдары бірнеше мәрте өзгеріске тап болды. Медициналық сақтандыру мен отбасылық дәрігер тәжірибесі сәтсіз енгізілді, медициналық мекемелер жабылып қалды, медбикелер саны азайды.

Мектептер мен жоғары оқу орындарындағы, кейбір жергілікті мединституттардағы

Түркімен мектебі. Ашғабат, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

оқу мерзімі қысқартылды. Оқу бағдарламасының көп бөлігі идеологияға берілді. Медициналық мекемелерді қаржыландыру жүйесі айтарлықтай зардап шекті.

Денсаулық сақтауға қатысты статистика құпия түрде сақталды. Ресми деректер бойынша, елдегі балалар өлімі мен қатерлі аурулар жойылған. Орташа өмір сүру ұзақтығы туралы ақпарат жасырын болды. Билік басындағылар елде ВИЧ/СПИД жұқтырған науқастар жоқ деп сендірді.

Соңғы он жылдағы өзгерістерді қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедов басқарған еді. Ол алғашында денсаулық сақтау министрі, одан кейін үкіметте медицина саласын бақылайтын вице-премьер қызметтерін атқарды.

ЕСЕП

Орталық барлау басқармасының (ОББ/ЦРУ) деректері бойынша, қазір Түркіменстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы – 68,84 жыл. Ал 65 жастан асқан тұрғындар – халықтың 4,1 пайызы. Европада орташа өмір сүру ұзақтығы жөнінен алда Монако тұр (89,68 жыл).

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) «Денсаулық сақтаудың әлемдік статистикасы – 2012» жинағында келтірген деректері бойынша, Түркіменстан

Гурбангулы Бердімұхамедовтің балабақшаға сапары. Мары облысы, 26 қаңтар 2011 жыл.

денсаулық сақтау жүйесіне жан басына шаққанда 92 доллар жұмсайды. Европа елдерінің ішінде бұл жөнінде ең жоғарғы көрсеткіш – 8262 доллар (Люксембург). ОББ деректері бойынша, Люксембургтегі орташа өмір сүру ұзақтығы – 79,75 жас.

Түркіменстанда дұниеге келген мың нәрестенің 13-і өлі туады, ал тірі туған мың сәбидің 23-і жарық дүниемен қош айтысады. Люксембургтегі бұл көрсеткіш 3-ке және 1-ге тең. Түркімен нәрестелері диарея, іште дұрыс жетілмеу, асфиксия (оттеші жетіспеуі), сепсис (жұқпалы аурудың тұтас ағзаға жайылуы) және басқа да ауру түрлерінен көз жұмады деп хабарлайды ДДСҰ.

2010 жылы «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымы «Түркіменстан: денсаулық сақтау жүйесіндегі құпиялар» атты соңғы баяндамасын жариялап, бұл елден кетіп қалды.

«Түркіменстан халықаралық қауымдастыққа елдегі тұрғындардың денсаулығы мен дамуын асыра көрсету қадамдары арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі қауіпті жайттарды жасырып бағады. Атап айтсақ, жұқпалы аурулардың бар екенін жоққа шығарады. Медициналық деректері жүйелі түрде өзгеріске ұшырайды, ал халықаралық стандарттар мен хаттамалар тәжірибеде сирек қолданылады» деп жазылған ол құжатта.

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ ҚАДАМДАР

Түркіменстан билігі денсаулық сақтау саласындағы көп жылдық өзгерістің нәтиже бермегенін түсіндіруден бас тартып отыр. Оның орнына салауатты өмір салтын қолдауды үгіттеуге күш салып жатыр. Оқу орындарында темекінің зияны туралы дәрістер жиі өтеді. Шеттен келетін темекі өнімдері күрт азайып, бірден олардың бағасы бірнеше есеге өсіп кетті.

Темекі өнімдерінің бағасы қымбаттаған соң көптеген тұрғындар арзан, бірақ

Түркіменстандағы спорт мектебі. (Көрнекі сурет)

денсаулыққа зиянды насыбайға ауысты. 2008 жылы насыбай өндіруге, сатуға, пайдалануға және тасымалдауға тыйым салу туралы бұйрық шыққан. «Соған қарамастан насыбайды атушылар саны артып барады» дейді сарапшылар.

Биліктің бастамасымен астана тұрғындары Копетдағ жотасының етегіндегі бетоннан жасалған сегіз шақырымдық «Денсаулық соқпағымен» жаяу серуендеуге міндетті. Дүниежүзілік денсаулық күніне (7 сәуір) орай ұйымдастырылған денсаулық пен бақыт апталығында жаппай спорттық шаралар өтті. Жергілікті ақпарат құралдары мекемелерде, ұйымдарда, құрылыс алаңдарында, оқу орындарында, мектеп пен бала бақшаларда 15 минуттық дене шынықтыру қалай өткенін хабарлайды.

Көптеген спорттық нысандардың құрылысына үкімет қыруар қаржы жұмсап отыр. Алайда қазіргі режимді сынаушылардың айтуынша: Спорт залдарды салудағы басты мақсат – ең алдымен билік басындағылардың қалтасын заңсыз қаржымен қампайту. Өйткені нысандардың жобасы өте қымбатқа бағаланып отыр. Стадиондарды толтыру үшін оқушылар мен студенттерді пайдаланады.

Айта кететін тағы бір нәрсе, Түркіменстанда тұрғындар 85 жасқа дейін өмір сүрсе, оларды әлеуметтік қамсыздандыру қалай болмақ? 2006 жылғы зейнетақы реформасы Түркіменстан халқына қатты әсер еткен еді. Елдегі зейнеткерлер саны 336 мыңнан 229 мың адамға азайған. Зейнетақы мөлшері де азайды. Бердімұхамедов билікке келген соң зейнетақы жүйесі қайта қаралды. 2012 жылы күшіне енген «Әлеуметтік қамсыздандыру туралы» кодекс қабылданды. Зейнетке шығу жасы да (ерлер – 62 жаста, әйелдер – 57 жаста) анықталды:.

Түркіменстанда 2012 жылға белгіленген ең жоғарғы зейнетақы мөлшері – 645 манат (226 доллар). Ал Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің ең аз зейнетақысы – 630 манат (221 доллар). Елдегі еңбек зейнетақысын есептеу үшін орташа жалақы 820 манат (287 доллар) белгіленген. Ең аз зейнетақы мөлшері туралы ресми органдар еш дерек айтпайды.