Думан Мұхаммедкәрім түрмеге іздеп барған анасымен сөйлесуден бас тартқан

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім (сол жақта) сот залында әкесі Алмаз Тілеповті құшақтап тұр. 2024 жылдың шілде айы.

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім (сол жақта) сот залында әкесі Алмаз Тілеповті құшақтап тұр. 2024 жылдың шілде айы.

Дүйсенбі, 17 наурыз күні Қазақстанның бірнеше өңірінен Қызылорда қаласына барған бір топ белсенді өздерін сондағы №60 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхаммедкәріммен кездестіруді талап етті.

Your browser doesn’t support HTML5

Азаттықтың тағдыры, түрмедегі журналист, су тасқыны – AzatNEWS | 17.03.2025

Алматы, Талдықорған, Шымкент, Семей, Тараз қалаларынан барған және Қызылорданың жергілікті белсенділері – барлығы 30-ға жуық адам Қызылорда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне барып, басшылықпен кездесті. Басшылық белсенділердің барлығын қабылдағанымен, Мұхаммедкәріммен кездесуге тек үш адамға – журналистің анасына, адвокатына және қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайға рұқсат берген.

– Бірақ олар Думанды анасымен де, Рысбек Сәрсенбаймен де бетпе-бет жүздестірген жоқ. Тек адвокатын кіргізді. Ал анасы мен Рысбек Сәрсенбайға Думанның отырған жерін видеодан ғана көрсетіп, тек телефонмен сөйлесуге рұқсат береміз деген. Сөйтіп бір кабинетке кіргізген. Бірақ Думан анасымен де, Рысбек Сәрсенбаймен де сөйлесуден бас тартып, әлгі кабинеттен шығып кеткен, – деді Қызылордаға барған алматылық белсенді Абзал Достияров.

Оның сөзінше, Думан жазықсыз сотталғанына наразылығын осылайша білдіріп жатыр. Оның айтуынша, Думан Мұхамметкәрім бұған дейін де адвокаты арқылы анасы мен әкесіне "мені іздемеңдер, кездесу сұрап келмеңдер, ешкім маған келмесін" деп айтқан. Дүйсенбі күні адвокаты түрмеге кіргенде де сол сөзін қайталаған.

– Жазықсыз сотталғанына осы күнге дейін қарсылылыған білдіріп келеді, – деді Абзал Достияров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адвокат: Карцерде Думан Мұхаммедкәрімді жылы киімсіз бетон еденде ұстаған. Ол аштық жариялады

47 жастағы Думан Мұхаммедкәрім Қызылорда түрмесіне былтыр желтоқсанда жеткізілген. Үш ай ішінде ол үш рет тәртіптік жазаға тартылған. Бұл туралы Азаттыққа Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығы Шаймерден Есенкелдиевтен келген хатта жазылған.

"Мекемені абаттандыру және тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстардан дәлелсіз себептермен бас тартты, осыған байланысты бірнеше рет тәптіптік жазалау шаралары қолданылды. 2024 жылғы 23 желтоқсанда 7 тәулікке тәртіптік изоляторға қамау туралы, 31 желтоқсанда 30 тәулікке жалғыз адамдық камераға ауыстыру туралы, 2025 жылғы 6 ақпанда 60 тәулікке жалғыз адамдық камераға ауыстыру туралы тәртіптік жаза шаралары қолданылды. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылып, Қылмыстық-атқару кодексінің 95-бабына сәйкес, "мінез-құлқы 3-теріс дәрежелі" деп айқындалғандықтан қатаң ұстау жағдайына ауыстырылды. Бұдан бөлек, жаза өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жазалау шаралары қолданылды. Яғни, 2024 жылғы 30 желтоқсанда мекеме бастығының қаулысымен "Тәртіптік изоляторға арналған сары түсті арнайы киім киюден бас тартып, ішкі күн тәртібін орындаудан жалтару мақсатында ас ішуден бас тартқаны үшін" "сөгіс" тәртіптік шарасы қолданылды. 2025 жылғы 15 қаңтарда мекеме әкімшілігіне дөрекі мінезін көрсетіп, балағаттағаны үшін 3 тәулікке тәртіптік изоляторға қамалды", – деп жазған ҚАЖД бастығы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қонаев соты журналист Думан Мұхаммедкәрімге үкім шығарды

20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялай бастаған.

Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.

Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түскен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақпарат министрі журналист Думан Мұхаммедкәрім туралы HRW пікірімен келіспеді