Өткен жексенбіден бері Ұлыбритания футбол қауымдастығы "жастар құрамасы мен жасөспірімдер мектебінде жас футболшылар жыныстық зорлыққа ұшырап жатуы мүмкін" деген болжамды тексере бастады. Бұған бұрынғы төрт футболшының "бала кездерінде жаттықтырушы Барри Беннелден және аты аталмаған тағы бірнеше тренерден сексуалдық зорлық-зомбылық көрдік" деген мәлімдемелері себеп болған.
Your browser doesn’t support HTML5
Ұлыбританиядағы Баланы қорғау ұлттық қауымдастығының төрағасы Джон Кэмеронның айтуынша, "Grew Alexandra" клубының 43 жастағы бұрынғы ойыншысы Энди Вудворт BBC арнасына мәлімдеме жасаған соң, өздеріне қоңырау соғып, жас кезінде бастан кешкен қорлықтарын айтушылар көбейіп кеткен.
"Адамдар балалары үшін алаңдайтындықтан кезінде өздері көрген зорлықты қазір айтып жатыр. Хабарласып жатқандардың бәрі жаппай жыныстық қорлық көрген деуге болмас. Көптеген ата-ана "футбол [клубтары] балам үшін қауіпті емес пе?" деген сұраққа жауап естігісі келеді" дейді бала құқығын қорғаушы Джон Кэмерон.
Бұрынғы футболшылардың BBC агенттігіне хабарлауынша, Англияның солтүстік-батысындағы футбол клубтарында педофилдердің жасырын жүйесі бар. Ал жас кездерінде жыныстық зорлыққа ұшыраған фуболшылар саны жүзден асып, мыңдап саналуы мүмкін. Күдікке ілінген жаттықтырушы Барри Беннелл бұған дейін 1994, 1998 және 2015 жылдары кәмелет жасына толмағандарға сексуалдық әлімжеттік жасағаны үшін сотталып, түрмеде жазасын өтеп шыққан.
Қарашаның 28-і күні Беннелдің ес-түссіз ауруханаға түскені хабарланды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Қазақстандағы билік орындары мен құқық қорғау ұйымдары спорт мектептеріндегі сексуалдық әлімжеттік пен зорлық-зомбылыққа қатысты ахуалды жеке зерттеп, есеп жариялаған емес. Бірақ мұндай оқиғалардың орта білім беру мекемелерінде болып тұратыны ара-тұра жергілікті БАҚ хабарламаларында ұшырасып қалады. Мысалы, жуырда оқушыларына сексуалдық әлімжеттік жасағаны үшін Шығыс Қазақстан облысындағы бір мектеп директоры ата-аналар жаппай арызданған соң барып, істі болып, сотталды.
Білім және ғылым министрлігінің жыл сайын жариялайтын "Балалардың жағдайы туралы есебінде" сексуалдық әлімжеттік пен зорлық-зомбылыққа қатысты статистика сирек жазылады. Министрлік 2011 жылғы есебіне Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының оқушылары арасында сексуалдық зорлық-зомбылық туралы арнайы жүргізген зерттеу нәтижелерін кіргізіпті. Сауалнамаға қатысқан 1300 оқушының ішінде бастауыш сынып оқушыларының екі пайызы, орта және жоғары сынып оқушыларының үш пайызы "сексуалдық зорлыққа ұшырағандарын" айтқан.
Бірақ министрліктің соңғы зерттеулерінде оқушыларға қатысты "ересектер тарапынан әлімжеттік жасау" фактілері бар екені жазылғанмен, анық статистикалық мәлімет көрсетілмейді. Тек "мұндай заңбұзушылық көлемі азайып келе жатқаны" хабарланады.
Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов Азаттыққа Қазақстанда жаттықтырушының оқушыға сексуалдық зорлық көрсеткенін естімегенін айтады.
– Спорт мектептерінде ондай болды дегенді еш уақытта естіген емеспін. Бізге ауылдың балалары 7-сыныптан бастап келіп оқиды. Жатақханада жатады. 600-дей оқушы бар. Оның 10 пайыздайы - қыздар. Олардың арасында "мынандай жағдай болды" дегенді естіген емеспін. Басқа жерлерді білмеймін, - дейді Амалбек Тшанов.
"ҚОҒАМ ӘЛІ ДЕ ТАЛҚЫЛАУДАН ТАРТЫНАДЫ"
Қазақстан психоаналитиктер ассоциациясының президенті Анна Құдиярова орталықтарына көмек іздеп келушілер арасында бірді-екілі бұрынғы спортшы болғанын айтады.
– Спорт мектебі немесе клубындағы жағдай деп бөліп қараған емеспіз. Бірақ, бірді-екілі болған. Жалпылама алғанда үй, балабақша, мектепте туыстары, бауырлары, мұғалімдерінен сексуалдық зорлық көретіндер бар. Жапа шеккендер бізге сол мезетте келмейді. 30-50 жастан асқандар келіп, бала кезінде бастарынан өткерген зорлықтарын айтып, іштеріндегі шерлерін шығарғысы келеді, – дейді психолог маман.
Анна Құдиярованың сөзінше, Қазақстан қоғамы әлі де балалардың сексуалдық зорлыққа ұшырау мәселесін көпшілік болып талқылаудан тартынады.
2014 жылы Батыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер мектебінің 35 жастағы волейбол жаттықтырушысы кәмелетке толмаған 14 жастағы қыз баланы зорлағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Бас прокуратурадағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрағасы Сәуле Айтпаеваның жергілікті баспасөзге хабарлауынша, Қазақстанда тіркеуге алынған 1 200 педофил бар.
Қазақстанның білім және ғылым министрлігіне қарасты балалар құқықтарын қорғау комитеті мектеп оқушыларын түрлі әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтан қорғау үшін және қандай да бір қиянатты дер кезінде хабарлау үшін 150 ұлттық сенім нөміріне, қалта телефонынан 116 16 республикалық сенім телефонына хабарласуға шақырып келеді. Тұрғындар балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының блогына да өтініш жаза алады.