Ұлыбританиялық Лондон экономика және саясаттану мектебінің басшысы Ливияның болашақ саяси элитасын дайындау үшін Каддафи режимінен екі жарым миллион доллар алуға келіскенін қателік санап, қызметтен кететінін мәлімдеді.
Аталған мектептің басшысы Говард Дэвиес өзі басқарып келген жоғарғы оқу орнының Ливия басшысы полковник Муаммар Каддафидің ұлымен арадағы байланысына қатысты дау өршігеннен кейін осындай мәлімдеме жасады.
ЖАЗА БАСҚАН РЕКТОР
Бұл дау алдыңғы қатарлы ұлыбританиялық жоғары оқу орны басшысының алда өзгеріс болуы мүмкін екенін ескеріп, қате басқан қадамын бірден түзеуге ұмтылғанын көрсетті.
1988 жылы Ұлыбритания жерінде болған ең ірі теракт – Локербай жарылысына қатысы болған, Лондондағы елшілігінің маңында жергілікті әйел полиция қызметкер түсініксіз жағдайда оққа ұшқан диктатуралық режиммен қитұрқы қаржылық байланыс орнату кімді болсын тайғанақ жолға түсіреді. Тіпті бұл режим өзін-өзі жақсартуға күш салып жатыр деушілердің сөзі де әсер етпейді.
Мен қызметімнен кетуім керек деп шештім. Себебі оқу орнының абыройы – менің жауапкершілігімде, сондықтан оның беделіне нұқсан келгеніне өзім жауап беруім керек.
Бұрын Ұлыбритания үкіметінің Ливиядағы экономикалық өкілі болған Говард Дэвиес Лондон экономика мектебі Муаммар Каддафидің осы оқу орнын бітірген ұлы Саиф әл-Исламмен даулы байланысы жария болған соң қызметтен кетіп отыр.
Говард Дэвиес BBC («Би-би-си») ақпарат арнасына берген сұхбатында: «Мен қызметімнен кетуім керек деп шештім. Себебі оқу орнының абыройы – менің жауапкершілігімде, сондықтан оның беделіне нұқсан келгеніне өзім жауап беруім керек» деген. Ол Ливияның қаржысын қабылдауға кеңес бергенде өзінің қателескенін айтады. Сұхбатында ол сонымен қатар: «Егер жіберген қателікті мойныма алатын болсам, мен басқарған оқу орны беделін тез арада қалпына келтіре алады. Алғашында оқу орнының ақшалай сыйлықты қабылдауы дұрыс сияқты көрінген. Бірақ оны алуға кеңес бергенім қателік болды» дейді.
ҒЫЛЫМ МЕН САЯСАТ СӘЙКЕССІЗДІГІ
Ұлыбританияның бұрынғы Қаржылық қызмет басқармасының төрағасы және Англия банкінің бұрынғы төрағасының орынбасары болған Говард Дэвиес одан ары өзінің Ұлыбританияның Ливиядағы экономикалық өкілі болуға келісім бергеніне өкінетінін айтты. Бұл қызмет Муаммар Каддафи режимін халықаралық реабилитациялау аясында тағайындалған. Каддафи құрған режим қазір елдегі наразылық танытушыларды басып-жаныштауда қатаң шаралар қолданып жатыр. Говард Дэвиес BBC арнасына тағы былай деді: «Ұлыбритания үкіметінің маған Ливиядағы экономикалық өкіл болу жайлы жасаған ұсынынан бас тартуым керек еді. Өйткені бұл қызмет менің жеке ұстанымымды қаржы саласындағы тәжірибемді экономикалық мектеп басшылығындағы міндетіммен мидай араластырып жіберді деп ойлаймын».
Бұл қызмет менің жеке ұстанымымды қаржы саласындағы тәжірибемді экономикалық мектеп басшылығындағы міндетіммен мидай араластырып жіберді деп ойлаймын.
Англия мен Уэльс сотының бұрынғы төрағасы Лорд Вулф басқаратын тергеу жұмыстары енді барлық қаржылық келісімдерді, оның ішінде 2009 жылы Каддафидің Халықаралық қайырымдылық және даму қорынан 2,4 миллион АҚШ долларын алу келісімін де егжей-тегжейлі тексермек.
Комиссия 2007 жылы Ливияның инвестициялық қорына кеңес бергені үшін Говард Дэвиеске төленген 50 мың АҚШ долларының, Ливия Экономикалық даму кеңесінің Лондон экономика мектебінде азаматтық қызметкерлер және мамандар дайындау үшін арада жасасқан 3,5 миллион долларға тең келісімнің және Лондонға академиялық білімін жетілдіруге келген ливиялықтардың жол шығынын өтеуге Каддафидің қайырымдылық қорынан бөлінген 37 мың АҚШ долларының жай-жапсарын да тексермек.
«РЕФОРМАШЫЛ» САИФТЫҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ
Экономикалық мектептің Каддафидің кіші ұлы Саиф әл-Исламмен байланысы да біршама жайттың бетін ашатындықтан тексерілетін болды. Мәселен, 2008 жылы Саиф Каддафи қорғаған докторлық диссертацияның қалай жазылғандығы анықталмақ.
Оқу орнының басшылығы сонымен қатар өткен жылғы мамыр айының соңында Саиф Каддафи Лондон Экономика мектебінің Ральф Милибэндті еске алу шарасында дәріс оқып тұрған уақытында оған наразылық көрсетушілерге жақтастарының бірі шабуыл жасағандығын көпшілікке жария етуге мәжбүр болды.
Саиф Каддафидің Ливиядағы наразылық танытушыларды басып-жаныштаудағы рөлінің Лондон Экономикалық мектебіндегі бірқатар ғалымдардың беделіне нұқсан келтіретін түрі бар. Әсіресе Саиф әл-Исламның соңғы мәлімдемесінде әкесі құрған режимге наразылық танытушылар қарсылықтарын жалғастыра берсе, «адам қанының судай ағатынын» айтып ескерту жасауы елге ауыр тиді. Ол ливиялық телеарнадан сөйлеген сөзінде: «Біз соңғы адамымыз бен соңғы әйеліміз және ақырғы оғымыз қалғанша күресеміз» деп мәлімдеді.
Саиф әл-Исламның мәлімдемелері оның Лондон Экономика мектебімен байланыстары және өзінің бұрынғы ғылыми жетекшісі Дэвид Хэлд сияқты профессорлар арқылы қалыптасқан «реформатор» бейнесімен үйлеспейді. Дэвид Хэлд өткен жылы Ральф Милибэндтің құрметіне оқыған дәрісінде жас Каддафиді таныстырып тұрып: «Мен Саиф әл-Исламды демократияға, азаматтық қоғам мен либералды құндылықтарға ден қойған азамат ретінде танимын» деген еді.
Саиф Каддафи Лондон Экономика мектебінде оқыған өзге ел басшысы балаларының алғашқысы емес. Мұнда Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконың қызы Евгения Тимошенко да білім алған.