Украин балаларын Ресейге депортациялау – соғыс қылмысы. 2023 жылы 17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот осындай қылмыс жасады деген айыппен Владимир Путин мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берді. Әзірге Украинаға 371 бала ғана қайтарылған.
Украина билігінің дерегінше, 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап қазірге дейін Украинадан Ресейге 19 мың 505 бала депортацияланған. Бұл – баланың ата-анасы, қамқоршысы немесе депортация куәгері Украинаның Ұлттық ақпараттық бюросына хабарласқаннан кейін ресми тіркелген фактілер ғана.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Украинадан жүздеген мың бала күштеп көшірілген. Олардың көбін Мариуполь, Херсон, Харьков, Киев облыстарынан алып кеткен. Бұған Ресейдің украин балаларын "ата-ана қарауынсыз қалған" деп тану процесін жеңілдетіп жіберуі себеп.
Ресейдегі балалар үйлері мен интернаттарында орын жоқ. Мәскеу бұл мәселені бала асырап алушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетіп, депортацияланған балаларды ресейлік отбасыларға беру арқылы шешкелі отыр. Ал украин ата-аналары Ресейге өтіп кеткен балаларын таба алмай, зар илеп жүр.
ЖЕТІМДІК АЛГОРИТМІ
Өзін республика деп жариялап алған "Донецк Халық Республикасы" (ДХР) басшысының бала құқықтары жөніндегі кеңесшісі Элеонора Федоренко 2022 жылы маусымда ата-анасынан ажырап қалған балаларға 10 күн ішінде “қараусыз қалғандар” мәртебесін беруді ұсынып, қызметтік хат жазған (бұл құжат "Система" ұйымының қолында бар). Яғни соғыстағы қарбаласта балалар жақындарынан ажырап қалса, олардың ата-анасын іздеу жергілікті ішкі істер органына жүктеледі. 10 күн ішінде ата-анасы табылмаса, балаларды Ресейге жібереді.
ДХР басшылығы "Системаның" сұрақтарына жауап бермеді. Бірақ бұл хатқа дейін де ата-анасы тірі балаларды қараусыз қалды деп, ресейлік отбасыларға беріп жібергені туралы ақпарат бар.
Украиналық ата-аналардың көбі балаларынан фильтрация кезінде көз жазып қалған. Ресейге кірген украиндердің бәрі осы процедурадан өтеді: тергеу, тінту, телефоны мен әлеуметтік желілерін тексеру, күдіктінің Украина қарулы күштерімен байланысын дәлелдейтін кез келген деталь іздеу. Украина қарулы күштерімен байланысы бар деген күдікке ілінгендер мен сенімсіз көрінгендерді Ресей басып алған аудандардағы фильтрациялық лагерьлерге (колониялар) жібереді.
Азаттықтың Украин қызметі Евгений Межевойдың басынан өткен жағдайды жазды. Ол соғысқа дейін үш баласымен Мариупольде тұрған. Соғыс басталғанда қаладан кетуге бел буған. Ресеймен шекарадағы блокпостыда Евгенийді ұстап, 1,5 айға фильтрациялық лагерьге жіберген. Балаларын Мәскеудің іргесіндегі "Поляна" шипажайына жеткізген. Межевой түрмеден босап, балаларын іздегенде үлкен ұлымен сөйлесуге мүмкіндік алған. Ол Ресейде өзі мен бауырларына "уақытша отбасына" баруды ұсынғанын айтқан. Евгений екі күннен кейін еріктілердің көмегімен балаларды лагерьден алып кеткен.
"Система" ұйымының қолында "ДХР"-дың отбасы және балалар ісі жөніндегі мемлекеттік қызметі дайындаған тізім бар. Онда Мәскеудің іргесіндегі "Поляна" лагеріне жіберілген кәмелетке толмаған балалардың аты-жөні бар. Евгенийдің балалары бұл тізімде "ата-ана қарауынсыз қалған" деп көрсетілген. Яғни Ресей билігі Межевойды өздері қамауға алып, балаларын қараусыз қалды деген сылтаумен Ресейге көшіріп жібермек болған.
ҚЫРЫМНАН ҚАЙТУ ҚИЫНДЫҒЫ
Ресей басып алған территорияларда фильтрациялық лагерьден аман қалған ата-аналардың өзі балаларынан ажырап жатыр. Алина (кейіпкердің сұрауымен аты-жөні өзгертілді) күйеуімен және екі ұлымен Херсонда тұрған. 14 жастағы ұлы Андрей (аты өзгертілді) кәсіпқой футболмен айналысқан. 2022 жылы 22 ақпанда ол жаттықтырушысымен және командасымен бірге Львовқа жарысқа кеткен. Бір аптаға кеткен бала екі ай бойы үйіне орала алмаған.
24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы соғыс ашып, 1 наурызда Херсонды басып алған. Қаланы үздіксіз бомбалап жатқандықтан, Алина ұлын әкелуге шыға алмаған. Андрей командасымен бірге Львов ауруханасын паналаған. Отбасы жергілікті еріктілерге хабарласып, ұлдарына ас-су, киім-кешек апарып беруді сұраған.
– Львовтағы ата-әжелер балаларға нан пісіріп, тамақ беріп, еріктілер қонақүйдің ақшасын төлеуге көмектесті. Баламызды Львовтан қалай алып кетерімізді білмедік. Сол жаққа бара жатқан адамдардан сұрастыра бастадық. Қатты қорықтық, қаладан шыққан көліктердің бір легін жіберсе, екіншісін атқылап тастайтын. Күнара солай болады, – дейді Алина.
Сәуірдің аяғында ғана жаттықтырушы мен балаларды Львовтан алып келетін шағын автобус табылған. Олар Херсонға дейін әдеттегідей 15 сағат емес, екі тәулік жүріп келген.
Ұлымен аман-есен қауышқаннан кейін Алина Херсонда қалған. Соғыс басталғанда күйеуі, кейін өзі де жұмыссыз қалған соң, отбасының басқа жаққа көшуге ақшасы болмаған. Олар пәтерімізді қалдырып кетсек, мародерлер тонап не Ресей әскері кіріп алады деп қорыққан.
1 қыркүйекте Андрей Херсондағы басқа оқушылар сияқты Ресейдің әнұранын орындап, ресейлік оқулықтар алып, сабаққа барған. 23-27 қыркүйек аралығында Херсон облысында Ресейге қосылу туралы референдум өтіп, көп ұзамай қалаға жақын маңда атыс басталған. Қазан айында мектеп әкімшілігі оқушыларды демалысқа жіберген. Директор ата-аналарға 1-11 сынып арасындағы оқушыларды 10 күнге Қырымға сауықтыру лагеріне жіберуді ұсынған.
– Балаларды ешкім күштеп әкеткен жоқ. Бірақ директор "Лагерьде футбол, жаттығу болады, жақсы тамақтандырады, соғыстан алыс жерде демалады" деп көндірді. Жаттықтырушысы бірге баратын болды. Ол кісіге сенетін едік. Балаларды Қырымға жібергенімізге өзіміз кінәліміз, – дейді Алина.
7 қазанда балалар Қырымдағы "Дружба" лагеріне кеткен. 17 қазанда қайтып келуі керек еді. Бірақ қазанның ортасында ұйымдастырушылар "Балалар лагерьде тағы бір апта қалуына болады" деп жазған. Алина қарсылық білдіріп, арыз берген. Ұйымдастырушылар "Сіздерде соғыс болып жатыр, бұл жақ қауіпсіз. Балаларды қайтармаймыз" деп жауап берген. Бұған көнбеген ата-аналарға Қырымға келіп балаларын алып кетуді ұсынған.
Алина мен күйеуі Қырымға баруға ақша жинап жүргенде Антонов көпірі жарылған. Бұл Херсоннан Қырымға апаратын төте жол еді.
– Баламызды алып кету мүмкін еместей көрінді. Қырымға барып-келуге 2 мың доллар қажет болды. Ондай ақшамыз болмады. Еріктілерді іздеп, Save Ukraine ұйымын таптым, – дейді Алина.
Еріктілер Алинаға шетелге шығатын төлқұжат жасатып, билет алып берген. Ол лагерьдегі баласына жете алмай отырған 13 анамен бірге бір апта жол жүріп, Киев-Польша-Беларусь-Ресей арқылы Қырымға жеткен. Бүкіл лагерьді аралап, балаларын тапқан.
– Андрей лагерь туралы жаман ештеңе айтпады. Жасөспірім шағы ғой, бізден бөлек, қыздардың жанында жүргісі келеді. Балалар украин тілінде сөйлеуге қорқыпты, бірақ орысша сөйлеуге ешкім мәжбүрлемеген, – дейді Алина.
ГЕНОЦИД БЕЛГІСІ
2023 жылы наурыздың аяғында Украина билігі Херсон және Харьков облыстарынан күзде Қырымдағы сауықтыру лагеріне кеткен 17 баланы елге қайтарды. Ресей Украинаның қарсы шабуылынан кейін лагерьдегі балаларды ата-анасына қайтарудан бас тартқан. Save Ukraine қызметкерлері лагерьде зорлық көрген екі баланы анықтады. Олардың бірі лагерьде "Украинаны қолдап сөйлеген балаларды темір таяқпен ұрды" деген. Екінші қыз аулада 5 минуттан артық жүргені үшін тәрбиеші құлағынан ұрғанын айтқан.
Кей балаларды Украинадағы интернаттар мен ауруханалардан жинап әкеткен. Украиналық құқық қорғаушылар мен шенеуніктердің айтуынша, ешкім балалардан "Ресейге барып, жаңа отбасымен тұрғың келе ме?" деп сұрамаған. Әлі күнге қанша бала еріксіз депортацияланғаны, ресейлік интернаттар, ауруханалар, уақытша ұстау мекемелері мен асырап алған отбасыларда неше украин баласы тұрып жатқаны белгісіз.
Украинаның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дарья Герасимчук "Система" ұйымына балаларды Ресейге неге алып кетіп жатқанын түсіндіретін бес түрлі ықтимал сценарий ұсынды:
▶ Ата-анасы соғыста өлген балалар. Ресей әскері Кира Обединская мен Илья Матвиенконы Мариупольден Донецкідегі ауруханаға алып кеткен. Балалардың ата-анасы көз жұмған, өздері жаралы болған. Кира мен Ильяның туыстары оларды Украинаға қайтарып алған. Жоғалған және ата-анасы жоқ балалар да осы топқа жатады.
"Мариупольден Ресейге депортацияланғандардың көбі – жоғалған балалар. Тұрғындар 10-15 баланы тауып, тамақ беріп, панасына алды. Кейін ресейлік әскери көлік, автобус келіп балаларды Ресейге алып кетті" дейді Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Андрющенко.
▶ Отбасынан күштеп ажыратылған балалар. Құқық қорғаушылар соғыс басталмай тұрып ата-анасынан айырылған 16 жастағы Сергейдің хикаясын мысалға келтіреді. Ол Мариупольге жақын маңда әпкесімен тұрып жатқан. Ресейлік әскерилер әпкесінің пәтеріне келіп, Сергейді алып кеткен. Ресейде украин баласын асырап алуға ниетті отбасы табылған. Бірақ ол жаңа отбасымен тұрғысы келмей, сегіз айдан кейін Украинаға оралған.
▶ Фильтрация кезінде ата-анасынан ажырап қалғандар. Ата-анасы қамауға алынған балаларды ауруханаға не лагерьге жайғастырады.
▶ Украинаның оккупацияланған территориясынан ресейлік сауықтыру лагеріне кеткен балалар. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ата-аналар қала іші қауіпті, өмір сүруге қолайлы жағдай болмағандықтан, амалсыздан балаларын ресейлік лагерьлерге демалуға жібереді. Көп жағдайда ұйымдастырушылар балаларды Украинаға қайтару қауіпті деп, лагерьде алып қалады.
▶ Институционал күтім мекемелерінен жиналған балалар. Ресей әскері басып алған территорияларда балалар үйлері мен интернаттарды бірден басқа жерге көшіреді.
"Система" ақпарат құралдарын, ресейлік интернаттар, балалар үйлері мен лагерьлерінің әлеуметтік желілері мен сайттарын қарап, еріктілермен, шенеуніктермен, заңгерлермен және ата-аналармен сөйлесіп, Украинаның оккупацияланған аудандарында тұратын балалар Ресейдегі 88 мекемеге жеткізілгенін анықтады.
Балаларды Ростов, Краснодар облыстары мен Қырымдағы демалыс орындарына апарып, ары қарай басқа өңірлерге таратқан. Осындай транзиттік нүктелердің бірі – Ростов облысындағы "Ромашка" шипажайы. Жергілікті белсенді Василий Осколковтың (аты-жөні өзгертілді) айтуынша, балалардың жағдайы қиын болған. "Ромашкаға" басында Украинадан келген босқындардың бәрін әкелген, сондықтан балалар автобус ішінде сағаттап кезек күтіп отырған. Автобуста ас-су болмаған, оларға жақын маңдағы төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері тамақ әкеліп берген. Азаттық тілшісі құтқарушылар шипажайға қорапқа салынған тамақ әкеле жатқанын көрген. Балаларға бір-бір балық консервісінен таратқан. Бірақ қасық болмағандықтан, балалар оны да жей алмаған.
Украин балаларын шипажайға орналастырғаннан кейін Азаттық тілшісі 15 жастағы жасөспіріммен сөйлесіп үлгерді. Ол бөлме суық екенін, балалар жылыну үшін далаға шығып, күннің астында тұрғанын айтты.
"Система" ұйымы Ресейдің қамқоршылық органдарына қатысы бар екі ақпарат көзімен сөйлесті. Олар Санкт-Петербургте балалар үйлері лық толы екенін, сондықтан қызметкерлер балаларды отбасыларға тезірек таратып жіберуге тырысып жатқанын айтқан.
– Бізге тоғыз жасөспірімді алып келді, олар мұнда уақытша жүрміз деп ойлады, оларға тиген жоқ. Кейін келген 28 баланы ниет білдірген адамдарға жетектетіп жіберді. Бала асырап алушыларға қойылатын талаптар тым жеңіл болды. Тағы бір өңірде осындай акция болып жатқанын естідім, – дейді ақпарат көзі.
"СОҒЫС ҚЫЛМЫСЫ". РЕСЕЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҢДЫ ҚАЛАЙ БҰЗДЫ?
Халықаралық қылмыстық соттың баспасөз хабарламасында "Ресей Федерациясының президенті Владимир Владимирович Путин Украинаның оккупацияланған территориясында тұратын халықты (балаларды) Ресейге заңсыз депортациялап, қылмыс жасады" делінген.
Халықаралық адам құқықтары федерациясы Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Илья Нузов "Ресей балаларды құтқарып жатқан жоқ, депортациялап жатыр" дейді.
– Соғыс кезінде соғысушы тарап оккупацияланған территориядағы балаларды депортациялай алмайды. Бұған заңда тыйым салынған. Бірақ ескеретін жайттар бар. Қамқоршысының рұқсатымен баланы жедел емдету үшін басқа жерге эвакуациялауға болады. Онда да соғысушы державаның жеріне емес, оккупацияланған территорияның басқа бөлігіне апару керек. Ем аяқталғаннан кейін баланы бірден үйіне қайтару қажет. Қалада қатты атыс болып, балалардың өміріне қауіп төнген жағдайда оларды басқа орынға көшіруге болады. Женева конвенциясының 24-бабына сәйкес, соғысушы тараптар балаларды бейтарап территорияға көшіру туралы келісімге келеді. Ресей эвакуацияланған әр бала жөнінде ақпарат толтырып, Халықаралық Қызыл Крест ұйымының орталық анықтама агенттігіне жіберуге тиіс. Баланың ата-анасы туралы ақпарат болмаса, соғысушы ел оның түр-тұлғасын анықтап, туыстарын іздейді. Қарсы тараппен баланы бейтарап, қауіпсіз жерге көшіру мәселесін талқылайды. Олардан хабар болмаса, Қызыл Крестпен жұмыс істейді, – дейді Илья Нузов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Гаага соты Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұл нені білдіреді?