Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак бастаған украин делегациясы 4 желтоқсанда АҚШ-тың қайта
сайланған президенті Дональд Трамптың кеңесшілерімен кездесті. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар дереккөздерге сүйенген Reuters хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, Ермак пен делегацияның өзге мүшелері Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі ретінде тағайындалған Майк Уолтц және АҚШ-тың Украина бойынша арнайы уәкілі, отставкадағы генерал Кит Келлогпен келіссөз жүргізген. Кездесудің жай-жапсары айтылмайды.
Бұған дейін ақпарат құралдары Келлогтың бейбітшілік жоспары жөнінде жазған еді. Бұл жоспар Ресей атысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға келіссе, Мәскеуге қарсы санкцияны ішінара әлсіретуді ұсынады. Бейбіт келіссөзге қол қойылған жағдайда санкциялар мүлде алынады. Ал Украина Ресей басып алған жерлерден бас тартпайды, оларды "дипломатиялық жолдармен" қайтару міндетін алмақ. Келлог егер Мәскеу шарттарға келіспесе, Америка Киевке әскери көмекті арттыруы мүмкін дегенді де жоққа ашығармайды.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп үш жылға жуық уақытқа созылып келе жатқан, 100 мыңдаған адамның өмірін қиған соғысты "24 сағат ішінде тоқтата аламын" деп мәлімдеген еді. Алайда әлі күнге дейін ресми түрде бейбітшілік жоспарын таныстырған жоқ.
The Wall Street Journa басылымының жазуынша, Ермак Вашингтонға Трамп кеңесшілерімен қарым-қатынас орнату үшін барған. Басылым дереккөздерінің сөзінше, Киев Вашингтонға бейбітшілікке дайын екенін білдіргісі келеді, алайда ол "бейбітшілік тұрақты болуы керек" дегенді де жеткізгісі келеді. "Уақытша бейбітшілік АҚШ пен Украинаның мүддесіне сәйкес емес" деді дереккөз.
Қараша соңында Украина президенті Владимир Зеленский егер НАТО Киевтің бақылауындағы жерлерді "қорғанына алса", Украинаның басып алынған аумағын босатуды талап етпей-ақ Ресеймен атысты тоқтату туралы келісімге баруымыз мүмкін деп мәлімдеген. Киев Ресей талап етіп отырған Украинаның басып алынған облыстарынан заң жүзінде бас тартуға дайын емес. Украина басшысының сөзінше, олар кейін "дипломатиялық жолдар арқылы" қайтарылуы мүмкін.