Украина президенті Владимир Зеленский Грузия билігіне санкция салу туралы жарлыққа қол қойды.
Құжатқа қарағанда, Киевтің санкциясына 19 адам ілінген. Арасында Грузиядағы басқарушы "Грузин арманы" партиясының негізін қалаушы Бидзина Иванишвили, премьер-министр Ираклий Кобахидзе, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Григол Лилуашвили, ішкі істер министрі Вахтанг Гомелаури, Тбилиси мэрі Каха Каладзе де бар.
Зеленскийдің сөзінше, шектеулер "Грузияның мүддесін сатып, елді Путинге жығып бергендерге" қарсы бағытталған.
"Еуропа мен Американы, әлем елдерін осылай қимылдауға үндейміз" деді телеграм-арнасында Зеленский.
АҚШ мемлекеттік департаменті өз мәлімдемесінде АҚШ Грузияның территориялық тұтастығы мен егемендігін қолдайтынын атап өткен. Екі ел арасындағы әріптестік еркіндік, демократия мен еуроатлантикалық талпыныстарға айнымастыққа негізделгенін айтты.
Вашингтон Грузиядағы наразылықты басып жаншыған грузин билігінің әрекетін айыптаған. АҚШ мемлекеттік департаменті АҚШ грузин халқымен бірге екенін және демократия мен азаматтардың құқығын қорғау үшін қосымша шара (санкция, шектеулер) қолдануға дайын екенін жеткізді.
- 28 қарашада Грузияның премьер-министрі, "Грузин арманы" партиясының жетекшісі Ираклий Кобахидзе Еуроодақпен келіссөзді тоқтататынын мәлімдеп, 2028 жылға дейін оның гранттарынан да қол үзетінін айтқан. Дегенмен премьер мемлекет өзінің мақсаттарына адал қалатынын алға тартып, Грузия 2030 жылға қарай ЕО-ға қосылуға дайын болады деді. Оппозиция мен жақтастары "басқарушы партия осылайша Еуроодаққа бағытынан тайып, Грузияны Ресейдің ықпал ету аймағына қайтаруға тырысып жатыр" деп санайды.
- ЕО және НАТО-мен интеграция Грузия Конституциясында жазылған.