Украина полициясы 2022 жылдың көктемінде Киев маңындағы Буча қаласын Ресей әскері басып алған кезде 72 бейбіт тұрғынның қалай өлгені ашылғанын мәлімдеді. Бұл туралы "Укринформ" агенттігіне Украина ұлттық полициясының өкілі Дмитрий Шевчук хабарлады. Оған қоса, бейбіт тұрғындарға қатыгездік көрсетілген 35-тен астам дерек анықталған, оның ішінде азаптау мен зорлау оқиғалары да бар.
Шевчуктің сөзінше, тергеу барысында кінәлі деп танылған адамдардың басым бөлігі – Ресей армиясының 76-шабуылдаушы десант дивизиясының 234-полкінің әскери қызметкерлері. Бучада сол кезде болған екі жарым мыңға жуық ресейлік сарбаз анықталған. Украинаның құқық қорғау органдары жасалған қылмысқа тікелей кінәлі адамдар мен олардың командирлерін жауапқа тарту үшін жұмыс істеп жатыр.
Қазір қылмыстық істерді тергеу барысында 358 азаматтық тұлғаның қазасының мән-жайы зерттеліп, сот сараптамасы жұмыстары жалғасып жатыр. Кісі қолынан мерт болған Бучаның 13 тұрғыны өртеніп кеткендіктен олардың кім екені әлі күнге дейін анықталған жоқ.
Украина әскері Бучаны ресейлік басқыншылардан азат еткеніне биыл 31 наурызда үш жыл толды. Дүйсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский мен оның жұбайы Елена Зеленская осы қалада Ресей әскерінің қолынан қаза тапқан украиналықтарды еске алып, рухына тағзым етті. Еске алу рәсіміне Киевке келген Еуропаның 22 елінің парламент басшылары да қатысты. Ресми деректер бойынша, Ресей армиясы Бучаны басып алған соң 33 күн – 2022 жылғы 27 ақпаннан 31 наурызға дейін қаланы билеп-төстеген. Сол уақытта Ресей басқыншылығы салдарынан қалада 561 бейбіт тұрғын қаза тапқан, арасында 12 бала бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей оккупациясында болған Буча қазір қалай өзгерді?- Буча қаласы Киевтен шамамен 30 шақырым жерде орналасқан. Ресей әскері кеткеннен кейін қаладан көптеген бейбіт тұрғын өлі табылды. Тірі қалған куәгерлер Ресей әскері жаппай адам өлтіргенін, оған қоса азаптау, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасап, жаппай тонаумен айналысқанын айтып берді.
- Ресей тарапы өз әскері бейбіт халыққа қарсы қылмыс жасағанын жоққа шығарып, бұл оқиғаларды Киевтің ойдан шығарған қойылымы деп атады. Ресей қорғаныс министрлігінің Буча қырғыны жайлы жауабының ресми нұсқасына күмән келтірген адамдар "жалған ақпарат таратқаны" және "Ресей армиясын нақақ ғайбаттағаны" үшін қылмыстық жауапқа тартылып, қуғынға ұшырайды.