Украинада ішкі істер министрі отставкаға кетіп, Зеленскийдің билігі нығая түсті

  • Тодд ПРИНС

Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта) мен 13 шілде күні отставкаға кеткен ішкі істер министрі Арсен Аваков. Киев, қыркүйек 2019 жыл.

Сарапшылар Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваковтың "мәжбүрлі" отставкасын президент Владимир Зеленскийдің өз ықпалын арттыруға деген талпынысы деп бағалайды. Украина басшысы осыны пайдаланып, елде полиция реформасын жүргізе ме?

Украинадағы салмақты саясаткерлердің бірі, ішкі істер министрі Арсен Аваковтың отставкаға кетуі президент Владимир Зеленскийдің билігін күшейтуі мүмкін. Украина басшысы жылдар бойы қалыптасқан мүдделерге қарсы күресіп, реформа жүргізуге талпынып отыр.

Аваков 13 шілде күні үнсіз отставкаға кетті және бұл шешімінің себебін түсіндірген жоқ. Бұл Зеленский жеті жыл бойы ішкі істер министрі болған ықпалды шенеунікпен сахна сыртында келісімге келген деген болжамдарды күшейтті.

57 жастағы Аваков елде Зеленский мен президент әкімшілігінің басшысы Андрей Ермактан кейінгі ең ықпалды тұлға саналады. Ол құқық қорғау саласының 300 мың қызметкері мен мемлекеттік бюджеттің маңызды бөлігіне жауапты болған.

Аваков бірнеше рет ауысқан үкіметке, "жемқорлық жасады, магнаттармен байланысы бар" деген айыпталғанына қарамастан, істер министрі қызметінде ұзақ отырды. Сондықтан көбі оны "ешкімнің ықпалы жүрмейтін саясаткер" деп атап кеткен.

Вильсон орталығының жанындағы Кеннан институты директорының орынбасары Уильям Померанц "министрдің "мәжбүрлі" түрде отставкаға кетуі билікте отырғанына екі жыл толған Зеленскийдің бұрыннан келе жатқан саясаткерлерге өзін мойындатуының белгісі болуы мүмкін" деп есептейді.

"Бұл Зеленскийдің өзіне сенімді екенін, аталған қызметте өз адамдары болғанын қалайтынын көрсетеді деп ойлаймын. Ол билігін күшейтіп жатқанға ұқсайды" дейді ол.

2019 жылы сәуірде жемқорлықты жойып, билікті сахна сыртынан бақылауында ұстап отырған магнаттарға қарсы күресемін деген уәдесімен президент сайлауында жеңіске жеткен 41 жастағы комик Зеленский саяси аренадағы жаңа тұлға болды.

Дәл сол жылы шілдеде президенттің "Халық қызметшісі" ("Слуга народа") партиясы парламент сайлауында жеңіске жетіп, Зеленский жаңа үкімет құруға мандат алды.

Ол жаңа үкіметке көбіне жас әрі тәжірибесі аз министрлерді жинады, бірақ Аваковты орнында қалдырды. Бұл Зеленскийдің ішкі істер министрін өздері құлатқан ескі элитаның өкілі санайтын жақтастарына ұнаған жоқ.

Америкалық саяси сарапшы Адриан Каратницкий "Аваков Зеленскийге елдегі әскери-саяси ахуалды түсіну үшін қажет болды" деп санайды.

Украина 2014 жылдан бері шығыстағы екі провинциясының кей бөлігінде Ресейдің қолдауымен әрекет етіп отырған сепаратистерге қарсы үздіксіз соғыс жүргізіп келеді. Сондықтан бұл мәселе ұлттық саясатта басым рөлге ие.

Каратницкийдің пікірінше, Украина күштерін дайындауда маңызды рөл атқарған Аваков қиын-қыстау шақта "тұрақтылықты сақтауға қажетті элемент" болған.

Аваков ішкі істер министрі ретінде ұлттық полициядан жергілікті полиция бөлімшелері мен ұлттық гвардияға дейінгі әртүрлі құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестірумен айналысты. Сондықтан көбі Аваков қызметінен кетсе, құқық қорғау жүйесінің жұмысында қиындықтар туындайды деп алаңдады.

Шекара қызметі, жағалау күзеті, төтенше жағдайлар министрлігі мен көші-қон қызметі де Аваковтың бақылауында болған.

Каратницкий "Аваков соғыс басталғаннан кейін Украинаның деградацияға ұшыраған күштерін "қалыпқа келтірді", бірақ оның мұрасын біржақты бағалау қиын" дейді.

Қарсыластары Аваковты құқық қорғау органдарын реформадан өткізген жоқ, зорлық пен жемқорлықты жойып, заң үстемдігін орната алмады деп айыптайды. Шенеуніктің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарып, полицияның рейтингі жоғарылағанын айтады.

2020 жылы маусымда полиция қызметкерлері бір әйелді азаптап, зорлады деген хабардан және осыған ұқсас бірнеше даудан кейін Киевте Аваковтың отставкасын талап еткен жұрт көшеге шықты.

Ол кезде Зеленский қоғам қарсылығына қарамай, министрді қолдаған.

Бірақ кейінгі айларда президент олигархтар мен өзге де жеке бастың пайдасын көздеген мүдделерге қарсы күресіп, қоғам алдындағы беделін көтере бастаған.

Ақпан айында Зеленский Кремльге жақын магнат әрі депутат Виктор Медведчук пен оған тиесілі ақпарат құралына қарсы санкция салып, Украинаның билік жүйесіндегі тұлғаларды таңғалдырды. Президент "Бұл – көп жылдан бері реформа жүргізуге кедергі жасап келді деп айыпталған ұлттық магнаттарды бақылауға алу науқанының басы ғана" деп мәлімдеді.

Зеленский Кремльге жақын олигарх Викто Медведчукты санкциялады.


Наурызда Зеленский жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі бөлігін кері қайтарғаны үшін конституциялық сот төрағасын қызметінен босатқан. 14 шілдеде Украина жоғарғы сотының судьялар коллегиясы Зеленский шешімінің күшін жойды.

АҚШ пен Еуропа одағы Зеленскийді корпоративті басқарудың негізгі процедураларын сақтамады деп сынаған: сәуірде елдегі ең ірі салық төлеуші, мемлекеттік энергетикалық Нафтогаз компаниясы шығынға батқаннан кейін президент кәсіпорын басшысын ауыстырған.

Украинаның ақпарат құралдары маусымда "Аваков президенттің магнаттарға қарсы санкция салу, ұлттық гвардия мен көші-қон қызметін басқа министрліктерге беру туралы шешімдеріне қарсы шыққаннан кейін Зеленскийдің министрден көңілі қалды" деп жазды.

Аваков министрлер кабинетіндегі бөтен адам болды.

Ол Зеленскийдің сайлаудағы қарсыласы, бұрынғы президент Петр Порошенконың үкіметінен қалған жалғыз шенеунік болатын.

Аваков сондай-ақ парламенттің қолдауына ие тәуелсіз саяси ойыншы болып жүрген жалғыз министр еді.

"Аваков ешқашан [Зеленский] командасының ажырамас бөлігі болған емес" дейді Каратницкий.

Зеленский Аваковтың орнына өзі басқаратын "Халық қызметшісі" ("Слуга народа") партиясының депутаты және парламенттегі қоғамдық тәртіпті сақтау комитетінің мүшесі Денис Монастырскийді ұсынды.

41 жастағы Монастырский бұрын Аваковпен жақсы араласатын ішкі істер министрінің орынбасары Антон Геращенконың кеңесшісі болып істеген. Осыған қарап, кей сарапшы Зеленский мен Аваков министрдің отставкаға кету мәселесін келісіп алған, олар бұрынғы шенеунікті қылмыстық қудалаудан құтқару жайын да талқылаған деп топшылады.

Зеленский әкімшілігінің Азаттыққа берген жауабында "Аваков өзінің орнына қалдыратын адамды таңдауға, Монастырскийдің кандидатурасын мақұлдауға қатысқан жоқ. Зеленский өзі таңдады. Монастырский министрлікті әлдеқайда ашық әрі халыққа есеп беретін органға айналдырады деп үміттенеміз" делінген.

Зеленскийдің әкімшілігі Аваковты "Украина мен ішкі істер министрлігі үшін қиын кезеңдерде көп реформа жүргізді" деп мақтап, "реформалардың қарқынын арттырып, ауқымын тереңдету керек" деген мәлімдеме жасады.

Редакцияға жіберілген хатта "Зеленский Монастырскийдің министрлік ішіндегі ведомстволардың, оның ішінде көші-қон қызметінің деполитизациясына, ашықтығына, тиімділігі мен халыққа қызмет көрсетуге бағытталған трансформациясына мән бергенін қалайды" деп жазылған.

Каратницкий Монастырскийді "Аваковқа қарағанда, президент әкімшілігінен түскен тапсырмаларға "әлдеқайда сезімтал" әрі билікке тәуелді министр" деп сипаттайды.

Бизнес қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдері Аваковтың отставкасын қолдады.

Вашингтонда орналасқан америкалық-украиналық іскерлік кеңес президенті Морган Уильямс шенеуніктердің қызметі ауысқанын қолдайтынын, министрлер ұзақ уақыт билікте отырса, мұның кері салдары болуы мүмкін екенін айтады.

Киевтегі жемқорлыққа қарсы күрес орталығының атқарушы директоры Дарья Каленюктың пікірінше, Аваков ішкі істер министрлігіне "жеке әскері" сияқты қараған.

Оның айтуынша, Аваковтың отставкасы тұралаған полиция реформасын жалғастыруға мүмкіндік береді.

"Өзгеріссіз жағдай жақсармайды. Монастырский Аваковтың адамы болған күннің өзінде бұл жаңа министр өзін дәл бұрынғы шенеунік сияқты ұстайды дегенді білдірмейді" дейді сарапшы.

Померанц Зеленскийдің Аваковты артық шусыз қызметінен алып тастауын Украина президентінің осы жазға жоспарланған Вашингтонға сапары мен АҚШ президенті Джо Байденмен кездесуінің алдында дер кезінде жасалған қадам деп бағалайды.

Аваков жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған. Белсенділер ұзақ жыл үкіметке жұмыс істеген адам осындай байлыққа қалай қол жеткізгенін білгісі келеді.

Бұрынғы министр жыл басында Байден әкімшілігі кәсіпкерлерді қудалаудан қорғап, жемқорлық жасады деген айыппен қара тізімге қосқан магнат Игорь Коломойскиймен жақсы араласады деген сөз бар. Бірақ Аваков бұл ақпаратты жоққа шығарады.

Байден әкімшілігі Украинадағы жемқорлық пен тоқырауға ерекше мән беріп, Зеленскийді осы мәселелерді шешуге шақырды.

Померанцтың пікірінше, Зеленский Байденмен кездескенде бәрі өз бақылауында екенін көрсетуі керек. Өйткені АҚШ президенті "Біз сендерді қолдаймыз, бірақ елді [жемқорлықтан] тазаламасаңдар, төзіміміз көпке жетпейді" деген болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина мен Ресей арасы не болып жатыр? 6 сұраққа жауап