"Антарес". Соғыстағы құтқарушы қаһарман иттер
Бұл – Украинаның шығысындағы Днепрге жақын Павлоград қаласында шоғырланған еріктілердің "Антарес" атты іздеу-құтқару тобына тиесілі иттер.
Әйелдер командасын Лариса Борисенко (суретте) 2008 жылы құрған. "Антарес" еріктілер тобы әу баста із-түзсіз жоғалған адамдарды табу үшін құрылған.
2022 жылы қазанда Ресей әскері Запорожьеге соққы жасап, тұрғын үйлер қирады. Суретте "Антарес" тобының иісшіл иттері үйінді астынан аман қалғандарды немесе қаза болғандарды іздеп жүргені көрінеді.
2022 жылы соғыс басталған кезде аталған топ қираған ғимараттардан адамдарды құтқарумен айналыса бастады.
"Олар үшін бұл ойын сияқты. Бұл иттер ешқашан жалықпайды, мәйіттерді тапқан кезде, бәлкім, бұл дөрекі естілер, олар ойнағандай күй кешеді" дейді құтқарушы иттердің миссиясы туралы айтқан Борисенко.
Топта 14 ит пен 30 шақты адам бар. Ұйым постсоветтік Украинадан шыққан иісшіл иттер чемпионатына қатысқан алғашқы иттің атымен аталған.
"Антарес" командасы зымыран соққысына ұшыраған орындардың бірінде тұр.
Борисенконың айтуынша, ең қиын сәт иттер бәрін мұқият тексеріп болғаннан кейін басталады.
"Бұл – өте қорқынышты сәт, мен ол кезде "үйінді астында тірі адам қалған жоқ" деп айтамын. Ал одан кейін ауыр техника жіберіледі. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Егер үйінді астында құтқарушылар анықтай алмаған тірі адам болса да, ол адам ешқашан үйіне оралмайды" дейді ол.
"Антарес" командасының мүшесі куратормен бірге. Еріктілер үйреткен иттердің бірі мәйіттерді ғана таба алады, ал кейбірі "әмбебап", яғни тірі адамдарды да, қаза болғандарды да іздейді.
Иттер қуана үріп, тірі адам барынан хабар береді. Борисенконың сөзінше, "мәйітті тапқан кезде де ит үреді, бірақ басқаша дыбыс береді. Немесе үнсіз жатып алады".
2022 жылғы ақпан күнгі сұхбатында Борисенко соғыс басталғалы оның командасы үйінді астынан бірде-бір тірі адамды таппағанын айтқан.
Құтқарушы иттерге "кеудеше" кигізіледі, ол иттерді арқанмен ұстап жүріп, керек кезде босатуға көмектеседі. Бұған қоса, иттерге табанын қорғайтын арнайы "аяқкиім" кигізіледі. Ол әйнек сияқты түрлі өткір заттары болуы мүмкін үйіндіні қазған кезде иттің табанын қорғайды. Иттерге сонымен бірге қай жерде жүргенін білдіріп отыратын пейджерлер орнатылады, ол иттің жүргенін немесе қозғалыссыз қалғанын көрсетеді. Оны пейджер сигналының жиілігіне байланысты анықтауға болады.
Топтың ең жас мүшесі – 17 жастағы Мария Романова. Оның бауыры армияға кеткен.
"Біз осыған дейін күрделі миссияға жастарды алмай келгенбіз. Бірақ Ресей басқыншылығы бізге мүмкіндік қалдырмады. Егер 17 жастағы қыз миллиондаған ересек жасай алмаған нәрсені жасай алса, онда ол бізге керек" деді Борисенко.
Жаттығып жүрген Корги Элтон.
Дене бітіміне байланысты корги тұқымдас иттер әдетте іздеу-құтқару жұмыстарына мүлде араластырылмайтын. Алайда, құтқарушылардың айтуынша, Элтон Корги Днепрге соққы жасалған кезде үзіліссіз 22 сағат жұмыс істеген.
"Ол кезде өте қиын болды, себебі шағыл тастар өте сырғанақ еді, иттерге бетон плитада аяқкиімімен жүріп, тепе-теңдік ұстауға тура келді. Айнала – түтін, жұмысты қиындатып жіберді. Бірақ біз жақсы жұмыс істедік, өкінішке қарай, тек мәйіттерді таптық" дейді Мария Романова.
Борисенко кей кезде иттерге соншама көп жұмыс артып қоятынына өзін кінәлі сезінетінін мойындайды. Оның сөзінше, ұзақ ауыр жұмыстан кейін иттердің бірі үйге келген соң, бірден диванға секірген. "Сосын тұрып, асүйге барып, су ішті. Бір кезде "ит қайда" деп сұрастыра бастап едік, табағының жанында ұйықтап қалыпты".
Бала кезінен бері иттермен жұмыс істеген ерікті "Оларды қатты аяп кетемін. Бірақ бізде өзімізге де, оларға да талап жоғары" деді.