Украина бір мезетте үш жерден майдан ашып, көптен күткен қарымта шабуылын бастады. Киев осы арқылы Батыс елдеріне соғысты жалғастыруға қауқары жететінін дәлелдегісі келеді.
Украина Батыс танкілері мен НАТО дайындаған жауынгерлерін соғысқа салып, Ресей бөлімдеріне үш жерден шабуыл жасады. Киев қарымта шабуыл 15 айға созылған соғыс барысын өзгертеді деп сенеді.
Кейінгі екі күнде Запорожье облысының оңтүстігіндегі Орехов және Токмак қалаларында шайқастар өткен. Украина күштері Токмакты басып алса, Мелитопольге өтіп, оккупацияланған Қырым түбегі мен Азов теңізіндегі Бердянск портына жақындай түсер еді.
Шығысқа қарай Запорожье және Донецк облыстарының арасындағы әкімшілік шекараға жақын Великая Новоселка елді мекенінде, ақпанда Ресей әскері жеңіліске ұшыраған Угледар аумағында шайқас жүріп жатыр деген хабар бар. Сондай-ақ өткен айда Ресей басып алған Донецк облысындағы Бахмут қаласы маңында да майдан қызып жатыр. Бахмут Ресей әскерінің қолына өткенге дейін 10 ай бойы соғыс алаңына айналып, үздіксіз атыстан түгел қираған.
Украинаның өкілетті тұлғалары Ресейге қарсы операция басталғаны туралы көп айтпаса да, президент Владимир Зеленский мен бас қолбасшы, генерал Валерий Залужный шабуыл болатынын ескерткен.
"Украинаның қорғанысы мен шабуылы жалғасып жатыр" деді 9 маусымда президент Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк.
– Шабуыл басталды деген дұрыс сияқты, – дейді Австралия әскерінің отставкадағы генералы Мик Райан.
Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр Донецк облысының әр жерінде ұрыс жүріп жатқанын, Украина әскері қарымта шабуылға көшкенін хабарлады.
Украина президенті Владимир Зеленский 8 маусымда түнде жасаған мәлімдемесінде Донецк облысында өте ауыр шайқас жүріп жатқанын айтты.
Ресейлік әскери блогерлер де кейінгі күндері әскери қимылдар қарқыны күшейгенін байқаған. Олар Украина әскері көп шығынға ұшырап жатыр дейді. Кей блогерлер Запорожье облысының оңтүстік-шығысында Германиядан жеткізілген екі "Леопард" танкісі істен шыққаны туралы видео жариялады.
– НАТО-ның "Леопард 2", "АМХ-10" сияқты жаңа техникасын көріп отырмыз. Бұл Украинаның бірнеше бригадасы майданға қосылып, қарымта шабуыл жалғасып жатқанын көрсетеді, – деді бұрын АҚШ-тың теңіз жаяу әскерінде болған, қазір сыртқы саясат жөніндегі зерттеу институтында әскери сарапшы болып жұмыс істейтін Роб Ли.
Ресейдің қорғаныс министрлігі 5 маусымда Украина жаңа операция бастап, Донецк облысының оңтүстігінде бес жерден шабуыл жасағанын мәлімдеді. The Washington Post басылымы сөйлескен, аты-жөні аталмаған ақпарат көздерінің дерегінше, Украинаның шабуылы 5 маусымда басталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина әскері Угледар түбіндегі селоны азат еткенін хабарлады8 маусымда Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Запорожье облысындағы Новодарьевка маңында Украина күштеріне тойтарыс берілгенін айтты. Ұрысқа Киевтің шетелде дайындықтан өткен жауынгерлерінен құралған 47-механикаландырылған бригадасы қатысқан. Шойгу шайқаста 1500 жауынгер мен 150 әскери техника болғанын айтты, бірақ бұл ақпаратты растау мүмкін емес.
Ресей қорғаныс министрлігінің "Украинаның жеңіліс тапқаны" туралы мәлімдемесін ресейлік әскери блогерлер де қызу қолдады.
8 маусым күні кешкісін Ресей қорғаныс министрлігінің шенеуніктеріне қатысы бар "Рыбарь" телеграм-арнасы "Украинаның шабуылы сәтсіз аяқталғанына қарамастан, босаңсуға болмайды: қарсылас Запорожье бағытындағы шабуылын енді бастады" деп жазды.
Украинаның оккупацияланған Запорожье облысына тағайындалған басшы Владимир Рогов украиндер Малая Токмачка мен Новоданиловканың арасында шабуыл бастады деді. Мұны басқа ақпарат көздері де растайды.
Рогов 8 маусымда телеграм-арнасына "Қазір қызу шайқас жүріп жатыр. Қарсылас позицияларымызды артиллерия мен танкілерден атқылап, жойып жібергісі келеді" деп жазды.
"Қарсылас бастаған шабуылын тоқтатып, жоспарын өзгертпейді. Бізді ұзақ әрі қанды шайқас күтіп тұр. Майдандағы нәтижеге байланысты шайқас бірнеше күннен 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін. Қарсылас жеңістен дәмелендіретін нәтижеге қол жеткізсе, аямай соққы жасай береді" деді Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері, 2014 жылы Шығыс Украинада Malaysian Airlines әуекомпаниясының MH17 рейсін атып түсіргені үшін сотталған Игорь Гиркин.
Былтыр күзде Украина күштері Харьков және Луганск облыстарын азат ету үшін шығысқа қарай ұмтылып, қарымта шабуыл жасағаннан кейін 1000 шақырымдық майдан шебінде біраз уақыт тыныштық орнаған. Киев орыс әскерін Днепрдің батыс жағалауынан шегіндіріп, жақсы нәтиже көрсетті.
Қыста қатарына 300 мың жаңа жауынгер қосылған Ресей әскері қарсыласына Угледарда шабуылдады. Ресей командирлері Бахмут қаласында мобилизацияға ілінген азаматтар мен "Вагнердің" жалдамалы әскерін пайдаланып, украиндерге ойсырата соққы берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина қарымта шабуыл бастады ма? Ресей солай дейді, Киев үндемейдіУкраина Бахмут шайқасында шыдас беруге тырысып, әскери қару-жарақ қорын жаңа танк, артиллерия, беренді техникамен толықтырды. Украинаның командирлері НАТО-дан 12 жаңа бригада дайындап беруді сұрады. Оған АҚШ-тан келген Bradley әскери көлігімен жабдықталған 47-механикаландырылған бригада да кіреді.
– Украинаның жаңа бригадаларының бәрі бірдей шайқасқа қатысып жатқан жоқ. Киев осылай басқа бағыттарда да шабуыл жасауы мүмкін. Бәрі Украинаның қазіргі шабуылдары қалай аяқталатынына байланысты. Сәтті болса, Киев тағы басқа бағыттарда резервін пайдалануы мүмкін, – дейді Ли.
Ресейдің барлау қызметінен бөлек, басқа сарапшылар да Украинаның қарымта шабуылы басталар сәтті мұқият бақылады. Шабуыл Запорожье сияқты оңтүстік өңірден басталады деп топшыланған. Өйткені бұл – ашық әрі тегіс жер. Запорожьені алса, Азов теңізіне жол ашылып, Қырымға Ресейден тауар жеткізіп отырған көпірді жауып тастауға болады.
Ресей бірнеше ай бойы бұл аумақтағы бекіністі күшейтіп, мина көміп, танкілерге қарсы қоршау салды.
– Қазір Ресейдің реакциясын білу үшін жасалған алғашқы шабуылдарға куә болып отырмыз. Мақсат– Ресейдің әлсіз тұсын табу ғана емес. Орыстардың реакциясын көру. Олар резервтерін қайда көшіреді? Қашан шабуыл жасауға болады? Штабтары қайда? Шабуылдар Ресей әскерінің көзін жою үшін ғана емес, маңызды шешімдер қабылдайтын тұлғалардың реакциясын туғызу үшін де жасалып отыр, – дейді Райан.
– Украиндер Ресейдің қорғанысын бұзып кіруге тырысатын сияқты. Бұл қиын, адам шығыны көп болады. Бірақ көп шығынға ұшырау Украина жеңілді дегенді білдірмейді, – дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Марк Канциан.
Батыс елдерінің ресми тұлғалары ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. 8 маусымда АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі "Ресей мен Украина арасында қақтығыс қызып жатқанын байқадық. Бірақ бұл шайқастар қалай өтіп жатқанын айтуды Украинаның өзіне қалдырайық" деді.
АҚШ-тың ресми тұлғалары Батыс басылымдарына аты-жөнін жария етпей сұхбат беріп, қарымта шабуыл қызу жүріп жатқанын айтқан.
Украинаның шабуылы апта басында Новая Каховкадағы бөгеттің жарылуымен тұспа-тұс келді. Ресейдің бақылауындағы суқойма бөгеті 6 маусымда жарылып, Херсон облысының жүздеген шаршы метрін су басып қалған. Украина апат Ресей әскері ұйымдастырған жарылыстан болды дейді.
Кей сарапшылар су бөгеті әдейі жарылған деген нұсқаға сенеді. Олардың пікірінше, Ресей осы арқылы украин әскерінің өзенді кесіп өтуіне кедергі жасамақ болған. Бірақ Ресейдің окоптарын да сел басып қалды. Сел тоқтағанда Украина күштеріне өзеннің арғы бетіне өту бұрынғыдан да жеңілдейді.
Украина бұл жолы қарсыласы мен одақтастарын тағы да таңғалдыра ала ма?
Соғыс жаңа басталғанда Украина Ресейдің Киевті жаулап алу жоспарын күл-талқан етіп, үлкен ерлік көрсетті.
– Украиндер Киевтің түбінде орыстармен соғысты. Батыс украин халқы соғыса алатынын көрді. Украинаның қазіргі шабуылы да – соғыстың маңызды кезеңдерінің бірі, – дейді Райан.
Украина жеңіске жетсе, бір жылға созылған тұрақсыздық пен әскери көмек беруден жалыққан Батыс елдерінің көңілі жайланады. Киев жеңілсе, одақтастары оған қысым жасап, Мәскеумен бейбіт келіссөз жүргізуге итермелейді.
– Соғыста аз қателескен тараптың жолы болады. Украинаның әскері мінсіз емес, бірақ олар жауына қарағанда аз қателесті, – дейді Райан.