Украина әскері елде жасалған, электр күшімен жүретін велосипедті жаумен шайқаста тиімді пайдаланып жүр.
Ресей армиясы басып кірген Украинадағы соғыс аймағында жүрген танкіге қарсы NLAW ракетасы орнатылған мотоцикльге ұқсас көлік құралының суреті техника тақырыбына жазатын басылымдардың назарын бірден өзіне аударды.
Қос доңғалақты бұл көлік құралы – электр қуатымен жүретін велосипед екені, украин сарбаздары оны дұшпанға қарсы соғыста ұтымды пайдаланып жүргені кейін белгілі болды. Сарапшылар мұны соғыс ісіндегі тактикалық жаңалыққа жатқызады.
Delfast деп аталатын украиндар мен америкалықтардың бірлескен компаниясы құрылтайшыларының бірі Дэниел Тонкопи 16 мамырда Facebook-парақшасына жариялаған постында электрмен жүретін мұндай велосипедтерді украин сарбаздары соғыста пайдаланып жүргенін жазды.
Тонкопи ресейлік беренді техникаға қарсы шабуылдаған украин сарбаздарының әскери тапсырманы орындауға аккумулятордан қуат алатын велосипед мініп барғанын айтады. Сарбаздар жорықтан оралғаннан кейін үш велосипедтің корпусында тесік пайда болғаны анықталған.
Екі доңғалақты көлік құралын майданда ең алғаш рет Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайдаланған. Ол кезде мотоцикльдің артықшылығы көрінді: ауыр техника кібіртектеп қалатын ойлы-қырлы жерден арзан әрі жүйрік көлік тез өтіп кететін.
Қазір бірнеше елдің қарулы күштері, соның ішінде АҚШ армиясы да әскери жорықта электрмен жүретін велосипедті пайдалану мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.
Электр қуатымен жүретін велосипедтің басты артықшылығы – аса байқалмайтыны. Жаңа технологиялар дұшпан бекінген жерге аттанған арнайы топ жауынгерлеріне алыс қашықтыққа жауға білдіртпей жылдам баруға мүмкіндік береді. Бұрын ондай жағдайды шулы көлік мінген сарбаздарға атыса жүріп қозғалуға тура келетін.
Электрмен жүретін велосипедке жанғанда исі шығатын отын қажет емес. Мұндай көлік торуылға шыққан кезде жаудың көзіне түспей жасырынуға, ал әскери тапсырманы орындағаннан кейін техниканың көбі жүре алмайтын орман ішіндегі иір-қиыр соқпақпен лезде көзден ғайып болуға мүмкіндік береді.
Негізінен көпшілікке арналған кәдуілгі электрмен жүретін велосипед шығаратын украиналық Eleek компаниясының әлеуметтік желідегі парақшасынан Ресей басқыншыларына қарсы соғыста жүрген украин сарбаздардың аккумулятордан қуат алатын велосипед мініп түскен суреттерін көруге болады.
Тернополь қаласында орналасқан компания жариялаған жоғарыдағы суретте әскерилер пайдалану үшін арнайы әзірленген электрмен жүретін велосипед мінген, снайперге арналған киім киген украин сарбазы бейнеленген.
Eleek компаниясы құрастырған электрмен жүретін велосипед 150 километрге дейін бара алады. Салмағы 70 келі болатын көлік құралының басты екі кемшілігі – қуаттандыру ұзақ уақыт алады және қымбат тұрады. Аккумуляторын толық қуаттандыруға 5 сағат уақыт жұмсалады.
Eleek Atom компаниясы жасаған электрмен жүретін велосипедтің құны 5245 доллар, ал Delfast компаниясы шығаратын, Украинада көзге түскен көлік құралына ұқсас велосипедтің бағасы — 6799 доллар.
Әскерилер Eleek компаниясы жасаған электрмен жүретін велосипедті өткен ғасырдың орта шенінде өмір сүрген қарама-қайшы тұлға – украин ұлтшылдарының көсемі Степан Бандераның құрметіне "бандеробайк" деп атайды. (Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде украин ұлтшылдары ұйымын (ОУН) басқарған Степан Бандера нацистермен де, совет әскерімен де соғысқан. Кейбір тарихшылар оны әу баста нацистермен одақтасып, еврейлер мен поляктарды өлтіруге қатысқан деп айыптайды.)
Жақында интернетте жарияланған видеодан Ресей әскеріне қарсы Украина қарулы күштері жағында соғысып жатқан Грузин легионы сарбазының электрмен жүретін велосипед мініп, сағатына 90 километр жылдамдықпен құйғытып бара жатқанын көруге болады. Eleek Atom компаниясы жасаған электр қуатымен қозғалатын велосипед те тура осындай жылдамдықпен жүре алады.
Қазір Украинаның шығысында соғысып жүрген Грузин легионының басшысы журналиспен әңгімеде өзіне бағынышты снайперлер бөлімшесі бұл күндері қызу шайқас болып жатқан Донбаста жаудың иегі астында "аяқ астынан пайда болып, әп-сәтте көзден ғайып болуы керек" деп түсіндірген.
"Электрмен жүретін велосипед бізге сол үшін қажет" дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Украина күштері Ресей танкілерін дроннан тасталған ескі совет снарядымен жоядыАҚШ-тың "найзасы". Ресей танкілерін "жойып жатқан" Javelin қандай қару?"Беренін бұзып, ішін қопарады". Украинадағы соғыста Ресей әскери техникасы қалай күйреді?Қара теңізде Ресейдің "Москва" крейсері суға батты. Оған не болды?Батыс берген қару-жарақ Украинаға көмектесе ала ма? Сарапшымен сұхбат