Түркия месхет түріктерін (Ахыска түріктері ) Украинаның шығысындағы террорға қарсы операция аймағынан (ресейшіл сепаратистермен соғыс шебінен – ред.) көшіре бастады. Жұма күні «Харьков» әуежайынан Түркияның Эрдзинджан қаласына алғашқы 347 адам ұшып кетті.
- «Мұнда жап-жақсы тұрып жатыр едік, енді жат жерге қалай кетеміз?» десем, күйеуім «барамыз» деп отырып алды. Ұлдарым да «көшіріп әкетейік деп тұрғанда кету керек» деді. Мұнда бәрібір жұмыс жоқ, қалай күн көреміз, барайық, көрейік, -деп мұңаяды Махпила Шамшадова.
Махпиланың отбасы 14 жылдай Славянск қаласында тұрған. Ол мектепте аспаз болып жұмыс істеген. Ал күйеуі мен ұлдары соңғы 25 жыл бойы бұл қаладағы месхет түріктердің көпшілігі сияқты егіншілікпен айналысқан.
- Мұнда жеріміз, егістік алқаптарымыз бар еді. Қияр, помидор, баклажан, бұрыш өсіреміз. Екі-үш гектар жер алып, жыртып, түскен өнімін сатып, күн көрдік. Тұрмысымыз жақсы болды... Атыс басталғанда (былтырғы мамырдың аяғы мен 5 маусым аралығы – ред.) жертөлеге тығылып, бір айдан көп отырдық. Диханшылық жайына қалды, - дейді Махпиланың күйеуі Ваид Мамедов.
- Қазір неге кетіп барасыздар? Қазір атыс тоқтады ғой.
- Ертең атыс басталмайтынына кепілдік бере аласыз ба? Бере алмайсыз. Біз де оны білмейміз, ал ол жақта кепілдік береді! - дейді көздерін қуақылана сығырайтқан Ваид.
Ол 67 жыл ғұмырында төртінші рет қоныс аудармақ. Әке-шешесі Месхетиядан Өзбекстанға депортацияланған. Ол 1944 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. (СССР мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысымен «Халықтың көпшілігінің Түркия шекарасына таяу аудандарда тұратын туыстары бар, сондықтан олардан эмиграциялық көңіл-күй байқалады әрі дұшпанмен сыбайласып, контрабандамен және Түркияның барлау органдарына тыңшылық етуге әзір элементтерді үгіттеп, бандит топтарды дайындаумен айналысты деген айыппен» 115 мың 500 месхет түрік туған жерінен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға көшірілген). 1989 жылғы Ферғана бүлігінен кейін Мамедовтар отбасының Ресейге кетуіне тура келген. Кейін олар Әзербайжанға көшкен. 2000 жылдардың басында Ваид ол жақтан Украинаның Славянск қаласына қоныс аударған. Ол 10 жылдан бері бауыры тұратын Түркияда үш мәрте болғанын (Махпила ұшақтан қатты қорқатындықтан, жалғыз өзі барған) айтады. «Бала-шағамды алып мен де көшкім келген, бірақ баспана қиындығы тоқтатты» дейді ол.
– Ол жақта үй өте қымбат. Бауырым - дәрігер, үй сатып алатын шамасы бар. Ал менің шамам келмейді. Ал қазір үй де, басқалай да көмек береміз деп отыр, - дейді ол.
– Қандай жұмыс, қандай үй береді екен деп уайымдаймын. Баруын барамыз ғой, бірақ ол жақтағы күніміз не болады, немен айналысамыз деп қатты уайымдаймын, - дейді басын шайқаған Махпила.
Түркия үкіметі Украинаның шығысындағы шайқастардың зардабын тартқан месхет түріктерге баспана беріп, жұмысқа орналасуға көмектеседі. Украинадағы Түркия елшісі Йонет Джан Тезель :
– Бұл адамдар Түркияда қоныс аударушылар ретінде тұрады, оларға баспана беріледі. Баспана бірінші кезекте беріледі. Үйлері дайын. Жұмысқа тұруға рұқсат алуға барынша көмектесеміз әрі әлеуметтік, гуманитарлық, оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша тиісті көмек алады, - дейді.
Ол месхет түріктерін «туысқан бауырлар» деп атайды. Елшінің айтуынша, «Қырым татарлары сияқты олар да (месхет түріктерді айтады – ред.) талай қиындықты кешкен, бірақ оларға Түркия азаматтығын беру мәселесі әзірше қаралмайды»
– Олардың тарихи отаны қазір Грузияның шекарасында қалды. Түбі тарихи отандарына қайта оралады деген үмітіміз бар, бұл мәселе халықаралық деңгейде шешіліп қалар. Қазір бұл процесс біраз баяулап қалды... Біз Украина елінің азаматтарына айналған Қырым татарлары сияқты месхет түріктерін де Украинамен достық қарым-қатынас орнатуға дәнекер санаймыз. Сондықтан олар азаматтығын сақтап, Украинамен байланысын үзбейді деп ойлаймын, - деп түсіндіреді елші.
Украинадағы Дүниежүзілік ахыска түріктерінің бірлестігі (DATÜB) өкілі Марат Расулов көшіп бара жатқандардың көбінің жұмыс жағынан қиындық көрмейтініне сенімді. Оның айтуынша, Украинадан қоныс аударған алғашқы топ Шығыс Анатолияның Эрдзинджан (Erzincan) провинциясындағы Узюмлю (Üzümlü) қалашығына орналасады.
– Ол жақта ауыл шаруашылығы жерлері, жүзімдіктер көп. Üzüm сөзі түрік тілінен «жүзім» деп аударылады. Ол жақта жай жүзім емес, өзге еш жерде өспейтін, арнайы патенттелген жүзім өседі. Қоныс аударушылар ауыл шаруашылығымен айналыса алады. Олардың ішінде кім қандай мамандықты меңгергенін көрсетіп, тізімін бердік. Оларды мамандығы бойынша жұмыспен қамтуға тырысамыз, - дейді ол.
Мараттың айтуынша, Узюмлюде Украинадан қоныс аударғандарға арнап жаңа үйлер салынған.
- Бір және екі қабатты коттедждер бар. Үйлер монолит бетоннан сапалы салынған. Бір отбасыға төрт бөлмелі пәтер береді. Эрдзинжанның қысы суық, үйлерді пешпен жылытады. Әр отбасыға бес тоннадан көмір түсіріп қойды. Жұрт дайын үйге көшіп кіреді. Ішінде тұрмысқа қажет ыдыс-аяқ, жиһаз, тоңазытқыш, кір жуғыш машина сияқты дүниелер бар - бәрі дайын! Киім-кешек сияқты жеке заттарыңды аласың да, көшіп кіре бересің, - дейді Марат Расулов.
Ваид Мамедов қажет заттарымен қоса, қысқа дайындап қойған жеміс, көкөніс консервілерін де алғанын айтады.
- Енді қалай деп едіңіз? Әйелім оларды еңбектеніп жапты ғой. Қалай қалдырып кетеміз? – дейді ол.
Ваид пен Махпила жүктері ауыр (120 кг) болғандықтан, Славянскіден Харьковке өзге жұртпен автобуспен баруға ұялған. Олар әуежайға жұрттан бұрын келіп алды. Бірер сағаттан кейін жаңа терминалдың алдына үлкен үш автобус тоқтады. Иығына Түркияның туын жамылып алған ақсақал автобустан бірінші болып түсті.
- Көңіліміз көтеріңкі! Аман-есен жетейік! – дейді ол журналистердің сұрақтарына қолын бұлғап. Марат Расулов «Көшіп бара жатқандардың ішіндегі үлкені - 90 жастағы осы ақсақал.
Жасөспірім шағында месхет түріктерін депортациялауға іліккен қарт үшін Түркияға көшу - туған жерге қайта оралу болмаса да, туған елге жақындаумен бірдей. Қоныс аударуға жиналғандардың арасында емшектен шықпаған сәбилер де бар. Шешелері көтеріп алған олар буыншақ-түйіншектерін сүйреткен ересектер мен олардың аяғына оратылып, тынымсыз жүгіріп жүрген аға-әпкелерінің төбесінен маңғаздана қарап қояды. Көшіп бара жатқандардың жартысына жуығы бала деуге болады. Жеті жасар Рустам өзінің бойымен бірдей ақ қонжықты (ойыншық - ред.) сүйретіп жүр. Ол бес жасар қарындасы Хайяттың қонжығы екен. Түркия президентінің портреті бейнеленген және «Эрдоған, сенікі дұрыс!» деген жазуы бар қызыл футболка киген бірнеше жігіттің дауыстары жарқын-жарқын шығады.
- Эрдоған – біздің президент! Туған жерге қайтып барамыз! – дейді қарқылдай күлген жігіттер.
Қоныс аударуға жиналған жұрт түрікше сөйлесіп жатыр. Месхеттік түріктер өз тілін сақтап қалған. Сондықтан елші «олар тіл жағынан қинала қоймас, балалар да мектепке тез төселіп кетеді» дейді.
Эрдзинджанға Харьковтен алғашқы екі чартермен 350-дей адам ұшады. Түркия үкіметі барлығы 677 отбасын (үш мыңға жуық адам) қабылдауға әзір. Бірақ кейінгі рейстер қашан болатыны әзірше белгісіз.
- Бәрі дайындыққа байланысты. Түркияда дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі бітіп тұр, бірақ мұндағы адамдар да буынып-түйініп, көшуге әзір отыруы тиіс. Келесі көштің кезегі қашан келетіні кейінгі апталарда белгілі болады, бәрі жұрттың дайындығына байланысты, - деп түсіндірді Йонет Джан Тезель.
Елена Львованың мақаласы орыс тілінен аударылды.