Амстердамнан Куала-Лумпурға 10 километр биіктіктегі халықаралық әуе коридорымен ұшып бара жатқан ұшақ Ресей әуе кеңістігі аумағына кіруге 50 километр қалғанда апатқа ұрынған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 16:20 кезінде ұшақ байланыстан ажырап қалған.
Ұшақ құлаған маңдағы тұрғындар радиусы 15 километрлік аумақтан жүздеген адамның мәйіті мен ұшақ сынықтарын тапқанын Украина төтенше жағдайлар министрлігі жария етті.
Ұшақ бортындағы 295 адам (280 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі) түгел қаза тапты деп хабарлады Украина сыртқы істер министрі кеңесшісі Антон Геращенко. Ол ұшақты ресейшіл сепаратистер "Бук" зенитті зымыран кешенімен атып түсірді деп мәлімдеді.
Өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасы (ДХР) басшылығы ұшақ апатына қатысы жоғын айтып, оқиғаға Украин әскерін кінәлайды.
Украина сепаратистерге қарсы операция жүріп жатқан аумақта тым биікте ұшып бара жатқан ұшақты атып түсіретін қару қолданбағанын айтады.
Өзін ДХР қорғаныс министрі деп атайтын Игорь Стрелков ұшақ апатынан соң 25 минут өте "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парағында: "Торез маңында жаңа ғана Ан-26 ұшағы атып түсірілді. "Прогресс" шахтасы жақта жайрап жатқан шығар. "Біздің аспанда" ұшпаңдар деп ескерттік қой" деген жазба жариялаған еді.
Сепаратистер 14 шілде күні Луганск облысында 6 километр биіктікте ұшып бара жатқан Ан-26 транспорт ұшағын атып түсірген.
Украина президенті Петр Порошенко ұшақ апатына байланысты мемлекеттік комиссия құрылатынын жариялады. Ол соңғы күндері бұған дейін де Украинаның екі ұшағы Ресей жақтан атып түсірілгенін айта келе, "Украина қарулы күштері әуедегі нысананы көздеген ешқандай әрекет жасамаған" дейді.