Киев полициясы баспасөз қызметі басшысы Оксана Блищиктің хабарлауынша, Денис Вороненков пен оққағарына Premier Palace отелі маңында белгісіз біреу оқ жаудырған.
Атыс кезінде Вороненковтың күзетшісіне де оқ тиген, бірақ күзетші шабуыл жасаған адамды жаралаған. "Жаралылар - шабуылдаушы мен оққағар ауруханада күзетулі жатыр" деп хабарлады Киев полициясының басшысы Андрей Крищенко. Бірер сағаттан кейін шабуылдаушының ауруханада көз жұмғаны хабарланды.
Ресей мемлекеттік думасының тағы бір экс-депутаты, қазір Киевте тұрып жатқан Илья Пономаревтың Facebook-парағында жазуынша, Денис Вороненков онымен кездесуге бара жатқанда оққа ұшқан.
Денис Вороненков Ресейде қудалау көруден қауіптеніп, 2016 жылы күзде Украинаға қоныс аударған. Ол былтыр желтоқсанда Украина азаматтығын алған.
Биыл 14 ақпанда "Цензор.Нет" басылымына сұхбат берген Вороненков Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын "қателік" деп атаған. Ол Ресейдегі қазіргі саяси жағдайды нацистік Германияда болған жағдаймен салыстырып, тұтас мемлекет "жалған патриоттық тұншықтырғыш иістен ақылынан алжасты" деп мәлімдеген.
ВИДЕО: Денис Вороненковтың Азаттыққа берген сұхбаты (21 ақпанда 2017 жыл)
Денис Вороненков Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің мемлекетке сатқындық жасауы ісі бойынша жауап бергенін де растаған. "Янукович - қуыршақ. Ол биліктен бездіруге өзі себепкер болды және оның Ресей әскерін кіргізу туралы үндеуі заңсыз болды" деген экс-депутат.
Денис Вороненков Украинаға әйелі, Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты Мария Максаковамен бірге кеткен. Мария Максакова Азаттыққа берген сұхбатында "Ресей элитасының шизофрениясынан шаршағандарын", "үрей жайлаған елде" тұрғылары келмегенін айтқан.
ВИДЕО: Мария Максакованың Азаттыққа берген сұхбаты (10 наурыз 2017 жыл)
Ресей тергеу комитеті биыл 15 ақпанда Денис Вороненковты "ірі ауқымда алаяқтық жасаған, 2011 жылы Мәскеудегі құны 5 миллион долларлық ғимаратты рейдерлікпен басып алған" деп айыптап, оған федералдық іздеу жариялаған.
Украин тергеушілері бүгінгі оқиғаны "тапсырыспен адам өлтіру" деп болжайды. Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко Денис Вороненковтың қазасын Ресеймен байланыстырады.
Украина президенті Петр Порошенко да бұл оқиғаны "Ресей жақтан келген террористік акт" деп атады.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Вороненковтың өлімі жайлы Путинге хабарланғанын айтып, ол оқиғаға қатысты комментарий беруден бас тартты.