Украина армиясы биліктің уәдесі орындалғанын күтеді

Your browser doesn’t support HTML5

Украина ұлттық гвардиясы сарбаздары азық-түлік, керек-жарақтары тапшы екенін айтады. "Еріктілер мен жергілікті тұрғындар тамақ әкеп береді" дейді елдің шығысындағы Славянск қаласында ресейшіл сепаратистермен соғысып жатқан әскер.

Киев жағдайы жүдеу әскерін қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатыр.
Мамырдың 25-і күнгі сайлау нәтижесінде Украина президенті атанған Петр Порошенко көмекке аса мұқтаж әскерінің жағдайын түзеуге уәде етіп: «Украина солдаттары енді аш-жалаңаш болмайды!» деп мәлімдеді.

Бірақ елдің шығысында жағдай ушығып, халықтың босқынға айналу қаупі төніп, олигархтар мазасызданып, үкімет радикалды реформалар қабылдап жатқанын ескерсек, Порошенконың орындалуы қиын көп уәде бергенін байқаймыз.

100 САРБАЗҒА – БІР БЕРЕНДІ КЕУДЕШЕ

Киев Шығыс Украинада ресейшіл сепаратистерге қарсы антитеррорлық операция жүргізіп жатыр. Ал украин солдаттары әзірге қайырымдылық ұйымдары мен жергілікті еріктілерден азық-түлік, дүрбі, беренді кеудеше сияқты ең басты қажетті заттарды сұрайды.

Сәуір айында Украинада операция басталғанда 100 солдаттың біреуінде ғана беренді кеудеше болған. Шлем мен снайпердің тепловизиялық құралы да тапшы еді.

Маусымның 4-і күні Варшавада АҚШ президенті Барак Обама Петр Порошенкоға беренді кеудеше, түнде көретін аспап және байланыс құралдарын алу

Украина әскері елдің шығысында жүр. Волноваха, 22 мамыр 2014 жыл.

үшін 5 миллион доллар бөлуге уәде етті. Бірақ әлі күнге дейін солдаттардың көбі тапшылық зардабын шегіп келеді.

Әскердің жүдеу күйіне биліктің ұзақ уақыттан бері оларға жеткілікті көңіл бөлмеуін айыптауға болар. Киевтегі армия, конверсия және қарусыздандыру сараптама орталығының есебінше, Украина 200 мың мықты, шайқасқа қабілетті жауынгерді қамтамасыз ету үшін жыл сайын 20 миллиард доллар жұмсауға тиіс. Ал іс жүзінде елдің соңғы жиырма жылдағы шығыны жылына 1,3 миллиард доллардан асқан емес.

Биліктен қуылған президент Виктор Януковичтің тұсында әскердің халі тіпті нашар болды. Ол 2013 жылы Украина әскері жауынгерлік міндеттен кәсіби армия қатарына өтетінін мәлімдеген еді. Уақытша президент болған Александр Турчинов соңғы айда ғана жобаны қалпына келтіру туралы бұйрық шығарды.

УАҚЫТША БИЛІКТІҢ ҚАТЕСІ

Армия, конверсия және қарусыздандыру орталығының жетекшісі Валентин Бадрак Киевтегі өтпелі үкімет те әскери қызметке шақырылғандар мен тәжірибелі солдаттарға моралдық және қаржылық қолдау жасай алмады дейді.

«Уақытша биліктің ең үлкен және кешірілмес қатесі Украинаны қорғау үшін қолына қару алған солдаттар мен офицерлерді ынталандыруға еш әрекет жасамағаны болар» деп жазды ол ZN.ua Украина ақпараттық сайтына.

Бадрактың пікірінше, солдаттарды медальмен, сыйлықпен марапаттау, қызметін өтеу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасы мүшелеріне сақтандыру мен

Күзетте тұрған украин әскері. Мариуполь, 9 мамыр 2014 жыл.

басқа да жеңілдіктер, өтемақылар төлеу жайы қарастырылуы тиіс.

«Патриотизмнің алғашқы толқыны әлсірей бастады. Қазір әскерге шақырылғандардың көбі әскери қызметке жарамсыз екенін дәлелдейтін медициналық анықтама алып жатқаны туралы көп естиміз» дейді ол.

Украина шенеуніктері маусымның 11-і күні Донецк пен Луганск облыстарында терроршыларға қарсы күрес басталған екі айдан бері бері 257 адам қаза тапты деп мәлімдеді. Оның қаншасы украиналық солдат, нешеуі сепаратист не бейбіт тұрғындар екенін ашып айтпады.

Адам шығыны жайлы дерек Ресей мен Украина бір-бірін әскери қақтығысты тоқтатуға шақырған кезде жарияланды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен телефон арқылы сөйлесіп, Украинаның әскери операцияны доғарып, сепаратистермен соғысты тоқтату туралы келісімге келуі керек екенін айтты.

Петр Порошенконың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ол сепаратистер қаруларын тастаған сәтте шығыстағы қарсыластарымен келіссөз жүргізуге әзір.

(Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).