"Ертерек кетуіміз керек еді". Сарбаздар мен еріктілер Бахмут маңынан бейбіт тұрғындарды алып шықты
Украина сарбаздары шайқас жүріп жатқан Бахмуттан алып шыққан Люба есімді жергілікті тұрғын кішкентай итін қолтығына қысып, жылап тұр. "Ертерек кетуіміз керек еді" деді ол 3 сәуірде Часов Яр кентіне аман-есен жеткен соң.
Украина жауынгері соғыс болып жатқан Бахмут маңындағы қираған үйдің жанында тұрған танкінің үстінде отыр.
Стратегиялық маңызы бар қиылыста орналасқан "Бахмут қамалы" үшін қиян-кескі шайқас жалғасып жатыр, бұған дейін ресейліктер қаланы жаулап алдық деп бірнеше рет мәлімдеген.
Соғысқа дейін Бахмутта 70 мың адам тұрған. Қазір, украин сарбаздарының есебінше, қалада бір мыңнан 5 мыңға дейін адам, негізінен қарттар, мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар қалған.
Бахмуттан Часов Яр кентіне жеткізілген бейбіт тұрғындар украиналық әскери көліктен түсіп жатыр. Оларды шайқас жүріп жатқан аймақтан аулаққа, Константиновкадағы өздері сияқты босқындар паналайтын орынға орналастырады.
Бахмуттан жеткізілген Люба кішкентай иті мен азуын-аулақ затын көтеріп, Константиновкадағы паналау орнына кіріп келе жатыр.
"Мұндай жағдайға жетпес деп ойлаған едік" дейді тас-талқан болып қираған қаланың тұрғыны Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысты меңзеп.
63 жастағы Светлана Константиновкадағы босқындарға арналған орынға аман-есен жеткеннен кейін жылап тұр.
Бахмуттан Константиновкаға жеткізілген тағы бір қарт әйел – 80 жастағы Александра да көзіне жас алды. Оны осында жеткізуге көмектескен жауынгер бір аптада екі рет Бахмуттан бейбіт адамдарды алып шыққанын айтады. Оның сөзінше, кейбір тұрғындар ауыр шайқас жүріп жатқан қалада "бізге ештеңе болмас" деген үмітпен қалып қойған.
Қазір Александра соғыс кесірінен үй-жайын тастап, бассауғалап кетуге мәжбүр болған өзге адамдармен бірге Константиновкадағы арнаулы орталықта тұрып жатыр.
Часов Яр кентінде америкалық Alaska State Sno-X Lions Club тобының мүшесі жергілікті тұрғынға мұнда қалу өте қауіпті екенін айтып, қауіпсіз аймаққа баруға көндірмек болып тұр. Ресей әскері енді Бахмуттан батысқа қарай бірнеше шақырым жерде орналасқан осы елді мекенді басып алуға тырысуы мүмкін.
Соғыс басталғанға дейін Часов Ярда 15 мың адам тұрған. Бахмут пен оның төңірегін қорғап, басқыншыларға қарсы шайқасып жатқан украин әскеріне керек-жарақ жеткізілетін жолдың торабында орналасқан бұл елді мекенді Ресей артиллериясы бірнеше рет атқылаған.
Alaska State Sno-X Lions Club тобының еріктісі 56 жастағы Натальяға Часов Ярдан кету керегін айтып тұр. Наталья бұған дейін үйін тастап кетпейтінін айтып, ұсыныстан бас тартқан.
Әскери снаряд жарықшақтары тиіп, шұрық-тесік болған жертөленің темір есігінің бір жағындағы қабырға бүлініп, үңірейіп тұр. Есікте жертөлені бейбіт адамдар паналап отырғаны туралы жазу бар.
Еріктілер 56 жастағы Владимирге өзі сияқты бейбіт тұрғындармен бірге Часов Ярдан кетпесе, ажалға бас тігетінін айтып тұр.
Украиналық жауынгер мен ерікті Часов Ярда қалған адамдарды қаладан кетуге көндіру үшін үй-үйді аралап жүр. Кей дерек бойынша, мұнда әлі 1500-ге жуық адам қалған. Көбіне олар жертөлеге жасырынып, тірлік кешіп жатыр. Қалада электр және су желілері істен шыққан.