Протез таққан екі ардагердің госпитальге жәрдем болған марафоны
38 жастағы соғыс ардагері Александр Швецов Житомирден шығып, Киевті бетке алып келе жатыр. 18 мамыр, 2023 жыл.
Жолда ол әріптесі Сергей Храпкомен кездеседі. Бір-біріне қарсы бағытта сапарға шыққан екеуі жалпы қашықтығы 120 шақырым жер жүрді. Бес күнде 165 мың қадам жасады.
45 жастағы Сергей Храпко протез тағып жатыр. Швецов та, Храпко да ауыр жараланып, дене мүшесінен айырылған. Мәскеу 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіргенге дейін бұл екеуі Отанды қорғап, Донбасста кремльшіл сепаратистермен күрескен.
Марафон туралы идеяны Сергей Храпко көтерді. Ол емделген госпитальдің қызметкері медицина мекемесі құрал-жабдыққа зәру екенін айтқан. Храпко Шевцовқа хабарласып, ойындағысын бөліскен. Досы оны қолдап, майданда жараланған қарулас жолдастарына көмектесуге ықылас білдірген.
Швецов жолға шығар алдында демалып отыр. "Қарулас бауырларымызға – аға-інілеріміз бен әпке-қарындастарымызға және Отанымызға осылай көмектесе аламыз. Дәл қазір еліміз шайқасып жатыр. Бәріміз де шамамыз келгенше күресеміз" дейді ол.
Швецов ел астанасы Киевке бара жатыр. Шевцов 2014 жылы, кремльшіл сепаратистер Донбасста мемлекеттік мекемелерді басып алып, "тәуелсіздік" жариялағаннан кейін Украинаны қорғауға әскер қатарына шақырылған. Сол жылы ол шайқаста жараланып, сол аяғынан айырылған.
Украина туын жамылған Швецов Киевті бетке алып, тасжолда кетіп барады.
Храпкоға жолай кезіккен әйел мен екі кішкентай қыз онымен сөйлесіп тұр. Жұрт марафон барысын әлеуметтік желі арқылы бақылады: екі ардагер жауынгердің жорығынан шабыттанған көп адам олардың бастамасын қолдап, госпитальге көмек қаржы аударған.
Бұрын балабақшаға жиһаз жасайтын шебер болып істеген Храпко 2014 жылы әскерге алынған. Ол 30-механикаландырылған бригада құрамында әскери қызмет атқарған. 2015 жылы шілдеде Луганск қаласының түбінде минометпен жасалған шабуыл кезінде жараланған.
Ауыр жараланған Сергей Храпко бір қол, бір аяғынан айырылды. Оған 20-дан аса ота жасалды.
Протезбен жалпы қашықтығы 120 шақырым жер жүріп, бір-біріне жолыққан Швецов пен Храпко құшақтасып амандасып тұр.
Храпко мен Швецов 3,1 миллион гривнадан (84 мың доллар) астам ақша жинады. Храпко ұзақ жолдан кейін денесінде сүйел пайда болғанын айтады. "Бірақ бұл – бәлендей нәрсе емес. Шығыста болып жатқанмен салыстырғанда, бұл – теңіздің тамшысындай ғана нәрсе" дейді ол.