Украина президентін сайлап жатыр

Украинадағы кезектен тыс президент сайлауы. 25 мамыр 2014 жыл.

Мәскеу қолдайтын экс-президент Виктор Янукович биліктен тайдырылған соң үш ай өткенде Украина азаматтары кезектен тыс президент сайлауына дауыс беріп жатыр. Ресейшіл сепаратистер бақылауындағы шығыстағы екі облыста тек бірнеше сайлау учаскесі ғана ашылды.
25 мамыр күні Украинадағы кезектен тыс президент сайлауына мемлекет астанасы Киев қаласы мен елдің батыс аймақтарында жұрттың белсенді қатысып жатқаны туралы хабарланды.

Жергілікті биліктің ақпараты бойынша, Донецк облысында жексенбі күні таңертең 2430 сайлау учаскесінің тек 426-сы ғана ашылған.

Донецк қаласының өзінде бір де бір сайлау учаскесі жұмыс істеп тұрған жоқ.

Донецкіде сайлау учаскелері жабық тұрғаны жайлы видео:

Your browser doesn’t support HTML5

Донецк тұрғындары дауыс беруге қатыса алмады


Донецкімен көршілес Луганск облысында да дәл сондай жағдай. Бұл аймақты да ресейшіл сепаратистер бақылауында ұстап отыр.

Сайлау күні Луганскідегі жағдай туралы видео:

Your browser doesn’t support HTML5

Луганск тұрғындары дауыс беруге қаймығады


Украина премьер-министрі міндетін атқарушы Арсений Яценюк бұл сайлау елдің шығысындағы жағдайды тұрақтандыру жолындағы алғашқы қадам болады деп мәлімдеген.

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу Украинаның халық сайлаған президентімен жұмыс істейді деп уәде берген.

Киев Мәскеуді «сепаратистерді демеп отыр» деп кінәлайды.
Осы тақырыпқа оқыңыз: Украина сайлауының сегіз қыры

Украинадағы бұл жолы кезектен тыс президент сайлауына 18 кандидат түсіп отыр.

Қоғамдық пікірді зерттеу сауалнамасының нәтижесі үміткерлер арасында

Украина премьер-министрі міндетін атқарушы Арсений Яценюк сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Киев, 25 мамыр 2014 жыл.

украиналық миллиардер Петр Порошенко алда келе жатқанын көрсетеді. Бірақ сайлаудың бірінші кезеңінде дауыс бергендердің жартысынан астамы оған қолдау білдіре қоятындығы неғайбіл дейді сарапшылар.

Сауалнама бойынша, Порошенкодан кейінгі орында бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко тұр. Жексенбі күні Днепропетровскіде дауыс беріп шыққан соң Тимошенко «елде бейбітшілікті қалпына келтіру үшін» Украинаның НАТО ұйымына мүше болып енуі жөнінде референдум өткізу қажеттігі туралы айтты.

Кандидаттар арасында партия жетекшілері баршылық. Мысалы, оңшыл бағыттағы «Свобода» партиясынан – Олег Тягнибок, «Правый сектордан» – Дмитрий Ярош, «Азаматтық позициядан» – Анатолий Гриценко, «Радикалдық партиядан» – Олег Ляшко сайлауға қатысып жатыр. Президенттікке үміткерлер тізімінде екі-ақ әйел бар: Юлия Тимошенко мен Майдан белсендісі, дәрігер Ольга Богомолец.

Егер бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша, кандидаттардың ешбірі дауыс берген барлық сайлаушылардың жартысынан астамының қолдауына ие болмаса, ең көп дауыс жинаған екі кандидат маусымның 15-і күні сайлаудың екінші турына қайтадан түседі.

Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі – сайлауалды кампанияның бұрынғыдай аста-төк бәсекесіз өткенін сарапшылар Қырымды Ресей аннексиялап алып, елдің шығысында ресейшіл сепаратистер бас көтеріп жатқан сындарлы шақта заңды құбылыс деп қабылдайды.

Саясаттанушылар бұл жолғы сайлаудағы дауыс берудің Украинаны қолдау іспеттес сипаты барын айтады. «Пента» қолданбалы саяси зерттеулер орталығы жетекшісі Владимир Фесенконың пікірінше, бұл сайлаудың маңызы – осы арқылы жаңа билік заңды мәртебеге ие болады.

– Ең алдымен қазіргі сайлауда тұрғындардың сайлау учаскелеріне келіп дауыс беруі маңызды нәтиже болмақ, - деді ол Азаттықтың Орыс редакциясына.

Сайлау күні Киевтегі дауыс беру туралы видео:

Your browser doesn’t support HTML5

Киев сайлау учаскелеріндегі кезек


24 мамыр күні Арсений Яценюк Украина азаматтары сайлау үшін жауапкершілікті көтеретіндігін айтып, "украиналықтар осы сайлауды өткізбеуге тырысып жатқан «шетел демеп отырған бандиттердің» қоқан-лоққысына қарамастан бұл сайлауда дауыс беруі тиіс" деп мәлімдеген еді. Яценюк сайлауда жеңіске жеткен үміткер Еуропа Одағымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қояды деп сенетінін айтқан.

Былтыр Мәскеу қолдайтын Украинаның экс-президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен келісімге қол қоюдан бас тартқан соң басталған билікке наразылық шеруі бірнеше айға жалғасып, ақыр соңында биыл ақпан айында қызметтен тайдырылған Янукович Ресейге қашуға мәжбүр болды.

Президентікке кандидат Юлия Тимошенко (ортада) сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Днепропетровск, 25 мамыр 2014 жыл.

Яценюк бұл сайлауда дауыс беру "елдің батысында, шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде тұратын украиналықтардың ерік-жігерін білдіреді" деп мәлімдеген еді.

Бірақ Украинаның шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл қарулы сепаратистер сайлау учаскелерінің жартысына жуығын басып алды немесе оларға бөгет қойды. Кейбір сайлау учаскелерінде комиссия мүшелерін ұрлап әкеткені, қорқытып-үркіткені хабарланды.

Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» жетекшілерінің бірі Денис Пушилин сенбі күні «қажет болған жағдайда көтерілісшілер сайлауды өткіздірмес үшін күш қолданатынын» мәлімдеген еді.

Украина билігі кезектен тыс президент сайлауына дауыс беретін күні қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ондаған мың полиция қызметкерлері мен еріктілер жұмылдырылғанын айтады.

Украинадағы кезектен тыс президент сайлауындағы дауыс беру барысын (Луганск мен Донецкіден басқа аймақтарда) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мыңнан аса бақылаушысы қадағалайды.

Дауыс беру 12 сағат бойы жалғасады. Сайлау учаскелері жабылған соң дауыс беру жайлы экзит-пол сауалнамасы деректерін көпшілікке әлеуметтанушылар таныстырады.

Украинадағы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала ресми нәтижесі 26 мамыр күні белгілі болмақ.