Ұлыбритания Грузияға арналған көмек бағдарламаларын тоқтата тұрмақшы

Тбилисидегі наразылық кезінде полиция акцияға шыққан адамды қол-аяғынан көтеріп ұстап, әкетіп барады. 30 қараша, 2024 жыл.

Ұлыбритания Грузияға арналған көмек бойынша барлық бағдарламасын тоқтата тұрып, қорғанысқа байланысты әріптестікке және Грузия үкіметімен байланысқа шектеу қояды. Бұл туралы британ сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің мәлімдемесінде айтылған.

"Грузия билігінің наразылар мен журналистерге көрсеткен қысымына жол беруге болмайды, бұл тоқтатылуы керек. Мұндай әрекеттер Грузияның халықаралық беделіне көлеңке түсіреді және Грузияның Еуропадағы болашағына деген ұмтылысына қайшы келеді", – деді ол.

Дэвид Лэмми Ұлыбритания Грузия халқының өз елінің болашағын таңдау құқығын қолдайды деп мәлімдеді.

Грузиядағы наразылық 28 қарашадан бері күнде өтіп жатыр. Елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Грузия Еуроодаққа қосылу туралы келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтата тұрады деп мәлімдегеннен кейін жұрт наразылық білдіріп, көшеге шыққан. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, акция кезінде 400-ден астам адам ұсталған: 30 адамға қарсы қылмыстық іс, 372 азаматтың үстінен әкімшілік іс қозғалған.

Transparency International ұйымының мәліметінше, 300-ден астам ұсталған адам азап көргенін айтқан, 80 адам медициналық көмекті қажет еткен.

Балтық елдері Грузияда шеруге шыққан адамдарға қарсы жосықсыз күш қолданып наразылықты басуға тырысқан биліктегі ресейшіл "Грузин арманы" партиясының негізін салған Бидзина Иванишвили мен ІІМ басшылығына санкция салды. Украина да Иванишвили мен тағы 18 адамды санкция тізіміне енгізді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтон Еуропа Одағымен интеграцияны қолдаушыларға қысым көрсетілгені үшін Грузияға санкция салуға дайын екенін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Грузиядағы толқу: көшедегі наразылық полициямен қақтығысқа қалай ұласты