Ұлыбритания Украинаға әскери техника сатып алуға 752 миллион фунт стерлинг (шамамен 991 миллион доллар) көлемінде несие бөлді. Бұл қаражат әуе қорғаныс жүйелерін, артиллерия жабдықтарын, техника жөндеуге қажет бөлшектер сатып алуға жұмсалмақ. Несие Еуроодақта бұғатталған Ресей активтерінің кірісі есебінен өтелетін болады. Аталған несие – биыл 1 наурызда Украинаға берілетіні жарияланған, көлемі екі миллиард фунттан астам көмектің бір бөлігі.
Бұл қаражат Киевке үш траншпен беріледі: біріншісі 6 наурызда, екіншісі 14 сәуірде берілді, ал үшіншісі 2026 жылы берілмек. Британ қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, мұндай құрылым Украинаға ресурстарды басқаруда және әскери іс-қимыл жүргізуде икемділік береді.
"Біз Украинаға Ресейдің басқыншылығына қарсы тұру және Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздігін нығайту мақсатында қолдау көрсетуді күшейтіп жатырмыз", – деп мәлімдеді Ұлыбританияның қорғаныс министрі Джон Хили.
Дүйсенбі, 14 сәуір күні Люксембургте кездескен Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері Киевке қосымша әскери көмек көрсетуге бейіл екенін қуаттады. Атап айтқанда, Германияның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Анналена Бербок Берлин Еуроодақтың Украина қарулы күштеріне екі миллион дана әскери оқ-дәрі жеткізу туралы бастамасы аясында 500 мың артиллерия снарядын жібереді деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Франция Украинаға екі миллиард еуроның әскери көмегін бермек