Ұлыбритания парламентінің баспасөз қызметі мен жергілікті БАҚ-тардың дерегінше, Лондондағы теракт кезінде кемінде төрт адам өліп, 40 шақтысы жараланған.
St Thomas' Hospital ауруханасы мен қалалық жедел жәрдем қызметі қатты жараланып, емханаға түскендердің ішінде үш адамның жан тәсілім еткенін мәлімдеді.
Reuters-тің парламент мүшесі Дэвид Лидингтонға сілтеме жасап хабарлауынша, белгісіз бір адам полицейді пышақтаған, бұдан кейін оны полиция атып жаралаған. Кейін Кейт Палмер есімді полиция офицерінің көз жұмғаны, ал аты-жөні әлі жарияланбаған шабуылшының оққа ұшқаны белгілі болды.
Мұның алдында парламент ғимараты маңындағы Вестминстер көпірінде бірнеше адамды машина басып кеткені хабарланған.
BBC тілшілерінің бірінің Twitter-дегі жазбасына қарағанда, белгісіз адам мінген көлік Вестминстер көпірінің бойымен адамдарды басып өтіп, одан кейін парламент ғимараты маңындағы қоршауға соғылған. Полицейге шабуыл жасап, кейін өзіне оқ тиген адамды сол көліктен түскен шабуылшы деп болжайды.
"Полиция азаматтардан Парламент алаңы, Уайтхолл, Вестминстер көпірі, Ламбет-бридж, Виктория-стриттің Бродвеймен қиылысына дейінгі және Виктория жағалауының "Эмбанкмент" метро станциясына дейінгі аудандарға бармауын өтінеді" дейді Скотленд-ярд.
Парламент ғимараты маңында оқ атқан, адамдарды көлікпен басып өткен кім екені әзірше белгісіз.
Полиция оқиға орнын қоршап тұр. Парламент жұмысы тоқтап, ғимарат жабылған. Елдің премьер-министрі Тереза Мэйдің қауіпсіз жерде екені, үкіметтің төтенше отырысын өткізетіні хабарланды. Франция, Германия мен АҚШ бастаған Батыс елдерінің жетекшілері Лондондағы терактіні айыптап, Ұлыбритания халқына көңіл айтып, қолдау білдірді.