Судья Марат Сейсенғалидің шешімімен оралдық белсенділер Маруа Ескендірова мен Бекболат Өтебаев әкімшілік қамауға алынды. Олар "заңмен белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген митингіге бір жыл ішінде қайталап қатысқаны" үшін айыпты деп танылды.
Сенбі күні екі бірдей сот отырысы қатар өтті. Нәтижесінде Маруа Ескендірова 20 тәулікке қамалды. Іс материалдарына қарасақ, ол 5 маусымда билік "заңсыз" деп атаған митингіге қатысқан.
Бекболат Өтебаев 10 тәулік әкімшілік қамауға алынды. Оны 13 маусымда өткен митингіге қатысқаны үшін осылай жазалады. Ол жиында тұрғындар міндетті екпеге қарсылық білдірген еді.
Екі белсендінің соттағы сөзіне қарағанда, оларды 24 шілдеге қараған түні полиция ұстап әкеткен. Ескендірова да, Өтебаев та сол түнді полиция бөлімшесінде өткізген. Сот отырысына қатысқан полиция қызметкері майор Хайруллин "хаттама толтыру үшін" осындай шара қолдануға тура келгенін айтты.
Сотта сөйлеген сөзінде Маруа Ескендіров жексенбі, 25 шілдеге белгіленген митингіге қатыстырмау үшін өздерін әдейі ұстап, қамап отыр деген пікір айтты.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро филиалының қызметкері Павел Кочетков полицияның бұл әрекетін "заңсыздық" деп атады.
– Полиция қызметкерлері заңсыз аңдумен айналысты деп айтуға болады, бұл – құқық бұзу. Тұтқындалғандар "өздерін аңдығанын, соңынан қуғанын" айтты, бұл арқылы полиция заңсыз әрекет жасап отыр, – деді Кочетков Азаттыққа сұхбатында.
Сот отырысынан соң Ескендірова мен Өтебаевтың адвокаты Юрий Кобзарев судья Сейсенғалидің шешіміне қарсылық білдіріп, апелляциялық шағым беретінін айтты.
Маруа Ескендірова – билікке қарсы наразылық акциясын жиі ұйымдастыратын азаматтық белсенді. Әкімшілік заң талабын бұзды деген айыппен он күнге қамалған оған 10 шілдеде Орал соты тағы он күн жаза тағайындаған.
Өткен айда Маруа Ескендірова Нұр-Сұлтан сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп тану туралы шешімінің күшін жоюды, қудаланған белсенділерді босатуды талап еткен адамдармен бірге аштық жариялаған. Наразылық акциясының бесінші күні Ескендірова денсаулық жағдайы нашарлаған соң аштықты тоқтатқан, екі күннен кейін сот оны әкімшілік қамауға алды.
3 шілдеде Орал соты аштық жариялаған белсенділердің бірі Бекболат Өтебаевты "заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып өтіп жатқан жиынға қатысты" деп, бес күнге қамаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Сол баяғы қудалау, сотқа тарту, тыйым салу. Митинг заңы қалай жұмыс істейді?Көлігін өртеу, пышақтау, ұрып-соғу. Белсенділерді "бандит әдісімен" қорқыту