Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 16-19 қаңтар аралығындағы Вашингтонға ресми сапары басталды.
Қазақстандағы адам құқықтары, саяси плюрализм сияқты көп мәселе бойынша АҚШ пен Қазақстанның арасында келіспеушілік бар. Бірақ екі елді ортақ мүддеге тоғыстырып тұрған салалар да жетерлік. Азаттық тілшісі 1992-1994 жылдары АҚШ-тың Қазақстандағы алғашқы елшісі болған, осы күні RAND корпорациясының адъюнкт-зерттеушісі, RAND бизнес лидерлер форумының атқарушысы директоры Уильям Кортнимен сұхбаттасты.
Азаттық: Совет Одағы ыдырай салысымен АҚШ Орталық Азиядағы бес республиканың барлығымен қарым-қатынас орнатты. Дегенмен, Қазақстан өзіне мұраға қалған ядролық арсеналдан бас тартуға ынта білдіргендіктен, СССР тарағаннан кейінгі алғашқы жылдары АҚШ әсіресе осы елмен өте тығыз байланыста болды. АҚШ Қазақстанның қарусыздануына үлкен үлес қосты, сіз сол кезде елші қызметін атқардыңыз. Тек ядролық қаруды таратпау саласында емес, жалпы Ресей мен Қытайдың ортасында жатқан, географиялық орналасуы ерекше жас мемлекет ретіндегі Қазақстанмен қарым-қатынастың алғашқы кезеңі туралы не айтар едіңіз?
Фотогалерея: Назарбаев пен АҚШ-тың бес президенті
Уильям Кортни: Алдымен Қазақстанды таныған алғашқы мемлекет АҚШ екенін айту керек. Горбачев Совет Одағын тарату туралы құжатқа қол қойғаннан бес апта өткен соң, 1992 жылғы ақпанның басында біздің елшілік ашылды. Әу баста екі негізгі басымдық болды. Біріншісі – ядролық қарудан тазарту. Қазақстан Семей ядролық полигонында атмосфералық сынақтардан қатты зардап шеккен. Сондықтан қазақстандықтар ядролық қарудан арылуда Батыспен, АҚШ-пен және Ресеймен ынтымақтасуға әзір болды. Оның үстіне қазақстандықтар Ресейді, Қытайды не басқаларды тежеу үшін ядролық қаруға ие болуды қажет етпеді.
Қазақстан алғаш болып ядролық қаруын, стратегиялық ядролық қаруын жойды.
Сөйтіп, бәрі жақсы болды. Президент Назарбаев пен АҚШ-тың сол кездегі Мемлекет хатшысы Джеймс Бейкер оның барлық жай-жапсарын келісті, Қазақстан жақсы ынтымақтасты, және ол Ресейді қоспағанда, одақ ыдырағаннан кейін стратегиялық ядролық қаруға ие болған үш ел – Қазақстан, Украина және Беларустың арасында алғашқы мемлекет болды. Қазақстан осылардың ішінде алғаш болып ядролық қаруын, стратегиялық ядролық қаруын жойды.
Екінші басымдық – Каспий теңізінің жағалауында, қайраңда және теңіз табанында Қазақстанның үлкен мұнай қоры болды. Бірақ жоғары сапалы жеңіл мұнайды өндіру өте қиын болатын. Ол тым тереңде, тұз құрсаудың астында жатты әрі оның құрамында күкірт көп болды. Совет Одағында оны өндіретін технология болмады. Сондықтан Қазақстан Батыстан инвестиция іздеп жатты. АҚШ-тың «Шеврон» компаниясы сол мүмкіндікті қарастырып жатқан. Ақыр соңында «Шеврон» Каспий теңізі жағалауындағы Атырау облысында жатқан Теңіз кенішін игеру құқығына ие болу жөнінде келісімге келді. Бұл – бұрынғы Совет Одағы аумағына салынған ең ірі шетел инвестициясы болатын.
Мұнай тым тереңде, тұз құрсаудың астында жатты әрі оның құрамында күкірт көп болды. Совет Одағында оны өндіретін технология болмады. Сондықтан Қазақстан Батыстан инвестиция іздеп жатты.
Сондықтан бұл екі басымдық та әу бастан өте маңызды әрі стратегиялық мәселе болды, екеуінде де АҚШ пен Қазақстан керемет ынтымақтаса алды.
Азаттық: Ядролық мәселеге қайта оралайықшы. Бүгінгі Корей түбегіндегі жағдаймен салыстырып қарайтын болсақ, Қазақстанның қарусыздану туралы шешімі ретроспективалық тұрғыдан қаншалық маңызды болды?
Уильям Кортни: Ретроспектива тұрғысынан қарасақ, әрине, Қазақстан, Украина, Беларусь үшеуі стратегиялық ядролық қаруларынан бас тарту арқылы дүниежүзіндегі қаруды таратпау процесінде үлгі бола білді. Бұл «ядролық қаруды таратпау жөніндегі ғаламдық консенсус – маңызды стратегиялық құрал» деген пікірді бекіте түсуге жәрдемдесті. Яғни, Солтүстік Кореяның және Иранның жағдайында қарар болсақ, бұл ядролық қарудың таралуына қарсылық төңірегінде күшті халықаралық консенсустың қалыптасуына оң ықпал етті. Олар бұл екі жағдайға тікелей ықпал етпесе де, халықаралық консенсусқа келудегі жалпы қозғалыстың бір бөлігі болды.
Оқи отырыңыз: "Демократия мен адам құқығы айтылмайды"
Азаттық: Орталық Азияның басқа елдерімен салыстарғанда, АҚШ Қазақстанмен ерекше сауда қарым-қатынасын орнатты деп айта аламыз ба?
Уильям Кортни: Сауда мен инвестицияны бөліп қарайық. Мұнай жобалары – нағыз инвестициялық жобалар. Мұнда өте ірі екі жоба бар. Бірі –Теңіз, екіншісі – геологиялық құрылымы дәл сондай, бірақ теңіз түбінде орналасқан Қашаған жобасы. Ондағы өндіріс кейінге шегеріліп келді, қазір өнім өндіріліп жатыр. Оны ірі халықаралық консорциум басқарады, арасында АҚШ-тың ExxonMobil компаниясы да бар. Қазір ExxonMobil Теңіз жобасына да қатысып жатыр. Яғни, осы екі жоба – Батыс компанияларының Орталық Азиядағы ең ірі әрі басты инвестициялық жоба болды. Қазақстанда, сондай-ақ, Қарашығанақ деген тағы бір маңызды жоба бар. Жалпы Орталық Азия бойынша алып қарасақ, Қазақстанға салынған Батыс инвестициясының басым бөлігі осында шоғырланды.
Орталық Азия бойынша алып қарасақ, Қазақстанға салынған Батыс инвестициясының басым бөлігі осында шоғырланды.
Бұдан басқа да жобалар бар. Астананың түбінде General Electric-тің локомотив зауыты бар, бұдан да басқа жобалар бар. Бірақ энергетика жобалары басым.
Азаттық: Қазақстанның Иракқа шағын әскер жіберу туралы шешімі туралы не айта аласыз?
Уильям Кортни: АҚШ-Қазақстан әскери ынтымақтастығы Совет Одағының соңғы кезеңінен бастау алып, позитивті фактор деңгейіне дейін дамыды. Тек аймақта емес, әлемде маңызды рөл ойнау стратегиясы негізінде Қазақстан біраз салада белсенді әрекет етіп келеді. Оның бірі, әрине, бейбітшілік орнату ісі. Қазақстан – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтасық ұйымына (ЕҚЫҰ) төраға болған бұрынғы Совет одағындағы алғашқы мемлекет. Қазақстан Ислам конференциясы ұйымын да басқарды. Президент Назарбаев 1990-жылдардың басында Азиядағы әрекеттік және өзара сенім шаралары кеңесін құруды ұсынды. Қазір бұл ұйымға 25 мемлекет кіреді. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында да шешуші рөл ойнап, бір кездері оның атқарушы хатшылығын атқарды. Сондықтан, Қазақстан тек көршілермен тығыз қарым-қатынаста болып қана қоймай, әлем қауымдастығының Қазақстанға назар салуын стратегия етіп ұстанды. Бұл Қазақстанның өз тәуелсіздігі мен егемендігіне деген құрметті арттыру мүддесіне сай келеді, бұл Қазақстанның экономикасына да көмектеседі, себебі Қазақстан экономикалық әріптестер санын арттырып, өте көп мемлекетпен саяси байланыс орнатып отыр.
Азаттық: Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне қандай өзгеріс қоса алуы мүмкін?
Уильям Кортни: Қазақстан екі жыл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі міндетін атқарып жатыр. Қазақстанның бірнеше күшті жағы бар. Біріншіден, Қазақстан Ауғанстан туралы, ондағы саяси, экономикалық ахуал және қауіпсіздік туралы салыстырмалы түрде көбірек хабардар.
Екіншіден, Қазақстанның «Ислам мемлекеті», оның Ирак пен Сириядағы әрекеттерінен де көбірек мағлұматы бар. Осы екі мәселе бойынша Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жаңа білім мен тәжірибе қоса алады.
Оқи отырыңыз: Экологтарды алаңдатқан уран банкі ашылды
Ғаламдық қаруды таратпау процесін қалыптастыруда үлгі рөлін атқарғандықтан, Қазақстан ядролық қаруды таратпау ісін ілгерілетуде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде шынайы көшбасшы бола алады. Мәселен, Қазақстанның қаруды тараптау жөніндегі ғаламдық құрылымға қосқан соңғы үлесі – Халықаралық Атом энергетика агенттігінің (МАГАТЭ) ядролық отын банкін өзінде орналастырып отыр. Бұл – әлемдегі ядролық отын реакторлары үшін аз байытылған уранды жеткізудің соңғы нүктесі. Егер бір мемлекет әлемдік нарықта уран сатып ала алмайтын болса, онда Қазақстан олардың ядролық отын реакторларына қажетті уранмен қамтамасыз ете алады.
Ширек ғасыр ішінде Қазақстан әлемде ядролық қаруды таратпау ісіне осыншама көп үлес қосқандықтан, оның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде осы мәселелерді көтеруге толық моральдық құқығы бар.
Қазақстанның күшті тұсы – оның қалыпты дәстүрі, экономикалық, саяси және басқа салалардағы ұстанымы.
Азаттық: Президент Назарбаев биыл 78 жасқа толады. Вашингтонда президент Трамппен кездесу кезінде ол қандай келісімдерге келе алады деп ойлайсыз?
Уильям Кортни: Нақты келісімдер бойынша долбар жасағым келмейді. Дегенмен, АҚШ пен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнағандықтан, біраз мәселеде, соның ішінде қаруды таратпау, аймақтық қауіпсіздіктің түрлі салалары, саяси жағдай және энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан сайын арттыру істері бойынша диалог болуы мүмкін. Әсіресе Теңіз бен Қашаған кеніштерінің арқасында Қазақстан бірнеше жылдан соң әлемдегі он ірі мұнай өндіруші елдің қатарына қосылуы мүмкін. Америка Құрама Штаттары да әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі, сондықтан оның Қазақстанмен осы салада диалогты жалғастыру жөнінде стратегиялық мүддесі бар.
Азаттық: Бұған басқа алып-қосарыңыз бар ма?
Уильям Кортни: Менен Қазақстанның болашағы туралы жиі сұрайды. Қазақстанның күшті тұсы – оның қалыпты дәстүрі, экономикалық, саяси және басқа салалардағы ұстанымы. Қазақстанның саясатындағы осы бір қалыптылық оның болашағы үшін жақсы болады деп ойлаймын, себебі аймақта және оның сыртында не болса да, Қазақстанның салмақты да прагматикалық жолды таңдайтынына сенеді.
Екіншіден, әу бастан Қазақстан этностық толеранттылыққа баса мән берді. Бұл – өте маңызды, себебі басында халықтың 35 пайыздайы славян тектес ұлттар болды, қазір де славяндар халықтың біраз бөлігін құрайды. Сонымен бірге мұндай шешендерден бастап кәрістерге дейін түрлі ұлт өкілдері бар. Сонда да Қазақстан сырт елдермен ашық саясат ұстанып, ішкі саясатта толеранттылыққа мән берді. Бұл Қазақстандағы саяси тұрақтылықты күшейтуде жақсы рөл ойнайды.
(Сұхбатты ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей)