Биыл АҚШ-тан баспана сұраушы рсесейліктер саны кейінгі 20 жылдағы рекорд көрсеткішке жеткен.
Қаржылық жыл (2015) аяқталатын қыркүйектің 30-ына дейін ресейлік азаматтар 1 мың 454 өтішін беріп, Америка Құрама Штаттары (АҚШ) азаматы болуды сұраған. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 50 пайызға, ал Владимир Путин төрт жыл премьер-министр міндетін атқарып, қайтадан ел билігіне оралған 2012 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
ЛГБТ ӨКІЛДЕРІ
Бұл деректі Азаттық АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінен алды. Ресей президенті Владимир Путин билікке келгеннен бергі үш жылда АҚШ-қа қоныс аударуды қалайтын ресейліктердің саны күрт өскен. Бір өтінішке бір адам ғана емес, оның жұбайы, балалары да қол қоюы мүмкін.
АҚШ-тан баспана сұраған ресейліктер статистикасы:
Азаттық алған ақпаратта баспана сұраушылардың өз елінен кетуіне не себеп болғаны көрсетілмеген. АҚШ-тың иммиграция заңгерлері АҚШ-тан баспана сұраған ресейліктер санының күрт көбеюіне 2013 жылы Путин қол қойған «кәмелетке толмағандар арасында дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салған» заңнан кейін лесби, гей, бисексуал мен трансгендерлердің (ЛГБТ) жаппай елден кетуі ықпал етсе керек дейді.
Батыс үкіметтері бұл заңды «дискриминациялық» деп сынаса, ал құқық қорғау ұйымдары оны гейлерге күш көрсеткендер жазаланбайтындай жағдай тудыратын заң деп бағалады. Путин заңның «ЛГБТ құқығын бұзбайтынын, балаларды қорғауға арналғанын» айтады.
САЯСИ ҚУДАЛАУҒА ҰШЫРАҒАНДАР
«Олар маған хабарласып: «Бұл жақта бұдан ары өмір сүре алмаймыз. Қалай қоныс аударсақ болады?» деп сұрайды» дейді Алена Шауцова.
Ол иммигранттардың арасында ЛГБТ өкілдерімен қатар саяси көзқарасы үшін қудаланғандар да бар екенін айтады.
Владимир Путин президент болып қайтадан сайланған соң ішкі саясатты бақылауды күшейтті. Ол елдегі мемлекеттік ақпарат құралдарын Кремль қатаң бақылайтын дәрежеге жеткізді және шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдарға қысымды күшейтті. Олардың көбі Путиннің саясатын сынайтын еді.
Оппозициялық белсенділерге қарсы – олардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шыққан Алексей Навальный да бар – қылмыстық істер қозғалды, көпшілік ол істерді саяси қудалау деп санайды. Шауцованың айтуынша, оның клиенттерінің ішінде биыл Борис Немцов опат болған соң шеруге қатысқаны үшін полиция қудалаған азамат та бар. Танымал оппозициялық саясаткер Немцовты ақпан айында Кремльдің қасында біреулер атып кеткен еді.
Вирджинияда тұратын қорғаушы Исмаил Шахтахтинский Ресей мен Әзербайжаннан баспана сұрап келетін жандармен жұмыс істейді. Оның айтуынша, өткен жылы билік пара беруге, жалған түсініктеме беруге мәжбүрледі деп келген ресейліктер көбейген. «Үкімет үнемі біреуге қарсы іс ашуға тырысады, сол кезде жалған «куәгерлер» жинау қажет болады» дейді Шахтахинский. Құқық қорғаушы «осындай қысымға ұшырағандардың саны артқанын байқаған».
АҚШ-тағы ірі құқық қорғау тобы – «Иммиграциялық теңдік» ұйымы ЛГБТ өкілдерінің қоныс аудару мәселесін шешуге көмектеседі. Олар «биыл өтініш білдірген ресейлік ЛГБТ өкілдерінің саны 2014 жылмен қарайлас» дейді.
Нью-Йоркте орналасқан ұйымның заң мәселелері бойынша директоры Аарон Морристің Азаттыққа айтуынша, 2014 жылы 47 адам «баспана сұрауға бола ма» деп хабарласса, биыл олардың саны 44 болған. «Алда әлі екі ай бар, олардың саны сәл артады, бірақ қатты көбейеді деп ойламаймын» деді Моррис.
«Қазіргі кезде 52 ЛГБТ өкілі баспана сұрап отыр, бірақ жүйеде кідіріс көп болғандықтан, бұл сан былтырғыдан көптеу көрінеді» дейді ол.
Морристің айтуынша, «Иммиграциялық теңдік» өткен жылы Ресейден келген ЛГБТ өкілдерінің Америкада үйленіп, енді баспана сұрап жатқаны көбейгенін байқаған.
«Жыныстық азшылық Ресейден негізінен физикалық күш көрсетуден қорқып қашады. Клиенттерімнің көбі гей екенін біліп қойған скинхедтер шабуыл жасай ма деп үрейленеді» дейді ол.
Олар скинхедтер өздері жиналатын гей-клуб, гей-бар сияқты жерлерді де біліп қояды ма деп қорқады.
Ресей азаматтары 1994 жылдан бері АҚШ-тан баспана сұрап 17 мың өтініш түсірген, оның 6 мыңнан астамы мақұлданған. Мұндай деректі Азаттыққа АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті берді. Совет Одағы тарағаннан бері ең көп өтініш 1994 жылы түссе (2 мың 127 өтініш), содан кейін баспана алуға тілек білдіргендердің көбейгені биыл екен.
Ресейліктер АҚШ-қа қарағанда Еуропа Одағы елдерінен көбірек баспана сұрайды. «Еуростат» дерегі бойынша, былтыр 35 мың ресейлік қоныс аударуға ниет білдірсе, биыл 14 мың адам бірінші мәрте өтініш түсірген. Ал 2008 және 2014 жылдар аралығында АҚШ-қа көшуді қалаған ресейліктер саны, Германия, Франция, Польша және Швецияны есептемегенде, Еуропаға қоныс аударғысы келетіндерден көп болған.
Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.