Бір жыл бұрын Қостанай тұрғыны Артем Марусич ағылшын тілін білмейтініне, алға қойған нақты бір мақсаты жоғына қарамастан, АҚШ-қа көшкен. Ол осылай Қазақстандағы достары мен туыстарын тастап, мыңдаған шақырым жердегі бейтаныс елді бетке алған.
Азаттық: АҚШ-қа қалай бардыңыз? Көшуге не себеп болды?
Артем Марусич: Грин-карта жеңіп алдым. Бұл – АҚШ-тағы тұрғылықты мекенжай анықтамасы. Жолым болып кетті. Грин-карта жеңіп алуға бір пайыз шамасында ғана мүмкіндік болды. Көшуге не түрткі болғанын өзім анық білемін. Қазақстанда 200 доллар жалақы алатынмын, АҚШ-та табысым бірден он есе өсті. Кейін көлік жүргізу куәлігін алып, жүргізуші боп жұмысқа тұрдым. Жалақым 15 есеге артты. 200 долларға өмір сүргім келмейтін болды.
Азаттық: Қазақстанда немен айналыстыңыз?
Артем Марусич: Жеке кәсіпкер ретінде аттракциондармен айналыстым. Кез келген мүмкіндікті пайдаланып, табыс тауып жүрдім. Соңғы жылы Қостанайдағы "Наша газета" басылымында журналист болып істедім.
Азаттық: Қалай көштіңіз?
Артем Марусич: АҚШ-қа жолға шығар алдында бірнеше мың доллар көлемінде қарыз алдым. Сондықтан басында жаңа елге бой үйретуге уақыт болды. Тіл білмей көшкен қорқынышты. Бірақ ізденіп, интернет пен банк картасы мәселесін шешіп, қажет құжаттарды рәсімдедім. Бір сөзбен айтқанда, бюрократиялық жұмыстарды реттеп, тіл білмейтін мигранттарға арналған жұмыс іздей бастадым. Жарнама беті бар газет сатып алдым. Дәл сол күні жұмысқа тұрдым. Ол кезде Бруклиннің орталығындағы шулы аудандардың бірінде хостелде тұратынмын. Бұл – негізінен Кариб аралдары мен Ямайкадан келген азаматтар тұратын аудан. Мені ондағы иіс пен шу таңғалдырды. Бұл маған толықтай жаңа әсер берді. Нью-Йоркті дәл осылай елестетпеп едім..
Азаттық: Бірінші жұмысыңыз не болды?
Артем Марусич: АҚШ-та орыстілді басылым шығаратын баспаханада жұмысшы болып істедім. Құжат рәсімдеуге бір апта қалғанда супермаркетте тауарларды сөреге қоюмен, кейін баспаханадан қосымша жұмыс алып, газет таратумен айналыстым. АҚШ-қа келгелі үш жұмыс ауыстырдым. Қазір бір компанияда жүк таситын жүргізуші болып істеймін. Осыған дейін АҚШ-тың 42 штатында, Канаданың екі өңірінде болдым.
Азаттық: АҚШ-та Қазақстанға қарағанда көп еңбектенуге тура келе ме?
Артем Марусич: АҚШ-та 24/7 режимінде жұмыс істеймін. Өткен рейсте 24 сағат рөлде отырдым. Бірақ Қазақстанда да көзім ұйқыға кеткенше жұмыс істейтінмін. Өйткені ешкімнің қолына қарамай, бар шығынды өзім төлейтінмін. Қалай жұмыс істесең, солай өмір сүресің. Сондықтан мұндай еңбекке бойым үйренген.
Азаттық: Қазақстан мен АҚШ-та жұмысқа көзқарас екі түрлі деуге бола ма?
Артем Марусич: Әрине, айырмашылық көп. Бізде қарапайым зауыт жұмысшысы сегіз сағат жұмыс істесе, 16 сағат демалады. АҚШ-тағы жұмысқа көзқарасты жүк таситын жүргізушілерге қарап бағалаймын. Олар үнемі жұмыста жүреді, көлікте ұйықтайды, бірнеше тәулік қатарынан жұмыс істейді, көбіне рөлде отырып қалғып кетеді. Кейде осылай жолдан шығып кететін кездері де болады. Жүргізушілерді мәжбүрлеп ұйқыға жатқызу үшін тахограф (жылдамдықты, жүргізушінің жұмыс режимін тіркеп отыратын құрылғы - ред.) орнатады. Бұрын жұмыс істеген баспаханамдағы басшылық өкілдері де жұмыста жиі қонып қалатын. Біздің елде ешкімнің бұлай жұмыс істегенін көрген жоқпын. Бізде жұмыс істемесең, жағдайың жақсы деген сөз.
Азаттық: АҚШ-та өмір сүруге көп ақша керегін, америкалық арман ұғымын қалай түсінесіз?
Артем Марусич: Жүк көлігінің жүргізушілері Нью-Йоркте өмір сүруге, бүкіл отбасы сыятын, бөлмесі көп үй жалдауға жететін жақсы жалақы алады. Бұл америкалық арманмен байланысты болса керек. Адам жұмыс істемегенде, не істейді? Олар күш салып еңбектеніп, кейін жақсы демалады. "Дөңгелек үстіндегі үй" деп аталатын көлікті жалға алып, сапалы жолдың үстімен, табиғатқа сүйсініп отырып, саяхатқа шығады. Қайық сатып алады. Мұнда айлақ көп, екі мұхит бар. Шөлді жерлерде мотоциклмен жүруге болады.
Азаттық: АҚШ-тағы өмірдің қандай да бір кемшілігін байқадыңыз ба?
Артем Марусич: Ондай ештеңе байқаған жоқпын. Бұрынғы өміріммен салыстырғанда, қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Кемшілігі жоқ сияқты. Қазақстан мен АҚШ – cалыстыруға келмейтін елдер… Бұрын Еуропада тұрсам, кемшілігін байқар ма едім. Ал қазір, ондай ештеңе жоқ.
Азаттық: Ал АҚШ-тағы өмірдің несі ұнайды?
Артем Марусич: Табиғаты ұнайды. Мемлекет табиғаты мен тарихын қастерлеуге тырысады. Чикаго мен Лос-Анджелес арасында ғасыр құрылысы саналатын 66-жол болған. Қазір ол трассаға айналған. Оған "тарихи 66-жол" деген белгі орнатылды. Енді адамдар жол бойындағы осы белгінің қасында суретке түседі. Тарихына осылай құрметпен қарайды. Ал Қазақстанда тарихи ғимараттарды, қабырғадағы жазуларды бұзып жатқанын көріп, қынжыласың.
Азаттык: Елді сағындыңыз ба?
Артем Марусич: Бұрынғы өмірімнен тамақты ғана сағынамын. Палау, манты, оливье, кәуап және шауырма жиі еске түседі. Нью-Йоркке барсам, міндетті түрде "орыс" дүкендеріне кіріп, оливье мен тұшпара аламын. Мұнда көбіне фастфуд жеймін. Бірақ қазір фастфуд белгісін көрсем, жүрегім айниды. Әрине, жақындарымды да сағындым.
Азаттық: Әр штаттың халқы әртүрлі ме?
Артем Марусич: Тіл білмеген соң, адамдармен көп сөйлеспеймін. Сондықтан бұл сұраққа жауап беру қиын. Ірі компанияларға барғанда, жүкті не түсіріп, не тиеп аламын. Адамдар өзін сыпайы ұстайды. Тілді нашар білетініме, елге жаңа көшіп келгеніме қарамастан, ешкім алакөзбен қарамайды.
Азаттық: АҚШ-та көп жыл тұрып, сол күйі тілді меңгере алмаған адамдар бар ма?
Артем Марусич: АҚШ-та 30 жыл тұрып, әлі тіл білмейтіндер бар. Білсе де, менен нашар сөйлейді. Әсіресе, Нью-Йорктегі миллионға жуық халқы бар орыстілді қоғамда осындай адамдар жиі кездеседі..
Азаттық: АҚШ-та тіл білмей өмір сүру қиын ба?
Артем Марусич: Менің жұмысыммен қиын емес. Бірақ АҚШ-қа тіл білмей келген адам тілді қажет етпейтін ортада өмір сүреді. Көп жұмысқа тұра алмайды, өз әлемінде жүреді. Тіл білетіндердің ортасындағы өмір әлдеқайда жақсы. Мұны сол ортаға түспей, түсіну мүмкін емес. Бірақ іштей басқа әлем барын, тіл үйрену керегін біліп жүресің.
Азаттық: Жұмысыңызда коронавирус пандемиясына байланысты бір өзгеріс болды ма?
Артем Марусич: Иә, болды. Бұрын негізінен құрылыс материалдары мен автокөлік бөлшектерін тасымалдаумен айналыссам, пандемия басталғалы медициналық маска, денеге тимейтін инфрақызыл сәулелі термометрлер таситын болдым. Адамдар көбірек тамақ ішіп, интернетті жиі пайдаланатын болды. Канадаға серверлік құрылғы жеткіздім. Қазір көлігіме интернет-коммуникаторлар тиелген. Контейнердегі мұзға қатырылған Т-жасушалар (немесе т-лимфоциттер, сүтқоректілердің жасушалары - ред.) өзім жеткізген ең ерекше жүк болды..
Азаттық: Қала тұрғындарынан үрей байқала ма?
Артем Марусич: Басында адамдар супермаркеттерден дәретхана қағазы, қағаз майлықтар, су, консервілер, құрғақ ас өнімдері мен ұзақ уақыт сақталатын тауарларды жаппай сатып ала бастады. Дәріханада маска, санитайзер, спирт таусылды. Халық ауруды басатын, дене қызуын түсіретін дәрілерді талап алды. Бір-екі аптадан кейін жағдай реттелді. Қазір маска мен санитайзер және басқа да өнімдерді кез келген жанармай бекетінен табуға болады. Көшеде адам аз. Нью-Йоркке барғанымда, метро бос болды: бұл сирек кездесетін көрініс. Ниагара сарқырамасы паркінде болдым. Саябақта төрт адам ғана жүр. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Адамдар ережені сақтап, себепсіз көшеге шықпайды.
Азаттық: Үкімет ақпараттық жұмыс жүргізе ме?
Артем Марусич: Иә. Бұрын жолдағы белгілер ауа-райы, жол үстіндегі жағдай туралы хабар берсе, енді "үйде бол, өміріңді сақта" деген жазулар шығады. Үнемі маска киіп, адамдардан алшақ жүру керегін ескертеді. Дәрігерлерге арналған "Мұнда батырлар жұмыс істейді", "Батырларға рақмет" деген баннерлер ілінген.
Азаттық: Үкіметтен көмек алдыңыз ба?
Артем Марусич: Иә, 1200 доллар берді. Бұл үшін ештеңе істеген жоқпын. Банк картасын жасатарда көрсеткен мекенжайыма чек келді. Бұл көмек жылына 75 мың доллардан аз жалақы алатын адамдарға беріледі. 1200 доллар Нью-Йорктен бір айға студия жалдауға жетеді. Үнемді жұмсасам, бұл ақшаға "Макдоналдс" пен "Бургер-Кингте" (фастфуд ресторандар желісі - ред.) екі ай тамақтана аламын; немесе бір ай тамақтанып, қалғанын үйдегілерге жіберуге болады. Басқа штаттарда орталықта орналасқан үш жатын бөлмесі бар үйлерді 500 долларға жалға ала аласыз.
Азаттық: Ары қарай не істемек ойыңыз бар?
Артем Марусич: Шынымды айтсам, жоспарым өте қарапайым. Өйткені АҚШ-қа үлкен қарызбен келдім. Бір жылға жуық уақыт өтті, ал мен қарызымнан бір ай бұрын ғана құтылдым. Сондықтан алдағы жарты жылда Қазақстанға демалысқа баруға ақша жинауға тырысамын. Мұхит асып ұшуға бұрын да көп ақша кететін, ал коронавирус пандемиясынан кейін билет бағасының қалай өзгеретіні тағы белгісіз.
Азаттық: АҚШ-та өзіңізді Қазақстанға қарағанда еркін сезінесіз бе?
Артем Марусич: Иә. Түсіндірейін. Бірде медициналық маска жеткіздім. Әлеуметтік желіге "осындай штатқа маска апара жатырмын" деп сурет салдым. Ресейден бір адам "Бұл сурет үшін саған ештеңе демей ме?" деп жазды. "Қазір әлеуметтік желіге бірнәрсе салуға болмайды" деген ой басыма кіріп-шықпайды. АҚШ-та өндіріс орнын, жүкті суретке түсіруге тыйым салынса, арнаулы белгі орнатып, "суретке түсіруге болмайды" деп жазып қояды. Ондай ескерту не белгі болмаса, еркін жүре бересің.