Кешегі және бүгінгі елтаңбалар: не өзгерді, не қалды?

Совет одағында болған бірнеше елдің бұрынғы және тәуелсіздік алғаннан кейінгі елтаңбаларын қарап, трансформацияның қалай жүргенін бақылап көрейік. Кейбреулері совет заманында-ақ атауларын тек өз тілінде, толық жазғызса, кейбірі "ҚССР", "Уз.ССР" деп көрсеткен. Кей елдер СССР кезінде-ақ ұлттық символдарын пайдаланған. Тәуелсіз елдің таңбасында совет заманының символдарын сақтап қалғандары да бар.

Өзбек ССР

Орақ пен балға, бидай сабағы, атып келе жатқан күн шапағы мен қызыл жұлдыз СССР республикаларының бәрінің елтаңбасында болған. Республикалар СССР Коммунистік партиясы идеологиясына негіз болған Карл Маркс ілімінен алынған "Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!" деген ұранды жазуға міндетті еді. Өзбек ССР-інің елтаңбасы гүлдеген мақта сабағымен көмкеріліп, төменде "Уз. ССР" деп жазылған.

Өзбекстан

Тәуелсіз Өзбекстанның елтаңбасында Әмудария мен Сырдария өзендері кесіп өтіп жатқан әдемі пейзаж, бергі жағында аңыздағы самұрық құс бейнелеенген. Қанатты алып құс – парсы фольклорындағы әйгілі кейіпкерлердің бірі, ол Иранның ұлттық валютасында да бейнеленген. Жоғары жақтағы сегізбұрыштың ішіндегі ай – Ислам дінінің белгілері. "Уз. ССР-дың" орнын "O’ZBEKISTON" деген жазу басқан.

Қазақ ССР-ы

Қазақ ССР-ының елтаңбасы Совет одағынікіне өте ұқсас болған. Қызыл фондағы орақ пен балға, атқан күннің шапағы, екі жағында бидай масағы, төбеде бес жұлдыз. 1939 жылға дейін төмендегі лентада латын қарпімен "QSSR" және орыс тілінде "КССР" деп жазылған. Қазақ тілі латыннан кирилл қарпіне ауысқаннан соң қазақшасы "ҚССР" деп өзгертілген.

Қазақстан

1992 жылы бекітілген елтаңбада кирилл қарпімен "Қазақстан" деген жазу болған. 2018 жылы оны латын қарпіндегі "QAZAQSTAN" алмастырды. Оған себеп – елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазақ тілі 2025 жылға дейін латын қарпіне көшуі тиіс. 2019 жылы президенттікке келген Назарбаевтың ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбиге көшуде асығыстық қажет емес деді. Елтаңбаның ортасындағы шаңырақтан күн шапағы іспетті уықтар тарайды, оны мүйізді әрі қанатты мифтік жануар – тұлпарлар қорғап тұр. Төбеде бес бұрышты жұлдыз бар.

Армян ССР

Армяндардың совет кезіндегі елтаңбасында 1921 жылдан бері Түркия жері саналатын Арарат тауының қос шыңы бейнеленген. Ашық күндері ел астанасы – Ереваннан осы шыңдардың сұлбасы көрінеді. Төменде бидай масағы мен жүзім бейнеленген. Қызыл жұлдыз, орақ-балға, пролетарлар ұраны мұнда да бар. Ұран армян және орыс тілдерінде жазылған. Ал елдің атауы "Армян советтік социалистік республикасы" деп армян тілінде айналдыра жазылған.

Армения

Арменияның қазіргі елтаңбасынан христиан дәуіріне дейінгі армяндардың символы болған бүркіт пен арыстанды көруге болады. Қалқанда ежелгі төрт армян династиясының таңбалары бар. Қалқанның ортасында Арарат тауындағы Нұх кемесі бейнеленген.

Белорус ССР-ы

Елдің совет кезіндегі елтаңбасы зығыр мен беде өсімдіктерімен, бидай масағымен көмкерілген. Қалған тұсы СССР елтаңбасына ұқсас. Астында "БССР" деп жазылған.

Беларусь

Жақында Беларусь елтаңбасына өзгеріс енгізілді: жер шарындағы құрлықтардың түсі өзгерді, шардың өзі сәл бұрылды, онда енді Еуропа құрлығы көбірек, Ресейдің жері азырақ көрінеді. Елтаңбасында коммунизмнің қызыл жұлдызын сақтап қалған жалғыз ел – Беларусь. Кей деректер бойынша бұл белгі Марстағы коммунистік қоғам туралы "Қызыл жұлдыз" роман-утопиясынан бастау алған.

Латыш ССР-ы

Латыш ССР-ының елтаңбасындағы Балтық теңізінің толқындары мен СССР гербтерінде міндеттелген шығып келе жатқан күн шапағы үнемі қайшылық туғызатын. Латвия жағалауы батысқа қарап тұр, сондықтан жағалаудан тек күннің батқанын көруге болады. Дизайндағы бұл қайшылық түрлі анекдотқа арқау болды. "Пролетарлар" ұраны орыс және латыш тілінде, елдің атауы тек латыш тілінде жазылды.

Латвия

Үш жұлдыз – тәуелсіз Латвияның үш тарихи аймағының белгісі. Арыстан мен гриф елдің "басқа аудандарын" білдіреді, ал шығып келе жатқан күн – еркіндік белгісі. Елтаңбаның төменгі бөлігін емен жапырақтары әшекейлеп тұр.

Украин ССР-ы

Украин ССР-ының елтаңбасы Совет одағынікіне өте ұқсас. Мұнда да бидай масағы, күн шапағы, бесбұрыш, орақ-балға, пролетарлар ұраны бар. Бір ерекшелігі – елдің атауы тек украин тілінде.

Украина

Елтаңбаның негізі — Киев Русін басқарған князь Владимирдің белгісі үш аша. Гербтің үлкен нұсқасында мушкетті казак пен тәжді арыстан бейнеленген. Украина 2020 жылы үш ашаны көмкеріп тұратын жаңа елтаңба нұсқасына байқау жариялап, жеңімпазды анықтаған. Бірақ ол нұсқа көпшіліктің сынына ұшырады. 2021 жыл жоғарғы рада жаңа нұсқаны дауысқа салады.

Тәжік ССР-ы

Бұл елтаңба 1930 жылдары қолданылып, кейін өзгертілген. Мұнда елдің табиғи ландшафты, ауыл шаруашылығы және су энергетикасы бейнеленген. Дәстүрлі орақ пен балғаның астында тұт жібек құртының пілләсі орналасқан. Ел атауы қысқартылмай, "Тәжікстан" деп тәжік тілінде жазылған.

Тәжікстан

Қазіргі елтаңбада мақта сабағы, бидай масағы және тау бейнеленген. Тәжге қатысты пікір әртүрлі. Біреулер мұны тәжіктердің исламға дейінгі тарихына көрсетілген құрмет деп санайды, себебі тәждің ұштары жанған оттың тілін елестетеді (ежелгі тайпалар отқа табынған). Таңбаның төменгі бөлігінде ашылған кітап тұр.