Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова қылмыстық жолмен иеленген, ал биыл 14 мамырда Франциядан елге қайтарылған 10 миллион доллар мемлекет бюджетіне аударылған. Енді ол жалпы тәртіппен жұмсалмақ. Бұл туралы 15 маусымда Ташкентте өткен брифингте Өзбекстан әділет министрінің баспасөз хатшысы Севара Уринбаева мәлімдеді.
"Франциядан қайтарылған қаржының әлеуметтік жобаларға қалай жұмсалатыны, оның барысы туралы ашық ақпаратты қоғамға тұрақты түрде жеткізіп отыру жоспарланған", - деді Уринбаева.
Бұған қоса ол Өзбекстан әділет министрлігі мен бас прокуратура бірқатар шет мемлекеттермен, атап айтқанда, АҚШ, Швейцария, Франция, Ресей және Латвиямен Гүлнара Каримованың иелігінде болып келген 1,3 миллиард доллардан астам қаржыны елге қайтару туралы жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Бұл ақшаға байланысты бірнеше елде қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Биыл қаңтарда Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында Швейцариядан 70 өнер туындысын қайтаруға күш салып жатқанын мәлімдеген.
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін 2017 жылы қызы Гүлнара Каримова Өзбекстанда 10 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Оған "салықтан жалтарды", "қаржы жымқырды", "бопсалады", "офшор компаниясының құжаттарын жойды" дегеп айып тағылды. АҚШ пен Еуродақтың бірнеше елі Каримованы қаржы жымқырды деп айыптағаннан кейін Өзбекстанда экс-президенттің қызының үстінен іс қозғалған.
Оқи отырыңыз: Гүлнара Каримованың Ұлыбританиядағы мүлкі
Каримоваға алғаш рет сот үкімі шыққаннан кейін ол біраз уақыт үйқамақта отырды, бірақ 2019 жылы наурызда "үйқамақ ережесін бұзды" деп айыпталып, Ташкент облысындағы түрмеге жіберілді. Каримова мен оның қызы бұл айыптарды жоққа шығарды. Осыдан соң Каримованың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалған.
Үшінші қылмыстық іс бойынша ол 13 жыл 4 айға бостандығынан айрылған. Каримоваға және онымен бірге сотталған тағы бірнеше адамға "қылмыстық қауымдастық құрып, ақша бопсалау, бюджет қаржысын жымқыру, қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырумен байланысты қылмыс жасады" деген айыптар тағылды.