Өзбекстан мен Қырғызстан ондаған жылға созылған шекара мәселесін жыл басында шешіп, біраз ілгері қадам жасады. Бірақ екі ел арасында шекара түйткіл әлі бар. Олар жыл соңына дейін шекара мәселесіне қатысты түйінді тарқатуы керек.
Совет диктаторы Иосиф Сталиннің «бөлшекте де билей бер» саясаты 200 километрге жуық шекара екі тарапты дауластырып қойды. Араздықты тоқтату үшін екі ел бес шағын анклавтың мәселесін шешу керек. Осылардың кесірінен соңғы жылдары өңірде қақтығыс, атыс, кісі өлтіру жиілеп кетті.
Екі тарап бұл мәселені шешудің дәстүрлі емес әдістерін қарастырып жатыр. Соның ішінде жер алмастыру, ұлттарды ғасырлар бойы тұрып жатқан атажұрттарынан көшіру туралы ұсыныстар бар.
СОВЕТ ҮКІМЕТІНІҢ ӘРЕКЕТІ
Кей тарихшылардың айтуынша, бір ғасыр бұрын Совет үкіметі ұлттық республикалардың шекараларын сызу кезінде оларды әдейі қырқыстырып қоюға тырысқан. 1924-27 жылдары Ферғана алқабында аралас-құралас тұратын өзбек, қырғыз және тәжік халықтарының арасы иррационалды түрде бөлініп, бір елдің ортасында басқа елдің ауылдары - анклавтар қалып қойған.
1991 жылы Совет одағы тараған соң әр одақтас республика тәуелсіздік алып, еркін барыс-келіс тоқтады. Орталық Азияда қалыптасқан авторитарлық мемлекеттер адамдар мен тауарлардың қозғалысын шектеп, бақылауды күшейтті.
Соңғы жылдары өзбек және қырғыз үкіметтерінің шекарадағы әрекеттері кесірінен атыс пен қантөгіс жиілеп кеткен.
Өзбекстан астанасы Ташкенттегі 1999 жылғы жарылыстан кейін терроризм қаупінен қорыққан Өзбекстан басшылығы Ферғана алқабындағы Қырғызстанмен шекараның көп бөлігіне дуал тұрғызып, ор қазып тастады. Тіпті 2000 жылдың жазында кей жерлерге мина қойылды. Соның кесірінен кісі өлімі мен мал шығыны көбейді, біраз адам жарақат алды.
Шекара мәселесі ондаған жыл бойы екі ел арасындағы дауға себеп болды. Өзбекстан президенті Ислам Каримов қайтыс болған соң оның орнына келген Шавкат Мирзияев жағдайды оңалта бастады. Биыл қазан айында Мирзияев пен Қырғызстан сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев екі ел арасындағы 1300 километрдей шекараның 85 пайызын демаркациялау туралы келісімге қол қойды.
- Каримов дәуірі кезінде әсіресе өзбек тарабы мәселені шешуге ұмтылған жоқ. Ал қазір Өзбекстан оқшаулануды қаламайды, президент [өз елінің] сауда мен өнеркәсіптегі әлеуетінің толығымен жүзеге асқанын қалайды. Ал бұл үшін шекара неғұрлым ашық болуы керек, - дейді Бішкекте тұратын халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшы Чинара Есенғұл.
Шекара келісімі екі жақ үшін де көптен күткен оқиға болды. Қол қою рәсімі кезінде Атамбаев «қырғыздар да, өзбектер де бұл тарихи күнді 20 жылдан астам уақыт күтті» деген еді.
Алты жыл билік құрған Атамбаев аз ғана дипломатиялық және экономикалық жетістікке жетті әрі Өзбекстанмен арадағы шекара дауын да шешуге күш салды.
Оқи отырыңыз: Орталық Азиядағы ұнасымды елдер қатынасындағы өзгеріс
Мирзияев пен Атамбаев шекараның онша дау тудырмайтын тұстарын ғана демаркациялауға келісті. Ал шекараның қалған 15 пайызында даулы анклавтар жатыр.
Қырғыз үкіметінің шекара мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Құрбанбай Искандаровтың Азаттыққа айтуынша, шекарада әлі де даулы саналатын 36 сектор бар, олар - Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстарында орналасқан.
Сох, Шохимардан, Жани Айыл (Халмион) және Чон-Қора/ Қалача анклавтары - Қырғызстан жан-жағынан қоршап тұрған өзбектің жерлері. Бұларда тұратын Өзбекстан азаматтары анклавтан сыртқа шығу үшін қырғыз шекарасынан өтуі керек.
50 мыңға жуық Өзбекстан азаматы тұратын, аумағы 350 шаршы километр болатын Сох аймағында шекара сақшылары мен тұрғындар арасында қақтығыс жиі болып тұрады. Соның кесірінен қырғыз жағы көбінесе шекара мен жолдарды жауып тастайды. Мұның арты азық-түлік тапшылығына, жанжал мен тонауға ұласып жатады.
Ал Өзбекстан жерінің ортасында де-факто Қырғызстанға қарайтын Барак деген шағын ауыл бар. 230 гектар аймақты алып жатқан бұл ауылда Қырғызстанның 75-тей азаматы тұрып жатыр.
Қырғыз және өзбек үкіметінің өкілдері шекара дауын 2017 жылдың соңына дейін жылдамдатып шешеміз деп отыр. Бірақ бұл мақсатқа жету қиын тәрізді.
«Мұнда саяси ерік-жігердің рөлі үлкен, қазіргі уақытта президент Мирзияевтің бойынан осындай жігер байқалады. Яғни, ілгерілеу болады деп үміттенеміз» дейді өзбек-қырғыз шекара дауын 1995 жылдан бері зерттеп келе жатқан Ньюкасл университетінің географ-зерттеушісі Ник Мегоран.
ЖЕР АЛМАСУ
Сарапшы Есенғұлдың пайымдауынша, Ташкент пен Бішкек анклав мәселесін шешудің екі жолын қарастырады.
Біріншісі - Өзбекстан екі анклавты Қырғызстанға беріп, оның қайтарымына шекара бойынан дәл сондай аумақта жер алады. Бұл алмасудың аясында Барак ауылы өзбек жағына өтуі керек.
Қырғызстан Пекинмен арадағы жер дауын реттеу үшін 1999 жылы Тянь-Шань тауы мен Узбенки-Кууш шатқалынан Қытайға мыңдаған гектар жер берген. Күзде Мирзияев пен Атамбаев қол қойған келісім негізінде Өзбекстан мен Қырғызстан шағын жер телімдерімен алмасқан.
Қыркүйекте Жалал-Абад облысы әкімінің орынбасары Мамасалы Ахматаматов «Картада Өзбекстанның жері деп көрсетілгенімен біздің азаматтар тұрып жатқан, біздікі деп көрсетілгенімен, өзбектер тұрып жатқан жерлер бар. Біз 476 шаршы гектар жерді алып, 241 шаршы гектарды бердік» деген еді. Оның айтуынша, облыстың Өзбекстанмен жанасатын 643 километр шекарасы демаркацияланған, енді тек 80 километрдей жер қалған.
СССР тарағалы постсоветтік елдер бірнеше рет өзара жер алмасқан. Мәселен, 1990-жылдардың ортасында Литва Беларусьқа Пагиряй анклавын беріп, оның орнына Беларусь Литва шекарасының тұсынан жер алған. Алайда қырғыз-өзбек арасында жер алмасу кезінде сол даулы аймақта тұрып жатқан халықтың көңіл-күйі де ескерілуі керек.
«Анклавта да стандартты шекарадағыдай техникалық және құқықтық мәселелер болады, бірақ қызмет көрсету мен көшіп-қону жағынан жағдай өте күрделі болып келеді» дейді Мегоран.
Жер алмасудың да күрмеулі мәселелері көп-ақ. Өз жерінде тұрып жатқан анклав тұрғындары өзге елдің азаматтығын алуға келісе ме? Немесе мәселен Сох тұрғындары Өзбекстанға көшуге көне ме? Көнсе, бұл үшін өтемақы сұрай ма?
«50 мың тұрғыны бар Сох пен бес мың тұрғыны бар Шахимардон - үлкен анклавтар, ал халықтың көптігі - өте күрделі мәселе» дейді Мегоран. Сарапшының айтуынша, халықты көшіру - ең ауыр шешім, себебі халық тамырынан ажырап, олардың туған жерімен байланысы үзіліп қалады, ал бұл - Орталық Азия халықтары үшін өте маңызды.
Оқи отырыңыз: Қырғыз-өзбек саудасында сұрақ көп
Ферғана алқабымен салыстырғанда Араб түбегінде жер алмасу оңайырақ жүрді. Себебі ол жерлерде адам аз қоныстанған және шаруашылыққа жарамайтын еді.
«Алмастырылатын жерлердің тұрғындары жерді беруге оңайлықпен келісе қоймайды. Олар «бұл - біздің ата-бабамыздың жері, мұнда ғасырлар бойы тұрып жатырмыз» деуі мүмкін» дейді Есенғұл.
Оған қоса, Шохимардан анклавы өзбек халқы үшін өте маңызды. Себебі онда өзбектің әйгілі ақыны әрі ғалымы Хамза Хакимзаде Ниязи туып-өсіп, 1929 жылы өмірден өткен соң осы аймаққа жерленген.
Есенғұлдың айтуынша, өзбек үкіметі алмастырылатын жерде тұратын халықты көшуге көндіруі керек. Ол үшін оларға Өзбекстан билігі жақсы жер ұсынуы тиіс.
ДӘЛІЗ САЛУ
Екінші ұсыныс - анклавтарды өз отандарымен қосатын дәліз жол салып, сол жолды да тиесілі мемлекеттің меншігіне беру. Мұнда да жер алмасуға тура келеді, бірақ мұның онша көп адамға зардабы тие қоймайды.
Бірақ жол салуға жер бөлу, бір ауылдан екіншісіне бару үшін шекараны кесіп өтуде тексерісті азайту - өте ауыр міндет.
ШЕКАРА АШУ
Мегоран бұл мәселені шешу үшін шекараларды түгелдей ашып тастауды ұсынады. Бельгия мен Нидерланды шекарадағы 24 шағын анклавтың мәселесін шешу үшін осындай шешім қабылдаған.
«Бельгия мен Нидерланды шекарасындағы Барле-Хертог анклавы жақсы мысал бола алады. Мұнда көшіп-қонуда толық еркіндік берілген. Соның арқасында екі ел арасында бейбіт те берекелі байланыс орнаған. Сондықтан жер алмасу, дәліз бөлу қажеттігі болмай қалған» дейді Мегоран.
Орталық Азияда мұндай шешім қабылдануы үшін көп өзгеріс қажет. Мемлекеттер арасы анағұрлым нығаюы керек. Өзбек-қырғыз қарым-қатынасы ең жақсы деңгейге келгенде шекара мәселесінің шешіле бастауы кездейсоқтық емес. Бішкектегі меймандостыққа тәнті болған Өзбекстан президенті Мирзияев қыркүйекте «бұл шекара достық шекарасына айналуы керек» деген еді.
Ал осы кезде Қырғызстан мен Қазақстан арасы, керісінше, мүлде нашарлап кетті. Екі елдің араздасқаны сонша, Қазақстан үкіметі қырғызбен арадағы шекараны жабуға дейін барды.
«Түптеп келгенде нашар не жақсы шекара деген болмайды, тек жақсы не жаман қарым-қатынас қана болады» дейді Мегоран.
Пит Баумгартнердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.