Шавкат Мирзияев билікке келгелі қандай өзгерістер болды? Бірінші президент Ислам Каримов жұрт жадында несімен қалды? Азаттық тілшісі Өзбекстанда болып қайтты.
Өзбекстанды 27 жыл үздіксіз билеген 78 жастағы авторитар президент Ислам Каримов 2016 жылы қыркүйектің 2-сі күні Ташкентте қайтыс болды. Президент қызметін уақытша атқаруды сол кездегі премьер-министр әрі елдегі ықпалды шенеуніктердің бірі Шавкат Мирзияев міндетіне алды. 2016 жылы желтоқсанның 4-і күні Өзбекстанда президент сайлауы өтіп, оның ресми қорытындысы бойынша, 88,6 пайыз дауыс алған Мирзияев жеңіске жетті.
Ұзақ жыл авторитарлы режим басқарған елде біртіндеп өзгерістер басталды: шетелдік инвесторлар келіп, туристерді тартуды көздейтін бағдарламалар жасалды, шетелге шыққысы келетін Өзбекстан азаматтарын виза алуға міндеттейтін тәртіп жойылып, 40 мың адам амнистия бойынша бостандыққа шықты.
Орталық Азияны зерттеуші мамандар мен саясаттанушылардың кейбірі Өзбекстанда саяси жылымық басталғанын айтса, өзге сарапшылар елде авторитарлы биліктің әлі жойылмағанына назар аударып, алдағы уақытта да жақсы өзгеріс болады деп күту бекершілік деп санайды.
Азаттық тілшісі Өзбекстанға барып, Мирзияев билігі тұсындағы елдің тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті тұрғындардың ой-пікірін білді.
ТАШКЕНТ САПАРЫ
Алматы - Ташкент поезы үш сағаттан бері шекарада тұр. Әуелі вагондарды ұзақ уақыт Қазақстан шекарашылары тексерген еді, енді поезд Өзбекстан аумағына кірді.
- Төлқұжатыңызды көрсетіңіз, - деген мығым денелі өзбек шекарашысы түрімнің суретке сәйкестігін тексеріп, визаларды қарады. Бәрі дұрыс екеніне көз жеткізген соң, төлқұжатымды мөр қоюға алды. Оның орнына қолына ит жетектеген басқа шекарашы келді.
- Сөмкеңді аш, ішінде не бар? Тыйым салынған дәрі-дәрмек, психотропты заттар бар ма? - деп сұраған шекарашы сөмкені тексеріп, купе ішін қарай бастады.
Осыдан кейін поезд орнынан қозғалып, шекарадан Ташкентке дейін бір сағаттан аз жүрдік.
Өзбекстан астанасына келген жолаушыны теміржол вокзалы алдындағы алаңда қалаған жеріне апарып тастауға әзір бір топ такси жүргізушісі күтіп алады. Жергілікті тұрғындар олардан гөрі Яндекс-такси шақыру арзан әрі қауіпсіз екенін айтады. Бірнеше минуттан кейін ақ түсті Chevrolet маркалы көлікке мініп, қонақ үйге бет алдым. Такси мені Ташкенттің кең әрі таза көшелерімен алып жүрді. Махмуд есімді жүргізуші соңғы үш жылда жаңадан ашылған жекеменшік компаниялардың есебінен такси қызметіндегі бәсеке қалай күшейгенін айтып берді.
- Соңғы кезде көп нәрсе өзгерді. Мәселен, өткен жылы Өзбекстанда Яндекс-такси пайда болды. Қала аумағында үлкен құрылыс басталды. Үйлер мен сауда орталықтарын салып жатыр. Ауысым соңына қарай көлігім құрылыс шаңына батып қалады. Бірақ баға өсіп, жанармай қымбаттады. Сондықтан көбі газбен жүре бастады, өйткені солай арзан түседі, - дейді Махмуд.
Жүргізуші соңғы үш жылда баға өсуімен бірге жұмыс та көбейгенін айтады: шетелдіктер көп келеді, әсіресе туристік маусымда адам қарасы көп болады. Одан бөлек, Өзбекстанға жұмыс іздеп келетін шетелдіктер де аз емес.
- Каримовтың тұсында да туристер көп болатын. Бірақ одан кейін саны тағы артты. Қазір ешкім жоқ деуге болады: маусым аяқталды. Қытайлар көбейді, күніне олардан кемі бес тапсырыс түседі. "Мұнда жұмыс істеуге келдік" дейді. Мен қытайша амандасуды үйреніп қалдым, - дейді Махмуд.
БИЗНЕСКЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ЖӘНЕ ШАЛҒАЙДАҒЫ ТІРЛІК
Жас кәсіпкер Дилмурод Рихсибоевпен (аты-жөні кейіпкердің сұрауы бойынша өзгертілді - ред.) қала орталығында, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің резиденциясына жақын жерде кездестік. Резиденция биік дуалмен қоршалған, шлагбаум жанында полиция қызметкерлері тұр. Мирзияев резиденцияға 2017 жылы көшкен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Өзбекстанның қазіргі президенті өзінен бұрынғы президент Ислам Каримов тұрып, жұмыс істеген жерлерден аулақ жүруге тырысады.
25 жастағы Дилмурод достарымен бірге Ташкентте тұтынушыға кофе жеткізу қызметін ашқысы келеді. Ол соңғы үш жылда бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай пайда болып, Өзбекстанға жаңа компаниялар келе бастағанын, франшизамен жеке кәсіп ашуға мүмкіндік туғанын айтады.
- Бұл қала бизнеске тың серпін берді. Жаңадан көп компания ашылды. Бизнесімізді франшиза бойынша бастап жатырмыз: Ташкентте кофе енді ғана сәнге айналып келеді, нарық әлі бос. Біз бәрін ойластырып, бизнес жоспар жасадық. Табысы көп іс, - дейді Ташкенттің орталық көшелерінің бірінде келе жатқан Дилмурод.
Дилмурод азаматтарға елден еркін шығуға мүмкіндік берілгенін де атап өтті: шетелге шығу үшін виза алу тәртібі жойылып, Өзбекстанға басқа мемлекеттен оралған азаматтарды тергеу тоқтаған.
- Достарымның басында осындай жағдай болды. Біраз уақытқа елден кетіп, кейін қайта оралған олармен арнаулы қызмет өкілдері сөйлесіп, қайда және не үшін барғанын, кіммен кездесіп, не істегенін сұраған. Жағымсыз процедура. Қазір де тергеу болады, бірақ бұрынғыдан әлдеқайда аз өтеді деп естиміз, - дейді ол.
Ташкент көшесінде Өзбекстаннан шығатын Chevrolet маркалы көлік жиі кездеседі. Шетелдік көліктерге кеден салығын көп салады (көлік бағасының 30 пайызына дейін жетуі мүмкін). Сондықтан өзбек азаматтарында екі-ақ таңдау бар: не қоғамдық көлікпен жүреді, я жергілікті нарық ұсынған көлікті сатып алады.
- Біздің көліктерді сұрқай тобыр деп атаймын. Өйткені бәрі бірдей көрінеді. Шетелдік көлік көрсең, таңғаласың. Мұндай көлік сатып алуға екінің бірінің жағдайы жетпейді, - дейді мені қалада Chevrolet маркалы көлігімен алып жүрген Дилмурод.
Ташкентте әдемі станциялар, үйлесімді мозаика мен жаңа үлгіге ауыса бастаған ескі советтік вагондардан тұратын метро қоғамдық көліктің мақтанышы саналады. Көп жылғы тыйымнан кейін 2018 жылы метрода суретке түсіруге рұқсат берілген.
Бір қарағанда, метрода оқыс жағдай болғанға ұқсайды: әр станцияда полиция қызметкері мен орыс және өзбек тіліндегі "Қырағылық - уақыт талабы" деген жазулар көзге шалынады. Мұндай көрініске жергілікті тұрғындардың бойы үйреніп кеткенге ұқсайды. Олар полиция қызметкері мен бейнебақылау камерасынан сескенбей, өздерін қауіпсіз сезінетінін айтады.
Бірнеше жыл бұрын метро вагондарында теледидар экранынан көрсетілетін жарнамалар пайда болған. Жарнама роликтері жұртты Ташкент емханаларында емделіп, білімін көтеруге және Өзбекстанның туристік нысандарын аралауға шақырады.
Дилмурод екеуміз Ташкентте "бродвей" деп аталып кеткен жүргіншілерге арналған Сайилгох көшесімен келе жатырмыз. Бұл көшеде тамақ, кәдесыйлар мен картиналар сатылады, кешкісін музыканттар жиналады (бірнеше жыл бұрын көшеде өнер көрсетуге болмайтын). Жүргіншілер жолының екі жақ шетінде ескі-құсқы зат сататын базар орналасқан. Онда негізінен советтік дәуірден қалған әртүрлі медаль мен ескі фотоаппараттан бастап, мұқабасы тозған медицина энциклопедиялары мен Ленин, Пушкин, Чернышевскийдің ауыр мүсіндеріне дейін неше түрлі зат сатылады.
- Бірнеше жыл бұрын бұл жерде музыканттарға өнер көрсетуге рұқсат бермей, тарқатып жіберетін, түнге дейін отырғызбайтын. "Мұның кесірінен қала орталығында қылмыс саны артып, тәртіпсіздік орнайды" деп айтатын. 2017 жылы қайта рұқсат берді. Қараңызшы, қандай жақсы. Дәмханалардың франшизалары пайда болды. Өткен жылы бірінші KFS (қоғамдық тамақтануға арналған мейрамханалардың халықаралық желісі - ред.) ашылды, - дейді Дилмурод.
Дилмурод негізгі өзгерістер Ташкентте ғана байқалатынын, ал өңірлерде адамдардың жағдайы бұрынғыша қиын екенін айтады.
- Ташкенттің сыртында халық бұрынғыдай өмір сүріп жатыр. Өңірлерге туыстарыма не жұмыс бабымен жиі барамын. Халықта ақша жоқ, электр жарығы мен газ дұрыс берілмейді. Қазір ол жақта да жағдай жасауға тырысып жатыр. Мәселен, ескі үйлердің орнына жаңасын сала бастады. Өңір халқы ауыл шаруашылығы есебінен күн көреді. Қала халқынан да жақсы тұратын фермерлер бар. Ақшасы барлар Ташкенттен пәтер сатып алып, ауылда жұмыс істеуге тырысады. Бұрын президентке жақын жерде, ел астанасына тіркелу қиын болатын, қазір "жаңа үйлерден пәтер сатып ал да, тіркеле бер" деп бәріне рұқсат бере бастады.
САМАРҚАН: ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ ЖӘНЕ КАРИМОВ КЕСЕНЕСІ
"Афросиаб" жүрдек поезы Ташкенттен Самарқанға дейінгі 300 километрден астам жолды екі сағатта еңсереді. Поезд ішінде ұшақтағыдай қызмет көрсетеді: билет бағасына таңғы ас кіреді, сыпайы жолсеріктер "Басқа ештеңе керек емес пе?" деп, бәйек болады.
Самарқан қаласы – Өзбекстанның негізгі туристік орталықтарының бірі. 2016 жылы мұнда президент Ислам Каримовты жерлегеннен кейін қалаға шетелдіктерден бөлек, жергілікті тұрғындар да келе бастады. Олар бірінші президенттің басына зиярат етуге келеді.
Каримов кесенесіне мені жергілікті гид Шухрат бастап барды. Ол жартылай заңды жұмыс істейді – адамдарды вокзалдан күтіп алып, келісілген ақшаға қаладағы барлық туристік нысандарды көрсетеді. Туристерге тарихи орындарды аралатып жүріп, Шухрат өзіне назар аудармау үшін көлігінен түспеуге тырысады. Әйтпесе туристік полиция одан шетелдіктерді жиі әкеліп жүргеніне қарамастан, неге әлі күнге жеке кәсіпкер есебінде тіркелмегенін сұрауы мүмкін. "Оларға салық төлейтіндей көп табыс таппаймын" дейді заңды кәсіптен неге қашатынын түсіндірген Шухрат.
Ислам Каримов ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған ескі Хазірет Қызыр мешіті аумағына жерленген. Бұл жердің тарихи маңызына қарамастан, 2018 жылы Каримов зиратының басына ақ және қою жасыл түсті мәрмәрдан кесене тұрғызылған. Оның ішкі бөлігі жартылай бағалы тастармен әшекейленген, ал зират басындағы тас кесенеге ай сәулесі түскенде ерекше жарқырайтын ақ оникстен жасалған.
Каримовтың жерленген жерін анықтап көру мүмкін емес: кесене алдында тұрған күзетшілер келушілерді асықтырып, есік алдында ұзақ тұрғызбауға тырысады.
- Мұнда суретке түсіруге болмайды. Тыйым салынған! - деді фотоаппаратымды қолыма алғанымды көрген полиция қызметкері.
Жасырын суретке түсіруге тура келді. Кесененің артында дұға тыңдап, демалып отыруға болатын орындық бар. Дұғада Ислам Каримовтың есімі жиі аталады. Кесененің бүкіл аумағына дауыс ұлғайтқыш құрылғы қойылғаннан, дұғаны кесененің кез келген тұсынан естуге болады.
- Зиратқа көп адам келеді, оны тірі кезінде бәрі бірдей көріп үлгерген жоқ қой. Мына бағандарды қарашы, ағаштан жасалғанға ұқсайды, иә? Бұл үнді құмы. Сыртын әрлеуге көп ақша кеткен, есесіне ғасырлар бойы тұрады, - дейді менімен бірге кесенеге көтерілген Шухрат.
Алдыңғы сөйлескен адамдарыма қарағанда, Шухрат Каримовтың кезінде өмір сүру жеңілірек болғанын айтады. Ол мұны өте қарапайым мысалмен: "ол кезде бәрі арзан болған" деп түсіндіреді.
- Каримовтың тұсында азық-түлік пен жанармай бағасы арзан болған. Қазір бәрі – жарық, газ, су, ет бірнеше есе қымбаттады. Қымбатшылықтың себебін білмеймін, бірақ бұл адамдарға ұнамайды. Наразылық білдіруге тағы болмайды: артық бір нәрсе айтсаң, түрмеге жабады немесе басқа жағдайға ұшырауың мүмкін. Сынауға болмайды, - дейді Шухрат.
Шухрат маған Самарқанның шаң басқан көшесін аралатып жүріп, жол-жөнекей өз өмірі туралы әңгімеледі. 33 жастағы жігіттің әйелі мен екі баласы бар. Айтуынша, қалада жұмыс көп болғанымен жалақы аз.
- Айына 300-400 доллар көлемінде табыс табамын. Кейбіреулердің айлығы менен аз - 250 доллар шамасында.
- Бұл ақша неге жетеді?
- Азық-түлік пен отынға, жалпы күнелтуге ғана жетеді. Көлік газбен жүреді, осылай жанармайға ақша жұмсамаймын. Экскурсиядан бөлек, бизнеспен айналысуға болады. Бізде көбі солай жасайды. Біреу 40 күнде жетілетін тауық өсіреді, екіншісі дүкен ашады, тағы бір кісі саудамен айналысады, - дейді Шухрат.
Шухрат соңғы үш жылда турист саны екі есе өсіп, соның арқасында Самарқандағы жалақы аз да болса көбейгенін айтады. Ол алдағы уақытта қазіргіден де жақсы өзгерістер болады деп үміттенеді.
- 2021 немесе 2022 жылы Самарқанда халықаралық әуежай құрылысы басталады. Туристер Ташкентке емес, бірден осы жерге ұшып келетін болады. Ел астанасы қызық емес, онда тарихи жерлер жоқ, - дейді ол.
Қаладан кетер алдында Шухрат маған тағы бір туристік нысан – Самарқан базарын көрсетті. Базарда жаңғақ, кепкен жеміс пен Қазақстан нарығына жетпейтін алуан түрлі тәттілер сатылып жатыр. Сатушыдан рұқсат сұрамай, бәрінің дәмін татып көруге болады. Шухрат базарды бір аралап өтсе, тәттіге тойып шығуға болатынын айтады. Ол мені тауары "тәуір" саналатын "сенімді" саудагерлерге апарды. Бірақ маған базардағы сатушылардың барлығы жемісті бірдей бағамен сатып тұрғандай, олардың арасында айырмашылық жоқтай көрінді.
Кәдесый дүкендерінде, әдеттегі ұсақ-түйек заттардан басқа, бас киім, шапан, шәйнек пен палау салатын ыдыс та сатылады. Каримовтың суреті бар кәдесый заттары аз кездеседі. Бір дүкеннен оның портреті салынған табақ көрдім, ал Бибі ханым кесенесінің (бірінші президенттің зиратына жақын жерде) қарсы бетіне Каримовтың суреттері ілінген стенд қойылған. Бір сурет бес мың сом (шамамен 53 цент) тұрады. Стенд жанында тұрған азамат маған Каримовтың Путинмен түскен суретін сатуға тырысты. Бірақ менің Қазақстаннан келгенімді білгеннен кейін, "өкінішті" деген кейіп танытты: Каримовтың Назарбаевпен бірге түскен суреті саудада жоқ екен.
Шухрат мені вокзалға жеткізіп, қолымды қысып тұрып бұл жаққа негізі мамырда және бір күнге емес, кемінде төрт тәулікке келген дұрыс болатынын айтты.
- Көктемде бізде айнала өте әдемі болады. Мен саған небір тамаша жерді көрсетемін, Қазақстаныңа қайтқың келмей қалады, - деді ол қоштасарда.
Шухраттың телефон нөмірін жазып алдым да, вокзалға беттедім, Самарқан маған ұнады, бірақ кетуге асықтым. Сірә, мамыр айына дейін әлі ерте болғандықтан шығар.