Өзбекстанда қант зауыттары "уақытша жабылды"

Өзбекстанда қант алу кезегінде тұрған халық.

Ташкент пен Хорезм облыстарындағы қант зауыттары уақытша жабылып, жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберді. Ресми дерек бойынша, девальвациядан кейін екі зауыт шығынға батып, жұмысшыларына жалақы төлей алмаған.

АҚЫСЫЗ ДЕМАЛЫС

Биыл қарашаның басында «Хоразм Шакар» және «Ангрен шакар» қант зауыттары жұмысын уақытша тоқтатып, жұмысшылары 2018 жылғы қаңтардың 10-ына дейін ақысыз демалысқа кеткен.

Хорезм облысы Хазарасп ауданындағы «Хоразм Шакар» зауыты жұмысшыларының көбін қарашаның 10-ынан бастап екі айға ақысыз демалысқа жіберген. Зауытта жүк тасымалдау бөлімінің жұмысшылары ғана қалған. Бірақ желтоқсанның ортасында жүкшілер де демалысқа кеткен. Осыдан кейін зауыт жұмысын толық тоқтатқан. Бұл ақпаратты Азаттықтың Өзбек қызметіне осы зауыттың жұмысшысы айтқан.

– Еңбек демалысын алмаған жұмысшыларды ақылы демалысқа жіберді. Ал еңбек демалысын алып қойғандар ақысыз демалысқа шықты. Зауыт басшылығы қоймада қалған қантты тапсырыс бергендерге жеткізу үшін жүк тасымалдау бөлімі жұмысшыларын уақытша қалдырған еді. Бірақ 15 желтоқсанда қойма босады. Сондықтан жүк бөлімнің жұмысшыларын да демалысқа кетті. Енді зауыт жұмысшыларының бәрі келесі жылдың 10 қаңтарына дейін демалыста болады, - дейді «Хоразм Шакар» қант зауытының аты-жөнін атамаған жұмысшыларының бірі.

Ресми дерек бойынша, «Хоразм Шакар» кәсіпорнында 1,5 мың адам, «Ангрен шакар» зауытында 500 адам жұмыс істейді.

"Хоразм Шакар" қант зауыты

Қазанның 30-ы күні Азаттықтың Өзбек қызметі «Хоразм Шакар» қант зауыты басшылығы жұмысшыларға ақысыз демалысқа кету туралы өтініш жаздырып жатыр» деп хабарлаған .

Ал желтоқсанның 20-ы күні «Хоразм Шакар» зауытының Ташкент қаласындағы бас кеңсесінде істейтін қызметкерлерінің бірі Азаттыққа «жұмыс қаңтарда да басталмауы мүмкін» деген.

– Профилактикалық, техникалық жұмыстарға байланысты екі зауыт уақытша жұмысын тоқтатты деп ресми хабарланды. «Жоғарыдағылар» екі айдан кейін екі зауыт та қайта жұмыс істей бастайды деп үміттенген еді. Желтоқсан айы аяқталып қалды, бірақ проблема шешілген жоқ. 10 қаңтардан кейін де екі зауыт жұмысшыларынан ақысыз демалыс туралы тағы өтініш жазуды сұрайтын сияқты, - дейді ол.

УАҚЫТША ЖАБЫЛУ СЕБЕПТЕРІ

Есімін атаудан бас тартқан «Хоразм Шакар» басшыларының бірі қант зауытының жабылуына ұлттық валюта - сумның құнсыздануы себеп болғанын мойындады.

Қазанның соңында «Хоразм Шакар» зауытының аты-жөнін атамаған қызметкері Азаттыққа «ұлттық валюта күрт девальвацияға ұшырағаннан кейінгі екі айдың ішінде зауыт 17 миллион 200 мың сум шығынға батты» деген еді.

– Біз қант құрағының бір килограмын шетелден 55 центке сатып аламыз. Бұрын біз бір долларды 4210 сумнан конвертациялайтын едік. Бірақ девальвациядан кейін долларды 8200 сумнан конвертациялауға тура келді. Девальвацияға дейін қант шикізатының бір килограмын шығаруға 55 цент, ал өзге шығындарға 40 цент жұмсап келгенбіз. Сонда жиыны 95 цент жұмсап, бір килограмм дайын қантты бір доллардан сататынбыз. Ал қазір қанттың әр килограмын 43 цент шығынмен сатып жатырмыз. Газ бен электр жарығын, жұмысшылардың жалақысын төлеу, жабдықтарды жөндеу мен қосалқы бөлшектерді сатып алу бізге қосымша шығын болып тұр, - деген еді шенеунік.

«Хоразм Шакар» зауытының Ташкент қаласындағы бас кеңсесі қызметкерлерінің бірінің Азаттыққа ұлттық валюта девальвациясынан кейін шетелден шикізат сатып алуды екі зауыт та уақытша тоқтатқан айтты.

Өткен айда жергілікті басылымдар «Узбекозиковкатхолдинг» компаниясының баспасөз хатшысы Рузиевке сілтеме жасап, бөлшек саудада бір килограмм қанттың бағасы 5000 сумнан аспауы тиіс деген үкімет тапсырмасын жариялаған

Ал «Хоразм Шакар» қант зауыты қызметкерінің сөзінше, жергілікті зауыттар қантты мұндай бағамен сата алмайды.

– Зауыт шығынға батпас үшін біз қанттың бір килограмын 7500 сумнан сатуымыз керек. Зауыт сол кезде ғана жұмысын жалғастыра алады. Я болмаса билік шетел валютасын тиімді бағаммен конвертациялауы тиіс, - дейді ол.

РЕСЕЙДЕН ИМПОРТТАУ ЖОБАСЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Өзбек сумының девальвациясынан кейін жергілікті қант зауыттарының жұмысында қиындықтар туған. Үкімет халықтың қантқа сұранысын шетелдік өндірушілер есебінен жабуды ұйғарған. Биыл қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елге әкелінетін қантқа кедендік баж салығы салынбайды деген қаулыға қол қойған. Ал «Узбекозиковкатхолдинг» компаниясы сырттан келген қант сауда орындарының бөлінгенін хабарлаған.

Ресей ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачевтің 23-25 қыркүйектегі Ташкентке сапары кезінде қант экспорттау мәселесі талқыланған. Кейінірек жергілікті БАҚ халықтың сұранысын өтеу үшін Өзбекстан жыл аяғына дейін Ресейден 150 мың тонна қант импорттайды деп хабарлаған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мен Ресей ауыл шаруашылық министрі Александр Ткачев. 2017 жыл қыркүйек.

Бұған қоса, қант сатып алумен «Узбекозиковкатхолдинг» компаниясына қарасты Agro Export Poytaxt мен «Дехкон савдо» компаниялары айналысады деп мәлімдеген.

«Узбекозиковкатхолдинг» қызметкері Азаттыққа «Ресейдің арзан қантын импорттау жобасы қазір тығырыққа тіреліп тұр» деді.

​– Үкімет импортталатын қанттың бір тоннасының бағасы 500 доллардан аспауы тиіс деген тапсырма берген. Бірақ дәл осы шектеу проблемаға айналды. Осы баға бойынша бірнеше келісімге қол қойылған еді. Мысалы «Продимпекс», «Трио XXI», «Уваровский сахарный завод» сияқты ресейлік кәсіпорындармен қант сатып алу туралы келісімге қол қойылған. Ресей жағы қанттың бір тоннасын 380-437 АҚШ долларынан сатуға келіскен. Бірақ қантты тасымалдау шығынын ешкім жаба алмады. Логистикаға байланысты қиындықты қазір ешкім шеше алмайды. Негізгі логистикалық компанияларды жауып тастады. Ал жұмыс істеп тұрғандары проблеманы шеше алмай отыр. Қазір қант импорты мүлде тоқтап қалды. Егер бұлай жалғаса берсе, жаңа жылға дейін қалған қант толық таусылады. Қант бағасы мүлде шарықтап кетуі мүмкін деген қауіп бар, - дейді ол.

2017 жылы қыркүйектің 5-і күні Өзбекстан орталық банкі ұлттық валюта бағамын екі есеге жуық девальвациялады. Бір АҚШ долларының бағамы 4210 сумнан 8200 сумға өсті. Ұлттық валюта девальвациясынан кейін шикізат импортымен айналысып жүрген кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің бизнесі тығырыққа тірелді.

Қазір Өзбекстан үкіметі девальвация зардаптарын азайту мақсатында бір миллиард доллар көлемінде несие алу үшін дүниежүзілік банкпен келіссөз жүргізіп жатыр.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ҚАНТ БИЗНЕСІ

Жеміс-жидек пісетін маусымда Өзбекстанда қант бағасы жыл сайын қымбаттайды. 1998 жылы Өзбекстан ішкі нарықтың өнімге деген сұранысын толық өтеу үшін Хорезм облысында қант зауытын салған. «Хоразм Шакар» зауытында жыл сайын 180 мың тонна қант шығарылады. Өзбекстан-Австрия-АҚШ бірлескен кәсіпорны саналатын «Хоразм Шакар» ресми дерекке сәйкес, ішкі нарықтағы сұраныстың 60 пайызын қамтамасыз етеді.

2014 жылдың басында Ташкент облысындағы «Ангрен» арнайы индустриалды аймақ территориясында тәуліктік қуаты бір мың тонна болатын жаңа қант зауыты салынған. Жобаны іске қосуға 83 миллион доллар жұмсалған. Қант зауыты пайдалануға берілген кезде Өзбекстан билігі сингапурлық және австриялық компаниялар инвестиция салған «Ангрен шакар» зауыты елдегі қант сұранысын толық жабады деп уәде еткен.

Кей ақпаратқа сәйкес, Өзбекстанда қант бизнесін биліктегі шенеуніктер басқарады.Аты-жөндерін атағысы келмеген өзбекстандық кей кәсіпкерлер Азаттық тілшісіне Ислам Каримовтің билігі тұсында Өзбекстан футбол федерациясының басқарған Мираброр Усманов қант бизнесінде ең ірі монополистердің бірі болғанын айтты.

2013 жылы бас прокуратура елдегі қант бизнесін тексеруге кірісті. Осы кезде Өзбекстанда «Бахо шакар» деген лақап есімімен танылған, қант бизнесімен айналысатын Баходир Каримжанов Дубайға қашып кетті. Каримжановтың бизнесіне Өзбекстанның марқұм президентінің үлкен қызы Гүлнар Каримова көмектескен деген ақпарат та бар. Ал Еуропадағы бірнеше коррупциялық жанжалдан кейін Каримованың Өзбекстандағы бизнес империясы толықтай күйреді.

(Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісі Мехрибон Бекиеваның мақаласы орысшадан аударылды)