"Қару бароны" атанған Виктор Бут кім? АҚШ оны Ресей қамаған азаматтарына алмастыра ма?

Қару-жарақ сатумен аты шыққан ресейлік Виктор Бут Таиланд түрмесінде отыр. Бангкок, 2009 жыл.

Ресей командасының құрамында ойнайтын америкалық баскетболшы есірткі сақтағаны үшін тоғыз жылға сотталды. Содан кейін АҚШ-та 25 жылға сотталып, түрмеде отырған қару-жарақ сатушы Виктор Бутты айырбастау туралы айтыла бастады.

Ресей соты америкалық баскетболшы Бриттни Грайнерді көлігінің жүксалғышында қарасора сақтағаны үшін тоғыз жылға соттады. Содан кейін екі елдің тұтқын алмасуы туралы айтыла бастады.

Ресейде түрмеде отырған америкалықтар қатарында Грайнерден басқа ұжымдық қауіпсіздік офицері Пол Уилан мен мектеп мұғалімі Марк Фогель бар. Ресей Украинаға басқыншылық жасаған соң, олардың Америкамен байланысы нашарлады. Грайнерге үкім шыққан соң, 4 тамызда АҚШ президенті Джо Байден оны "орынсыз" деп атады.

Америкада түрмеде отырған ресейліктердің ішінде ең танымалы – 55 жастағы қару сатушы Виктор Бут. Ол кейінгі он жылын Иллионойс түрмесінде өткізген. "Өлім саудагері" атанып кеткен оны 2011 жылы америкалықтарды өлтіру мақсатымен астыртын әрекет етті деген айыппен 25 жылға түрмеге қамады.

Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров тұтқын алмасу ұсынысын талқылады. Блинкен Гринер мен Уиланның мәселесі қарастырылғанын айтты. Ол ешбір ресейліктің атын атамады, бірақ тұтқын алмасу туралы әңгіме шыққалы Буттың есімі жиі атала бастады.

Виктор Бут деген кім? Ол туралы не білу керек?

ДУШАНБЕДЕН ЛУАНДАҒА ДЕЙІН

Виктор Буттың Тәжікстан совет социалистік республикасының астанасы Душанбеде 1967 жылы дүниеге келгені айтылып жүр. Бірақ бұған қатысты күмән келтіргендер бар. Әкесі Анатолий туралы дерек аз. Ал анасы Раиса 2021 жылы АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путинге хат жазып, ұлына араша сұраған.

Баспасөз құралдары Буттың шет тілдерін оқытатын арнайы орта мектепте оқығанын айтады. Кейін ол 1980 жылдардың ортасында Мәскеудегі шет тілдер әскери институтын бітірген деп жазылған 2001 жылы БҰҰ жариялаған баяндамада. Бұл мектепте танымал офицерлер, дипломаттар, кейде шпиондар оқығаны жиі айтылады. Ол португал тілін меңгерген. Кей деректерде оның бұдан басқа тағы бірнеше тіл білетін полиглот екені айтылады. Виктор Бут Совет қарулы күштерінде әскери борышын өтеген.

Виктор Буттың 2010 жылы 5 қазанда Бангкоктегі сот отырысына келген сәті. Осыдан кейін көп ұзамай оны АҚШ-қа экстрадицияланды.

БҰҰ баяндамасына оның кіші лейтенант атағын алған соң 1990 жылдардың басында Ресейде қызмет еткені, не әскери әуе күштерінде, не армия авиациясы құрамында БҰҰ қолдаған Анголадағы бітімгерлік операцияларға қатысқаны, сонымен қатар Мозамбикте қызмет еткені айтылған. Оның аудармашы болғаны айтылып жүр. Баяндамада оның Ресей арнайы қызметіне жұмыс істеген-істемегені белгісіз.

БИЗНЕСТЕГІ ЖОЛЫ

1990 жылдары Бут жеке бизнеспен айналыса бастаған. Ол советтер шығарған Антонов ұшақтарын қолданып, шиеленіс аймақтарына жүк пен адам тасумен айналысатын әуе компаниясын ашқан. БҰҰ баяндамасында оның Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан Антонов ұшақтарының әлемдегі ең ірі паркіне ие болғаны айтылған.

"Менің инвесторларым болған емес. Ақша табу ешқашан қиын болған жоқ" деді ол 2003 жылы The New York Times басылымына берген сұхбатында.

2007 жылы шыққан "Өлім саудагері" кітабында Буттың Совет одағы аэродромдарында қалған әскери ұшақтарды алып, сонымен бизнес жасағаны айтылған.

Буттың Антонов ұшақтарына қол жеткізе алуы оның Ресейдің ұйымдасқан қылмыстық топтарымен немесе арнайы қызметімен, әлде екеуімен де байланысы барына дәлел бола алады дейді оның мансабын бақылаған Батыс барлауының сарапшылары мен журналистер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин режиміне тықыр таянды"

Ол әртүрлі жүк тасыған. Кейде бітімгерлер мен гуманитарлық көмек, кейде Оңтүстік Африканың гладиолус гүлдері, IKEA жиһазы, қарындаш пен мұздатылған тауық секілді коммерциялық жүк те тасыған. Шиеленіс болып жатқан жерлерге қару-жарақ пен оқы-дәрі жеткізіп, халықаралық құқық пен эмбарго талаптарын бұзғаны үшін де кең танылған.

Бірақ Буттың әуе паркі мен оның Ангола, Либерия, Руанда, Ауғанстан мен Колумбия секілді шиеленіс болып жатқан жерлерге жүк апаруға дайын болуы оның қызметіне сұранысты арттырған. Оның клиенттерінің арасында БҰҰ, АҚШ, Ресей мен басқа да елдер болған.

1990 жылы Буттың "Солтүстік альянс" командирі Ахмад Шах Масудқа "Талибан" қозғалысымен күресуге керек-жарақтар жеткізгені хабарланған. Сонымен қатар ол Сомали мен Шығыс Тиморға БҰҰ бітімгерлерін апарған. 11 қыркүйектегі оқиғадан соң АҚШ билігі Иракқа материалдар жеткізу үшін онымен келісімшарт жасаған.

"Ол жеткізіп бере алатын нәрсені тасымалдайтындар аз болды. Әсіресе, жолы мен басқа да қозғалыс мүмкіндігі жоқ Африка елдері мен Ауғанстанға" дейді "Өлім саудагері" кітабы авторларының бірі Дуглас Фарах Азаттыққа 2010 жылы берген сұхбатында.

"САНКЦИЯЛАРДЫ БҰЗҒАН"

Буттың Либерияда әскери қолбасшы, саясаткер Чардльз Тейлормен тығыз байланыста болғаны назарға ілініп, халықаралық ұйымдардың қысымын күшейтті.

2002 жылы Бельгия сонда тұрып жатқан Бутты қамауға алуға ордер берді. Бірақ Виктор Бут Интерпол ордерін орындаудан бас тартқан Ресейге қашты. 2004 жылы АҚШ қаржы министрлігі оған санкция салып, оның кей активтерін бұғаттады.

"Виктор Бут расымен санкцияларды бұзған негізгі адам және Ангола мен СьерраЛеонеге материалды техникалық қолдау мен қару-жарақ жеткізетін және сол үшін алмаз алып кететін әуе компаниясы бар адам" деді Британия саясаткері, сыртқы істер министрі болған Питер Хейн 2000 жылы.

Қару жөніндегі сарапшылар оны "Қару саудасының Макдональдсі" деп те атап кеткен. Бұл оның қару саудасының "брендіне" айналғанын білдіреді.

Оның танымал болып кетуі де көбін таң қалдырған. Тіпті, 2005 жылы халықаралық қару саудагерінің оқиғасын баяндайтын "Қару бароны" деген Голливуд фильмі Буттың оқиғасына негізделген деген пікір бар.

АҚШ әділет министрлігі 2007 жылғы қарашадан 2008 жылғы наурызға дейін Бут Оңтүстік Африкаға миллиондаған доллар тұратын қару жеткізіп, Колумбияның революциялық қарулы күштерін қаржыландырғанын айтады. Бұл партизан тобын АҚШ террористік ұйым деп таныған.

ҚАМАУҒА АЛУ ОҚИҒАСЫ

2008 жылы наурызда Бут Бангкокқа барып, өзін Колумбияның революциялық қарулы күштеріне қару жеткізгісі келетін делдал деп таныстырған АҚШ құқық қорғау органы агенттерімен кездескен. Содан кейін Бутты Таиланд полициясы қамауға алды. Ресейдегі наразылықтарға қарамастан, екі жылдан соң оны АҚШ-қа экстрадициялады. Сонда оны АҚШ азаматтарын өлтіру мақсатында астыртын әрекет ету айыбы бойынша сотталды.

2011 жылғы қарашада сот Бутты кінәлі деп танып, 25 жылға соттады. Сот тергеуіне оған қарсы куәлік еткен сыбайласы мен телефон әңгімелерінің жазбалары көмектескен.

2017 жылы Бут сұхбат беріп, кінәсіз екенін, қылмыс жасамағанын айтқан. Бұл АҚШ шенеуніктерінің ашуын туғызды.

"Қылмыс болған жоқ! Мәселе ой қылмысы туралы болып тұр. Болашақта жасалуы мүмкін қылмыс туралы. Фантастикалық фильмдегідей сені болашақтағы қылмысың үшін соттайды. Сотта негізінен мені ойымдағы нәрсе үшін айыптады. Ешқандай қылмыс болған жоқ" деді ол Russia Today телеарнасына берген сұхбатында.

Ресей шенеуніктері оның бұл сөздерін қолдады. Ресей азаматтарын қамауға алу және экстрадициялау оқиғаларынан кейін Ресей шенеуніктері АҚШ әлем бойынша ресейліктердің ізіне түсті деп мәлімдеді. Олар ресейліктерді шетелге шыққанда абай болуға шақырды. Қамауға алынғандардың көбіне компьютер қылмыстарын жасады деген айып тағылған.

Буттың әйелі Алла Ресей ақпарат агенттіктеріне АҚШ-тағы түрмеде күйеуіне қатігездік көрсететінін бірнеше рет айтқан.

Алла Бут

Бутқа үкім шыққан соң, Ресей шенеуніктері АҚШ-пен тұтқын алмасу мәселесінде оның атын бірнеше мәрте айтты.

Сәуірде екі ел АҚШ-та есірткі контрабандасы үшін айыпталған Ресей ұшқышы Константин Ярошенко мен полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін тоғыз жылға сотталған Тревор Ридті алмастырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинаны қолдағаны үшін туысы теріс айналған ресейліктердің әңгімесі